Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» Жаңалық мұрағаты

Мейірімді, рақымды Алланың атымен!

  Қасиетті Рамазан айы құтты болсын, ағайын!

Құрметті мұсылман қауым, келе жатқан Рамазан айларыңыз мүбарак болсын!!! Осы жылы Қасиетті Рамазан айының 1 жұлдызы тамыз айының 11-ші күніне сәйкес келеді. Қадыр түні қыркүйек айының 5-нен 6-не қараған  түні, айт намазы қыркүйек айының 9-шы жұлдызында.

 Ораза (саум) деп Рамазан айында таң қараңғылығында сәресі ішкен соң күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан, темекі шегуден тыйылуды айтамыз.

Аллаһ Тағала Құран-Кәрімде былай дейді: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз болып қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер,(кәрі не аурулар, егерде ораза ұстаса өзіне, зиян келтірем деп қорықса) бір міскіннің тамағын төлесің. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларын тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Аллаһ Тағала сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар.» (Бақара сүресі, 183 -185 аят).

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) біздерге мынадай өсиет сөздерді қалдырды: «Ислам бес нәрседен тұрады : Аллаһтан басқа Құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, бес уақыт намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару» Бухари.

Ораза ұстау үшін мұсылман болу, ақыл - есі дұрыс болу, балиғат жасына толу, дені сау болу, хайыз- нифастан таза болу, оразаға ниет ету шарт. Сонымен қатар ораза ұстаған адам денесі ғана емес, жанын да, сана-сезімін жүрегін де жағымсыз іс- әрекеттен, барлығынан сақтай білу керек. Өтірік - өсек айтпау, жала-жаппау, ғайбат - жаман сөздерден алыс болу, ұрлық істеуден, арақ-шарап ішуден, оны сатудан, басқаларға зияны тиетін істерден аулақ болуы қажет. Мұндай нашар қылықтарға жол бермеу басқа кезде де керек, бірақ Рамазан айында айрықша қатаң тыйым салынады. Адам ораза ұстау арқылы өзін жақсы қасиеттерге тәрбиелейді.Пайғамбарымыздың Рамазан айы туралы айтқан хадистері өте көп, өйткені оразаның пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Дегенмен кейбір пайдаларын айтып өтейік.

Оразаның парыз етілуінің шарттары: Ер-әйел мұсылманның ересек болуы, ақыл-есінің дұрыстығы, күш-қуаты мен мүмкіндігінің көтеруі.

Оразаны бұзатын жәйттер: Күндізгі уақытта біле тұра ішіп-жеу. Ораза ұстаған уақытта жыныс қатынасына бару, әдейі несептен мәни шығару, әдейі құсу, асқазан, ішекті жуу мақсатымен клизма жасату не ине арқылы қорек болатын дәріні бойға сіңіру, әйелдің етеккірі немесе босануы кезінде қан кетуі, қан құйдыру.

Оразаны бұзбайтын жәйттер: Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу (ұмытып кетіп жеп немесе ішіп қойған адам ораза екені есіне түссе, аузын шайып, оразасын жалғастырады.), құлағына су кетіп қалу, көзіне дәрі тамызу, түнде жуыну, ғұсул алуға қажет болғанымен таңертеңгісін жуыну, еріксіз құсса, ұйықтап жатқанда жыныстық жолдарынан сұйықтық бөлінсе, аузындағы түкірікті жұту(әдейі жинап жұтуға болмайды).

Рухани пайдасы: Ораза төзімділік сыйлайды, ерік-күшіңізді арттырады, денені ұстамдыққа тәрбиелейді, Аллаға құлшылық етуге бейімдейді.

Әлеуметтік пайдасы: Ораза мұсылмандарды бірлікке, тәртіпке және теңдікке шақырады. Мұсылманның жүрегінде мейірімділік оянып, халқына, қоғамына жақсылық істеуіне ықпал етеді, қоғамды жағымсыз іс- әрекеттен, жауыздықтан қорғайды.

Денсаулыққа пайдасы: Ораза ішектерді тазалайды, асқазан жұмысын жақсартады, денеде жиналып қалған тамақ қалдықтарын шығарып, семіріп кетуден сақтайды және жүрек, бауыр сияқты ағзаларда болатын неше түрлі ауруларды емдейтін қасиетті бір дәрі. Ендеше ораза айының әр күнін өз пайдамызға жаратуға асығайық және Алланың мұндай мүмкіндік бергеніне сансыз шүкіршілік қылайық! Екібастұз қаласы бойынша ораза кесесін сілтемені басып көшіріп алыңыз! Ораза кестесі

Екібастұз қалалық мешіті

Қаралды: 791 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

                                                           «Шығыс» кенішіне – 25 жыл

                                                                Мерейтойлық рекорд

«Шығыс» кенішінде кәсіпорынның 25 жылдық мерейтойы және Шахтерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында жаңа өндірістік рекорд жасалды. Шілде айында кеніштің кен қыртысын аршу және теміржол цехтары 2 миллион 251 текше метр кен жынысын тиеп, сыртқы үйінділерге үйді, сонымен қатар, 70 мың текше метрден астам селекцияны тасымалдап, 2006 жылғы көрсеткішті басып озды. Ал 2006 жылы сыртқа 2 миллион 246 текше метр тау жынысы шығарылған болатын.  

Өндірістегі мұндай жетістіктерге кеніштегі техниканы, байланыс желілерін, экскаваторлардың жолдарын дайындау, ажыратқыш тұйық жолдарды белгілеу және локомотивтерді жөндеу сияқты үздіксіз жұмыстардың ықпалы да аз болмады. Бұл туралы кеніш директоры Валерий Витальевич  Привалов былай әңгімелейді:

- Кен жынысын теміржолмен тасымалдауда мұндай көрсеткішке кеніш ашылғалы қол жеткізіліп тұрғаны осы. Әдетте айлық жоспар 2 миллион текше метрді құрайтын. Бұл жетістік, біріншіден, бізді қолдап, асыра орындау жоспарын бекіткен және асыра орындауды сыйақымен қамтамасыз еткен «ЕЭК» басшылығының арқасында. Екіншіден, кеншілердің өздері де бірліктерін нығайтып, локомотивтік бригадаларға сыйақы төлеуді қарастырған еңбекақы жүйесінің дұрыстығын дәлелдеді.  

Вагон паркінің жаңаруы да оң әсерін тигізбей қалған жоқ. Биылғы жылы 8 думпкар күрделі жөндеуден өтсе, жыл соңына дейін «Шығыс» кеніші тағы да 30 жаңа вагонға қол жеткізеді.

-Маусым айында теміржол көлігі жылдамдығына көктемде белгіленген 10 км/сағаттық шектеу алынып тасталып, 20-25 км/сағатқа дейін жеткізілді. Составтар саны өзгермейтін жағдайда мұның өзі өнім көлемін ұлғайтуға кәдімгідей септігін тигізді. Сондай-ақ барлық теміржол және кен машиналары жұмысқа жарамды болуы бір айға жоспарланған істі ойдағыдай атқарып шығуға мүмкіндік берді,- дейді кен қыртысын аршу цехының бастығы Илтай Сұлтанов.

Нәтижеге кеншілер де дән риза. Сүйрету агрегатының машинисі Николай Королев былай дейді:

-Кеніште технологияға мән беру басым. Ұдайы құрал-жабдықтарды жөндеу және жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осыған орай, өндіріс көлеміне қойылатын талаптар да ұлғайды. Бұл ай біздің өзімізге артылар жүкті көтеруге сақадай сай екендігімізді айғақтап берді. Алдымыздағы мереке айында да біз жоспарлы көлемге міндетті түрде қол жеткіземіз деп ойлаймын.

«ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің директоры Валерий Привалов кеншілердің өндірістік табыстарын жоғары бағалай отырып, кеніш ұжымы мұндай көлемге өз-өзіне деген зор сенімнің арқасында жеткенін және мұндай жетістіктер қиылдың емес, таза еңбектің жемісі екендігін атап өтті.

                                                                                            Денис Алгазин, «Шығыс» кенішінің баспасөз хатшысы

 

 

 

 

 

 

Қаралды: 402 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

Коммуналдық қызмет

Жылу берушілерге наразылық айтылды

Жалпыға ортақ мәселелердің бірі – коммуналдық қызметтер. Осы қызмет түрлерінің сапалы әрі қалтаға шақ болуы тұрғындар үшін аса маңызды. Сол себепті де, аталмыш мәселе жайында қозғалған әңгімеге көпшіліктің құлағы түрік жүреді. Билік те коммуналдық кәсіпорындар қызметін назардан тыс қалдырған емес. Таяуда қала әкімдігінде Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры Қ.М. Төлендиновтың қатысуымен мәжіліс өткізіліп, онда электр қуатын үнемдеу, сараланған тарифтер енгізу, есептегіш құралдар қою мәселелері тағы бір мәрте талқыланды.

Алғашқы кезекте сөз алған Қ.М. Төлендинов мырза өзі басқарып отырған департаменттің тарифтерді реттеу бойынша атқарған жұмыстарына тоқталды. Бүгінгі таңда департаментте Екібастұз қаласына қатысты 5 өтінім қаралып жатыр екен. Мәселен, «Энергобасқарма» ЖШС-і  мен «Қалалық электр торабы» ЖШС-і 2011-2012 жылдардың орташа мерзімдік кезеңіне электр энергиясын беру және бөлу қызметтеріне арналған тарифтің шекті деңгейін белгілеуге өтінім түсірген. Сонымен бірге шілде айында «Энергоорталық» АҚ мен «Екібастұзқуат» ЖШС-нен үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап электр қуатына бағаның көтерілетіні жайында хабарлама жіберілген. Екі кәсіпорын мұны «KEGOC» АҚ-ның тарифті өсіруімен негіздеген. Алайда департамент жасалған сараптама нәтижесіне сүйеніп, аталмыш кәсіпорындарға тарифті көтеруге тыйым салған.

Қайырғали Мансұрұлы хабарламасында сонымен бірге сараланған тарифтерді енгізудің электр қуатын тұтынуда үнемшілдікке үйрететініне назар аударды. Мәселен, бүгінгі күні біздің қаламызда  тұрмыстық пайдалануда 1 адам айына 110 квт-ге дейін электр қуатын тұтынатын болса, онда 8,03 теңге мөлшеріндегі тариф қолданылады. Бір ескеретін жай электр плитасын пайдаланатын тұтынушылар жоғарыда аталған мөлшерден электр жарығын асыра тұтынса, онда төлемақыны 9,65 теңге тарифімен төлейді. Енді алдағы жылдары суды пайдалануға да сараланған тарифтер енгізу жоспарланып отыр.

Мәжілісте Павлодардағы «Энергоцентр» АҚ-ның вице-президенті Г.С. Шоманова да хабарлама жасап, аталмыш кәсіпорынның тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Естеріңізге сала кетейік, бұл кәсіпорын екібастұздықтарды жылумен қамтамасыз етіп, көрсеткен қызметіне төлемақыны жинап алып отыр. Бұл орайда олардың екібастұздықтарға реніші жоқ. Есесіне екібастұздық тұтынушылардың жылу берушілерге өкпесі қара қазандай. Өткен қаһарлы қыстан жұрт үйлерінде отырып тоңып шықты. Себебі, Екібастұз жылу орталығы қыс бойы жылу қысымын қажетті мөлшерге жеткізе алмады. Ал тоңып-жаураған адамдардан билік баспалдақтарына арыз-шағым қарша борап, билік басындағылар жұртты сабырға шақырып ығыр болды. Міне, осы келеңсіздікті «Энергоцентр» өкілдеріне ашық айтқан қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Ш. Балтабекова алдағы жылу беру маусымында бұл жайдың қайталанбауы үшін шаралар қарастыруды өтінді. Сонымен бірге былтырғы жылу маусымындағы берілмеген жылу мөлшеріне «Энергоцентр» тұтынушылармен қайта есепайрысуға тиісті екені де айтылды. Өкінішке қарай, аталмыш кәсіпорынның айтылған сынға құлақ асар сыңай танытпай, кінәні өзгелерге аударуға тырысты. Ал департамент басшысы «біз тарифтің сақталуына ғана жауап береміз, ал жылудың мөлшерінде берілу-берілмеуін «Энергоқадағалау» кәсіпорны бақылауы тиіс» деген уәжді көлденең тартты. Қысқасы, бірсыпыраға созылған дау-дамай барысында ортақ пікірге келудің сәті түспеді. Келер жылы қыста жағдай түзелмесе, арыз-шағымдармен қаруланып, соттасудан басқа амал қалмағандай. Жергілікті биліктің де ұстанымы осындай болмақ.

Мәжілісте қаралған мәселе бойынша «Екібастұзсу», «Горводаканал» кәсіпорындары басшылары да тарифтер, есептегіш құралдарын қою жөнінде атқарылған іс-шаралардан хабардар етті. Қорыта айтқанда, коммуналдық қызмет көрсету саласында сараланған тарифтерді енгізу, жарық пен суды үнемдеу саясаты жүргізіле бермек. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын әлі де жақсарта түсу назарда болады. Бұл үшін кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларын орындап, өндірісті қайта жарақтау ісіне қаржы құюы тиіс. Бұл мәселе Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бақылауында болады.

Ж. СӘДУАҚАС

 

   

Қаралды: 450 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

Депутаттар іс үстінде

Өңір өзгерістерімен танысты

5 тамыз күні Екібастұзға жұмыс сапарымен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары А. Өтегенов, В. Бобров және Т. Сыздықов келді.

Депутаттар алдымен 22-шағынауданға ат басын бұрып, «Жол картасы – 2010» стендімен танысып, аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан істер жайлы мағлұмат алды.

Биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және автомобиль жолдарын жөндеуге қыруар қаржы бөлінгені белгілі. Атап айтқанда, осы мақсатқа қарастырылған 415,800 мың теңгенің 295 млн. 800 мың теңгесі республикалық, 120,0 млн. теңгесі қалалық бюджеттен бөлінген. Жалпы, «Жол картасы» нысандарында 465 адам еңбектенуде (су желілерін жөндеу жұмыстарында – 320, жол жөндеу жұмыстарында – 145 адам).

Жоғарыда аталған 295 млн. 800 мың теңге қаражат су-кәріз жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталып, қазір 4 нысанда қашықтығы 13,4 км-ді құрайтын су желілеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға да жақындаған жайы бар. Тендерді жеңіп алған екі мердігердің бірі «Бисет-ЭК» ЖШС-і Пішембаев көшесінің Мәшһүр Жүсіп көшесінен Беркімбаев көшесіне дейінгі бөлігінде диаметрі 630 мм-лік, қашықтығы 1750 метр су құбырын және 22-шағынаудандағы диаметрі 57-325 мм, қашықтығы 5224 метр кварталішілік су желілерін жөндеуде. Қонаев көшесінің Әуезовтен Матросовқа дейінгі бөлігіндегі су құбырларын (диаметрі 630 мм, қашықтығы 370 метр) жөндеуді де осы кәсіпорын мойнына алған. Ал 12-шағынаудандағы (СМП) 6080 метрге созылған суық су құбарларын жөндеу «Азия-Строй-Монтаж-2030» ЖШС-інің еншісінде. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімге сай тындырылуда.

Жалпы, су-кәріз жүйесін жөндеуге республика қазынасынан қомақты қаржының бөлінуі тозығы жеткендіктен қысы-жазы апаттан көз аштырмайтын ескі құбырлар проблемасын азайтпақ. Осы орайда екібастұздықтар өздерінің мұң-мұқтаждарын шешуге қызу атсалысып, сайлаушыларына айтарлықтай септігін тигізіп жүрген депутат Аманқос Титауұлына алғыстарын жеткізді.

Депутаттар назарын аударған келесі нысан Беркімбаев көшесінде салынып жатқан аймақаралық отын-энергетика саласына қажетті мамандарды кәсіптік даярлау орталығы ғимаратының құрылысы болды. 700 орынға лайықталған 5 қабатты ғимарат құрылысын алматылық «Нико» ЖШС-і жүргізуде. 2009 жылдың 20 қазанында басталған құрылысты 2011 жылғы 22 наурызда тәмамдау белгіленіп, құрылысқа 4,5 млрд. теңге бөлінген.

«Нико» ЖШС-нің директоры Әбдібек Темірбаев қонақтарды құрылыстың жай-жапсарымен таныстырды. Оның сөзінен ұққанымыз, құрылысқа бөлінген қаржы қолға мерзімінде әрі қажетті мөлшерде тимей, жұмыстың ойдағыдай өрбуіне кедергі келтіруде. Алдағы уақытта құрылысты әрі қарай қаржыландыру мәселесі қайта қаралмаса, құрылыс межеленген уақытта аяқталуы екіталай. Жалпы, қала тұрғындары осы нысан үшін қаланың аса батпақты, сазды тұсы таңдалғанына алаңдаулы. Мұндай алаңдаушылықты Аманқос Титауұлы да білдіріп қалды. Байқағанымыз, құрылыс жобаланғанда, бұл мәселе тіпті ескерілмеген де сияқты. «Болашақта батпақ, шалшық су басып қалу қаупі болатын болса, ол құрылыс кезінде де байқалар еді, алайда олай күдіктенетіндей еш себеп көрмедік. Ал жертөлелер монолиттен тұрғызылғандықтан, онда су жиналмауы тиіс»,- Әбдібек мырзаның бұл сөзіне сенгіміз келеді-ақ.

Депутаттардың жұмыс сапары қалалық перзентханада қорытындыланды. Бұл мекемеде халық қалаулылары денсаулық сақтау саласының соңғы жылдардағы соны жаңалықтарымен танысып, жансақтау бөлімінде мерзімі жетпей туылған нәрестелерді күтіп-бағуға арналған заманауи құрал-жабдықтарды тамашалады. Соңынан перзентхананың мәжіліс залында қаламыздың денсаулық сақтау мекемелері басшылары мен депутаттар арасында келер күнге пайда әкелер келелі мәселелер кеңінен талқыланды.

Ж. БАЙМЫРЗА

Қаралды: 391 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

Құрметті спортшылар!

Сіздерді спорт күнімен құттықтаймыз!

Спорт мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады. Елбасымыз да өзінің халыққа Жолдауында салауатты өмір салты және адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы денсаулық сақтау саласы мен күнделікті өмірдің негізгі бір бөлшегі болуына тиістігін атап көрсеткен. Өйткені салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спорттық тамаша дәстүрлерді сақтау жас ұрпақ саулығын нығайтып, оның ішкі-сыртқы тәрбиесін дамытуға ықпал етеді. Бүгінгі күні салауатты өмір қазақстандықтарға аса танымал салтқа айналып келе жатқаны тегін емес. Спортшыларымыз да күннен-күнге өз өнегелері арқылы денешынықтыру мен спорт денсаулық кепілі екендігін айғақтаумен келеді. 

Біздің қаламызда спортқа ден қойған адамдар саны жылдан жылға арта түсуде. Спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге жетуде. Толағай табыстарда жаттықтырушыларымыздың маңдай терлері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығын арта кеткен артық болмас.

Келешекте біздің спортшыларымыз жаңа белестерді бағындырып, бұқаралық спорт отандастарымыздың күнделікті өмір салтына айналарына сенімдіміз.

Спорт күні қарсаңында барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортқұмарлар мен жанкүйерлерді мемекемен құттықтай отыра, мықты денсаулықтың арқасында жаңа табыстарға қол жеткізе беріңіздер демекпіз.

Екібастұз қаласы әкімінің міндетін атқарушы     Н.Дычко

Қалалық мәслихат хатшысы                                   Ғ.Балтабекова

 

Қаралды: 1554 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

« 1 2 3 4 5 »
«  Қыркүйек 2017  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017