Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» Жаңалық мұрағаты

Мерекелік шеру

Ата Заң аясында

Конституция-бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі! Тамыздың 30-ы күні Конституцияның 15 жылдығына орай өткізілген мерекелік шеру осылай деп аталды.  

Әдеттегідей Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойы қолдарына транспоранттар мен жалаушалар ұстаған кәсіпорын еңбеккерлері мен мекеме қызметкерлеріне, жастарға лық толды. Әуеге қалықтап ұшқан шарлар мен ақ қанатты көгершіндер мерекеге ерекше көрік берді.  

Шеру барысында жергілікті мекемелер мен кәсіпорындардың, ұйымдардың жеткен жетістіктері мен толағай табыстары аталып отырды.

Орталық алаңда шеруді «Достық» үйінің этнобірлестіктері бастады. Ұлттық орталықтар жыл сайын Конституция күні қарсаңында қала әкімінің грантын иеленіп жүр.

Бұл күні жетістігімен көзге түскен 10 үздік мектеп ұжымы да сап түзеді. Білікті ұстаздардың арқасында екібастұздық оқушылар облыстық, республикалық және халықаралық білім сайыстарында биік белестерді бағындыруда.

Мерекелік алаңнан жастар бірлестіктері, «Жас Отан» жастар қанаты, халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары, жоғары және орта арнаулы білім мекемелерінің оқытушылары мен студенттері, кәсіптік мектеп оқушылары, медицина және т. б. жүріп өтті. 

Қала кәсіпорындары еңбеккерлерінің колонналарын биылғы жылы өз тұтынушыларына 25 млн. т. көмір жөнелткен «Богатырь Көмірдің» еңбеккерлері бастап жүрді.

Салтанатты шерудің соңы мерекелік концертке ұласты. Одан кейін «Қазақстан» кинотеатрының алаңында балалар арасында көңілді старттар, эстафеталар мен конкурстар, пауэрлифтингтен сайыстар ұйымдастырылды.

Р. МҰСАБАЙ  

Қаралды: 688 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 02.09.2010 | Пікірлер (0)

«Шығыс» кенішіне – 25 жыл

Жасай бер, «Шығыс» кеніші!

ENRC - Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясына қарасты «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның құрамына енген «Шығыс» кеніші – көмір өндіру саласындағы бірегей кәсіпорын. Кеншілердің кәсіби мерекесі Шахтер күні қарсаңында өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Ұлан-асыр думанның басты салтанаты 28 тамыз күні «Өнер» қалалық мәдениет орталығында тойланды. «Шығыстық» кеншілердің ақ жарқын көңілі мен қонақтардың ізгі лебіздері мерекеге сай безендірілген үлкен залды қуанышты күйге бөледі.

Тойдың беташары шахтерлер биі болды. Даңқты мамандық иелері сомдалған композиция кеншілердің жеті қат жердің астындағы пайдалы қазбаны қазып, адам баласына отын, жылу беруде ерлікке пара-пар еңбегін көз алдыңа әкелді. Осыдан соң сахна төріне кеніштің мақтанышына айналған «Восток» тобы шығып, «Шығыстың» өзіндік әнұранын шырқады.

Ширек ғасырлық тарихында 400 миллионнан аса тонна көмір өндірген бірегей кеніш біршама жылдан бері «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның құрамында. Кеніш үшін айтулы датаны кең көлемде аталып өтілуіне аса мән берген аталмыш акционерлік қоғам президенті Абдуазим Рустамбаевтың  құттықтауын зал толы кеншілер ықыласпен қабылдады.

-Көмір өнеркәсібінде еңбек ететін әрбір адам зор құрметке лайық. Сіздерге жемісті еңбектеріңіз үшін шын жүрегімнен алғысымды білдіремін, ардагер кеншілерге тағзым етемін. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне баға жетпес үлес қосып, ел байлығын арттырудасыздар. Сол үшін де Сіздерге мың алғыс!-деді ол өз сөзінде.

«Шығыс» кенішінің мерейлі мерекесіне арнайы келіп, шығыстықтарға жүрекжарды лебізін білдірген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев кеніш жұмыслерінің табандылығын, дүниежүзілік дағдарыс дүрбелеңіне қарамастан, қайсарлығын атап өтті.

-Өткен жылғы әлемдік дағдарысқа тойтарыс берген ел шахтерлері арасында «Шығыс» кенішінің жұмыскерлері де ерен еңбегімен танылды. Сол жылы елде 94 миллион тонна көмір өндірілсе, соның қомақты бөлігі шығыстықтардың еншісі,-деген облыс басшысы Елбасының өткен жылғы іссапарын жиналғандар есіне түсіріп, оның Екібастұздағы «КЕGOC» стансасында болғанында «Шығыс» кенішінің шахтерлерімен суретке түскенін, ол тарихи суреттің бүгінде облыс орталығындағы Кутузов-Лермонтов көшелерінің қиылысындағы алып билбордқа ілінгенін айтты. Елдің инновациялық дамуы бағытында қолға алынған жобалардың ішінде аса салмақтысын өз мойнына алған корпорацияға алғыс білдіре отырып, айтулы жобалардың бірі – циклдық-ағындық жыныс аршу кешенінің «Шығыс» кенішінде жүзеге асырылғанын да мақтанышпен атады. Сонымен бірге мәртебелі мейман көп жыл адал еңбек етіп, аймақтың көмір өнеркәсібін дамытуға сүбелі үлес қосқан «Шығыс» кенішінің пойыз құрастырушысы Сағындық Балкембаевты, электромеханик Әбдіманап Смақовты, геологтар бөлімінің бас геологы Бектас Смақовты, өндіріс жөніндегі цех бастығының орынбасары Петр Филинді Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Құттықтаулар тізгіні әлемге танылған Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының Қазақстандағы «ENRC Kazahstan» ЖШС-нің президенті Феликс Вулиске берілгенде, ол «Шығыс» кенішін корпорацияның жүрегі, інжу-маржаны, оның өндіретін қара алтыны компанияны табыстарға кенелтер қазына деп бейнелі сөзбен әспеттеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында, сондай-ақ аймақ басшысының қолдауының арқасында тасы өрге домалаған Компанияның акционерлерінің атынан мерейтой иелеріне игі тілектерін жеткізіп, үздік кеншілерді ENRC –дің «Еңбек айбыны» белгісімен марапаттады. Олардың қатарында жабдықтарды жөндеу цехының электрдәнекерлеушісі Г.И.Басюк, учаске бастығы Г.А.Ганеев, т.б. бар.

Салтанат марапаттауларға толы болды. Кеніштің станса бастығы А.П.Олшин, аға зертханашы Л.П.Кудина, кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары И.С.Щербакова, «ЕЭК» АҚ-ның «Еңбек ардагері» белгісімен марапатталып, көркем көк ленталарды тағынды.

Мерейтой  «ЕЭК» АҚ-ның президенті Абдуазим Рустамбаевтың туған күнімен дөп келген. Туған күн иесіне де күтпеген сый-тартулар жасалды. Ең үлкені оған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасы Көмір өнеркәсібінің Құрметті қызметкері» атағының берілуі болды. Оны той иесіне Көмір өндірушілердің аймақтық кәсіподақ комитетінің төрағасы Н.И.Попов табыстады. 

Шаттыққа бөленген шахтерлерді әнші Қуат Құдайқұлов, «Орфей» вокалдық студиясы, Ибрагим Туртулов, оның қызы Диана құттықтап, әсем әндер арнады. Кеш соңында елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» би-композициясы қойылып, «Қазақстаным – елім» әні шырқалды. Бұдан соң кеншілерге тағы бір тосын сый күткен-ді: корпорация кеніштің мерейтойына орай Еуропаның бірқатар елдеріне танымал болған қазақстандық әйгілі «Ұлытау» тобын шақырыпты. Шахтерлер бұл күнді көпке дейін есінде сақтайтыны анық!

Ел экономикасын дамытудағы үлесі мол «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты «Шығыс» кенішінің аламан тойы осылай өтті. Қойнауы кенге толған кеніштің әлі де ел экономикасын дамытуға салмақты үлес қосып, ел ырысын молайта береді деген сенімдеміз. Ендеше жасай бер, «Шығыс» кеніші делік!

Айнұр МЕЙРАМОВА

 

 


Қаралды: 733 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 02.09.2010 | Пікірлер (0)

Аналарға – күміс алқа,

Жастарға – жеке куәлік

24 тамыз күні қала әкімдігінде алтын құрсақты 15 анаға мемлекеттік наградалар табысталды.

Ата Заңның 15 жылдық мерейтойы қарсаңына дөп келген бұл шарада ардақты аналарды қала әкімі Нұрлан Нәбиев, қалалық мәслихат хатшысы Ғалия Балтабекова құттықтап, ұзақ та баянды ғұмыр тіледі. Аналардың құрметіне қала өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Жасы он алтыға келген Дарья Лач, Мәди Әбелдинов, Людмила Потяга Самал Опбаева, Дана Нұрымова, Анна Дьяконова, Гүлжан Ишимова, Артем Орешников, Азамат Сәрсенбек, Зауырбек Сұлтановтар да бұл күнді есінде мәңгі сақтайтын болады. Салтанат үстінде оларға Қазақстан Республикасының азаматы куәлігі табыс етілді.

А.АХМЕТ

Қаралды: 379 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 26.08.2010 | Пікірлер (1)

 Мерейтой

Құрмет қанаттандырады

Адам өмірінде ерекше есте қалатын күндер болады. 2008 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиналыста Екібастұз қаласының әкімі Нұрлан Абзалұлы Нәбиев мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды. Жас мемлекетіміздің мұндай марапатын алу әрбір азамат үшін үлкен абырой, өйткені бұл елге сіңірген еңбегіңе сол елдің көрсеткен құрметі. Ал осындай құрметтің дәмін тату бақыты әркімге бұйыра бермейді.

Павлодар индустриалдық институтын тәмамдаған ерлі-зайыпты жас мамандар Нұрлан мен Қарашаш жолдамамен Қалқамандағы жол машиналары зауытына жұмысқа орналасқанда, осынау бейтаныс кенттің кейінен өздеріне соншалықты қимас мекенге айналарын әрине білген жоқ. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, адамның өмірдегі орнын табуы өте маңызды. Бұл орайда жас инженерлер тәлімгер ұжымға тап болып, төңірегіндегі адамдардың қамқорлығын сезінгенде жолдары болғанын қапысыз ұқты. Еңбек жолын мастерліктен бастаған талапты да еңбекқор жігіт Нұрлан Абзалұлы қарапайым жұмыскерлермен етене араласып, өндірістің қыр-сырын меңгеріп, қайнаған жұмыстың ішінде жүріп, қызмет сатысымен біртіндеп көтеріле берді. Осылайша, төменнен төрге озған ол бас инженер, ұзамай зауыт директоры болып тағайындалды.

Қалқаман кентінің өміршеңдігін қамтамасыз ететін 1200-ден астам жұмыскері бар маңызы зор зауытты басқару ауқымды ойлауды, қажыр мен қайратты, адамдармен ортақ мәмілеге келе білуді қажет ететін. Абырой болғанда бұл кісілік қасиеттер Нұрлан Абзалұлының бойында бала күнінен-ақ қалыптаса бастаған еді. Әкесі Абзал Нәбиұлы Ертістің Павлодар өңіріне танымал азамат болды. Өмірін құқыққорғау саласына арнаған азамат Май, Ақтоғай аудандарында аудандық милиция бастығы болып қызмет істеп, қадір-қасиетімен жұрттың есінде қалды. Әкесі жалғыз ұлының ерке болмай, жинақы, кішіпейіл, еңбекқор болып ер жетуін қадағаласа, анасы Нәфиза баласын мейірімді, бауырмал болуға баулыды. Өзіне жүктелген зор жауапкершілікті терең сезінген басшы Нұрлан Абзалұлы өндірісті өркендетуді ғана ойламай, зауыт еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуды, кентті көркейтуді де ойластырды. Табаны күректей 17 жыл Қалқамандағы жол машиналары зауытында еңбек еткен жылдары Нұрлан Абзалұлының жұрттың игілігі жолында атқарған істерін көпшілік лайықты бағалады әрі әлі ұмытқан емес.

- Мен Нұрлан Абзалұлын сонау 1978 жылдан бері білемін. Ол өндірістегі жұмыскерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін жағдай туғызды. Тіпті, жекелеген адамдар алдына мұң-мұқтажын айтып келсе де, елеусіз қалдырмайтын. Әлі есімде көп балалы отбасының қожайыны Төлеген Әліпбеков деген жігітке оңаша үй алуына жәрдемдескені. Ал мұндай жайттар бірлі-екілі ғана емес еді. Зауытты басқарып тұрған жылдары кәсіпорын қаражатына Мәдениет үйін, балабақша салдырды. Бұл әлеуметтік нысандар жекешелендіру кезінде аман қалып, халыққа әлі қызмет етуде. Кентке күні бүгінге дейін көрік беріп тұрған кіреберістегі 10 кірпіш үй де сол кезден қалған белгі. «Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, Нұрлан Абзалұлы қалқамандықтарға ыстық жан,-дейді жолдасы жайында айтқан бір үзік сырында Қалқаман элеваторының директоры Құнаш Тұрбекұлы Сәмекеев.

«Ақылмен іс қылған бек елге сүйкімді» деген, міне, осы. Ақсу қаласында әкім болып қызмет істеген жылдар да Нұрлан Абзалұлы үшін жемісті болды. Бұл жас егеменді еліміздің еңсесі енді тіктеліп келе жатқан кез еді. Алмағайып заман артта қалса да, қазынада қаржы әлі мол емес, барды ұқсатып, жоқты болдырып, қимыл-әрекет көрсету азаматтың азаматының ғана қолынан келмек-ті. Осындай кезеңде де қала басшысының қабілеті жарқырап көрініп, әріден қабылдаған кесек шешімдері ақсулықтардың көңілінен шықты. Әңгімеміз тиянақсыз болмауы үшін қазіргі уақытта Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы болып қызмет істейтін Мәдениет Мерғалиевтің сөзіне жүгінейік.

- Нұрлан Абзалұлы- қызметіне адал, принципшіл. Кадрларды іріктей білді, қолынан іс келетін азаматтарды бауырына тартып, ортақ іске жұмылдырды. Инвесторлармен тіл табысып, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне жол ашты. Үш қабатты бос қалған ғимаратты  қайта жөндеуге қаражат көзін тауып, ауруханаға айналдырды. Орыс мектебі мен қазақ гимназиясы бір ғимаратта қысылып отырған болатын. Ферроқорытпа зауытының техникалық ғимаратын мектепке лайықтап істетуге ұйытқы болып, білім мекемесін сонда көшірді. Аталмыш гимназиядан білім алған қазақтың ұл-қыздары бүгінде қазақтың көсегесін көгерту үшін еңбектеніп жүр. Өткенді құрметтемесең, ертеңгі күні өзің де құрметсіз қаласың. Қоғам өзгерген тұста керексіз болып қалған бұрынғы көсемдер мүсіндерін жиыстырып, саябаққа көшіріп, ашық аспан астындағы мұражай қылды. Бұл- тарихты қастерлеу, өткенге тас атпау. Санамалай берсек, азаматтың әкім болған жылдары атқарған жұмысы көп,-дейді Мәдениет Қабдылкенұлы соның біразын еске түсіріп.

Нұрлан Абзалұлын тағдыр екібастұздықтармен 2007 жылы мамыр айында табыстырды. Бұл уақытта қала өзінің 50 жылдығын тойлауға әзірлік үстінде еді. Қазақтың жолымен қала ақсақалдарымен жүздесу өткізіп, пікірлерін тыңдап, батасын алған жаңа басшы шұғыл іске кірісті. Азаматтың дәл осы тұста көңілі қаяулы болатын, ақылшысы арыстай әкесі өмірден өткелі қырық күн де болмаған. Ұлан-асыр меркеге бір күн қалғанда жүрегі тағы жаралы болды, ардақты анасы көз жұмды. Қайғы-қасірет ет жүрегін езіп, қабырғасын қайыстырса да, ер азамат бәрін көтерді, былайғы жұртқа сездірмей, өзіне сеніп тапсырылған қала мерекесін абыроймен өткізді. Содан бері де ол мазасыз күндер мен түндердің қаншамасын басынан өткерді. Қызмет бабы солай, ел басқару жеңіл емес, салмағы білген адамға батпандай. Әйтеуір өмір бойы жинақтаған мол тәжірибе, білім мен білік, алыстан көріп, кеңінен пішу азаматты көлденең кезіккен кедергілерден алып шығады, жүктелген міндеттерді абыроймен орындауына қызмет етеді. «Шынайы еңбек, алғыр ой, анық досың біліп қой» деген емес пе, осы екі қасиет өне бойында қатар, қабысып өрілген азаматтың үш жыл ішінде жүзеге асырған қарымды істері бүгінде екібастұздықтардың көз алдында. Екібастұз ертеден таза қала десек, сол тазалағы тіптен жарқырай түсті. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаланы күту жұмысы қол күшімен атқарылып келсе, коммуналдық кәсіпорын қуатты техникамен жарақтандырылғалы адамға түсер салмақ азайған.

Заман желі қай жағынан соқса да, қай басшы келсе де ісі алға баспай, шаруашылығын тоздырған кәсіпорынның бірі – «Екібастұзсу» болатын. Аталмыш кәсіпорын жұмысы жаңаша ұйымдастырылып, керекті қаржымен қамтамасыз етілгелі қаланы ауыз сумен үздіксіз жабдықтау ісі де оңға басты. Жалпы, қала басшысы елді мекенді көркейту ісін үнемі жадында ұстайды. Бір аңдағанымыз, ол ізденгіштік, шығармашылықпен қарап, тыңнан ой түлетуді қалайды. № 8 шағын аудандағы Әуезов пен Абай көшелері қиылысындағы алаңқай бірер жыл бұрын шаңы көтерілген тақыр еді, қазір үлкен-кішінің сейіл құратын, гүл жайнаған мүйісіне айналды. Әуелде көзге таңсық көрінген қос керік те қазір көзге ыстық, бала біткеннің көзайымы. Субұрқағы тынысыңды ашатын осындай жасыл мүйіс қаланың әр ауданында болса қандай тамаша деп ойлайсың. Мұндай ұшқыр қиялдың жемісін енді «Уақ» сауда үйінің алдына, басқа да тұстарға орнатылған әдемі мүсіншелерден де көргенде, жас өскінді сұлулықты бағалауға, қиялын ұштауға  баулитын дүние ғой бұл деп тәнті боласың. Бала демекші, кішкентай екібастұздықтардың дәуренін бал ету, танымын байыту үшін жасалған игілік «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту орталығы жұмысынан да көрініс табуда. Жыл санап қалада балабақшалардың, оның ішінде қазақ балабақшаларының көбеюі де ата-аналардың алғысына қалған шаруа. Бұл қала әкімінің бір есепті кездесуінде айтқан «Баратын бала табылса, қазақ балабақшалары болады» деген сөзінің ақиқатқа айналғаны.

Нұрлан Абзалұлының азаматтық болмысы, табандылығы қаланың орталық көшесіне Мәшһүр Жүсіп атын беруден де көрінді. Әрине, тізе берсең, айтылатын сөз табылады. Ең бастысы, Нұрлан Абзалұлының қызметіне жан-тәнімен берілгендігі. Әр істі жүрек сүзгісінен өткізу, ойға алғаны болыңқырамай жатса, күйіну, ойдағыдай болса, сүйсіну – мұның бәрі адамға жүк. Мұндайда өзіңді сергек сезіну үшін спортпен шұғылдану да артық емес. Теңбіл доп десе ішкен асын жерге қоятын еркектер қауымы сияқты қала басшысы да бір ауық футбол ойнағанды ұнатады. Бәлкім, бала күні аулада тепкен резеңке доптан қалған әуестік болар. Қалай болғанда да алпыс жасқа толған елағасы өзін сергек сезінеді, Алла нәсіп етсе құрған жоспары да ауқымды.

Адамның бір бақыты асыл жар, сүйкімді бала деген емес пе көшелілер. Нұрлан Абзалұлының бұл орайда арқасын кеңге салар жайы бар. Жары Қарашаш Мағзиқызы отбасының шырайын енгізіп отырса, ұлы мен қызы өмірден орындарын тапқан, немерелері Нұржан мен Аружанның қылықтары шаршаса ұмыттыратын емі.

Азамат жайындағы әңгімені құрметтен бастадық қой, сонымен аяқтайық. Мемлекет көрсеткен құрметтің, әрине, жөні бөлек. Ал кәдімгі қарапайым адамдардың өзіңді бағалауы, құрметтеуі тіптен ыстық. Қалқаманды мекен еткен 70-тен аса неміс отбасы тарихи отанына көшіп кеткен екен. Солардың бірі, кезінде мектеп директоры болып қызмет істеген Луиза Николаевна Гортэ биыл жазда Қалқаманға қыдырып келіпті. Сол әйел Германиядағы қазақ немістерінің өтінішімен қала әкімі Нұрлан Абзалұлына жолығып, ондағы таныстарының ыстық ықыласы мен сағынышын жеткізіп, естелік суретке түсіп, көзіне жас алыпты. Міне, адамды осынша құрметтеу, бағалау жасампаз істерді тындыруға қанаттандыра түседі. Дәл осындай ілтипат пен сыйды қала басшысына екібастұздықтар да білдірері хақ. Қазақ «қадіріңді білсін, қадіріңе жетсін» деп тілеп жатады емес пе, сол тілек алдыңыздан шықсын.

Ж. СӘДУАҚАС


Қаралды: 406 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 26.08.2010 | Пікірлер (0)

Ереймен жерінде

Үмбетей жырау мүсіні қойылды

Ереймен тарихы бай, мәдени мұрасы мол өлке. Мұндағы ел азаматтары көнеден үзілмей келе жатқан сол мұраны бүгінгі ұрпаққа дәріптеуге, тарихтан тағлым алуға үндейтін іс-шараларға үнемі ұйытқы болуда. Өткен жазда Ереймен кентінің қақ төрінде қазақтың батыры Қанжығалы қарт Бөгенбайға ескерткіш орнатылса, өткен жексенбі, яғни, 22 тамыз күні осындағы Мәдениет үйінің алдында осы өңірдің тумасы, әйгілі жырау Үмбетей Тілеуұлына (1706-1778 жылдар) мүсін қойылды. Айтпақшы, осы өнер ордасына да жыраудың аты берілген екен. Тұғырына қонған мүсіннің авторлары екібастұздық мүсіншілер Баян Қайнышева  мен Ақертіс Солтанбаев.

Салтанатты шарада қазақы дәстүрмен шашу шашылып, ереймендік жыршы Зухрат Хамзин арнау өлеңін толғады. Ереймен ауданының әкімі Н.Ә. Ережепов, осы өңірдің сыйлы ақсақалы Қасым Тәукенов, сенатор С.Ж. Жармағанбетова, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Ө.Қ. Мұсабаев сөз сөйлеп, Үмбетей жыраудың заманы, атамекенді қалмақтардан азат ету жорықтарындағы қандыкөйлек серіктері, жалынды жырлары жайында ой толғап, елдік парыздың өтелгеніне разылық айтып, жұртты құттықтады. Ереймендегі бұл тойға жыраудың жер-жердегі ұрпақтары да жиылған екен. Солардың бірі Павлодар облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы М.М. Абдрахманов та құтты болсын айтып, павлодарлық азаматтар Ә.Түгелбаев, А.Адамов, С.Бояубаев және т.б. атынан сый-сияпатын жасады.

Жалпы, Ереймен жерінде елдігімізді биіктетер, еңсемізді көтерер осындай игі істер дабырасыз-ақ атқарылып жатқанын да осы жолы естіп қайттық. Мәселен, аудандық сот ғимараты алдына Бапан мен Саққұлақ билердің мүсіндері орнатылса, мектепке Бөгенбай батырдың аты беріліпті. Жалпы, жұртты жиып ас беру, ескерткіш қойып, мүшайра өткізу мол қаражатты қажет етеді. Ереймен жұртының тағы бір ерекшелігі мұндайда бас біріктіруге, мәрттік көрсетуге әзір тұрады. Бұл жолы да солай болыпты. Бейсенбек Қаратаев бастаған кәсіпкер азаматтар тойдың шығынын толық көтеріп, қазынадан бір тиын да шығартпапты.

Салтанатты шараға жиналған қауым Үмбетей бабамыздың мүсініне сүйініштерін білдіріп, көзайым болған соң Мәдениет үйіне бет алды. Мұнда аймақтық ақындар мүшайрасы өтті. Мүшайраға Астана, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Ерейменнің өзінен жыр әлемінде танылған белгілі ақындар қатысты. Кіл мықтылар арасында өз өлеңдерін бәйгеге қосқан екібастұздық ақын қыз Жанаргүл Қадырова да бар еді. Мүшайра шарты бойынша әр ақын Үмбетей жырауға және Ереймен еліне арналған екі өлең жазып тапсыруға тиіс болатын. Ақтық сынға шыққан 12 ақын сол өлеңдерін сахнаға шығып оқыды. Ақындардың өлеңдерін белгілі ғалым Серік Негимов төрағалық жасаған қазылар саралады. Қазіргі қазақ поэзиясы үздіксіз даму үстінде. Мұны мүшайрада оқылған өлеңдерден де анық аңғардық. Көркемдік қуаты кемел, әлеуметтік жүгі батпандай айшықты өлеңдерді тыңдаушы қауым жылы қабылдап, ақындарға қошеметін білдіріп отырды. Ереймен жерін дүр сілкіндіріп, жұрттың жансарайын жадыратқан мүшайра қорытындысында бас жүлдені ереймендік әйгілі ақын Сайлау Байбосын жеңіп алды. Біздің үмітіміз Жанаргүлдің де жұлдызы жоғары болып, Бапан би Тұранұлы атындағы І дәрежелі жүлдені иеленіп, ақшалай және заттай сыйлық алды. Екібастұз өңірінің, қала берді «Отарқа» газетінің мәртебесін осылайша бір аспандатқан Жанаргүлге құтты болсын айта отыра, әдемі де сыршыл өлеңдерің толассыз өріліп, оқырманды қуанта берсін демекпіз.

Жыр мүшайрасында көкшетаулық Төлеген Қажыбаев, астаналықтар Серік Сағынтай мен Рысбек Дәлей, ереймендік Сайлау Жылқыбаев және тағы басқалары да жүлделі орындардан көрініп, сый-сияпатқа бөленді.

Мүшайрадан кейін кент ипподромында ат жарыс болып, тойға келген қонақтар той дастарханынан дәм татты. Әйтеуір Ереймен жерінде өткізілетін қай тойда болмасын қазақы мінез аңқылдап, ниет тазалығы сезіліп тұрады. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген емес пе аталарымыз. Ата мұрамызды түгендеп, қазақтың игі жақсыларын ұрпағымен табыстырып жүрген ереймендіктерге Алланың нұры жаусын дейміз осынау ұлық айда.

Ж. Жәлелұлы


Қаралды: 1285 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 26.08.2010 | Пікірлер (1)

« 1 2 3 4 5 »
«  Шілде 2017  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017