Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» Жаңалық мұрағаты

Кәсіби мереке

Құрылысшылар құрметке бөленді

Елді мекендердің көркеюі, үлкенді-кішілі кәсіпорындардың салынуы -құрылысшылар еңбегінің жемісі. Сондықтан да аталмыш кәсіп иелері құрметке лайық. 6 тамыз күні қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәсіби мерекесіне орай қала құрылысшыларына құрмет көрсетілді. Ең алдымен құрылысшылардың жасампаз еңбегі жайлы деректі фильм көрсетіліп, содан соң қала әкімінің міндетін атқарушы Н.В. Дычко құттықтау сөз сөйлеп, елеулі еңбегімен көзге түскен құрылысшыларды марапаттады. Атап айтқанда, қала әкімінің Құрмет грамотасымен «Бисет-ЭК» ЖШС-нің монтажшысы Е.А. Оразбаев, «РСУ №1» ЖШС-нің жобалау тобының бас инженері А.А. Пильтяй, «ЭкибастузСпецСтрой» ЖШС-нің дәнекерлеушісі Н.В. Маракин және т.б. марапатталса, қала әкімінің Алғыс хаты «Бисет-ЭК» ЖШС-нің тракторшысы Б. Жанақұловқа, газэлектрдәнекерлеушілері С.Н. Трепаков пен П.А. Адамовқа, сылақшысы И.В. Свиточқа, «Нарық» ЖШС-нің сылақшысы М.Д. Абасоваға, «ЭкибастузСпецСторй» ЖШС-нің монтажшысы А.А. Беловқа тапсырылды.

Құрылысшыларды салтанатты шара үстінде қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Ш. Балтабекова да құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қалалық мәслихаттың құрмет грамотасына «Вершина»ЖШС-нің бас инженері Ә. Қуанышев, «Строитель-Экибастуз» ЖШС-нің бригадирі Қ. Ахметов, «Бисет-ЭК» ЖШС-нің монтажшысы Р. Ермекбаев ие болды. Сонымен бірге бірқатар құрылысшыларға қалалық мәслихаттың Алғыс хаттары жолданды.

Марапаттаудан «Нұр Отан» ХДП Екібастұз бөлімшесі де қалыс қалған жоқ. Бөлімше төрағасы Самат Рамазанов та құрылысшылар қауымын құттықтап, Алғыс хаттар тапсырды. Оған ие болғандар арасында «Бисет-ЭК» ЖШС-нен Г.Н. Шупенева, Т.А. Ящук, Г.Г. Логойский, Р.А. Киричек пен С.Г. Пиджаков бар.

Биліктің ілтипатына бөленген құрылысшылар атынан сөйлеген байырғы құрылысшы А.А. Пильтяй өз сөзінде қазіргі заманда құрылысқа жаңа технологияларды пайдалануға көңіл аударуға шақырып, аға буын ісін жас құрылысшылардың абыроймен жалғастырарына сенім білдірсе, студенттік құрылыс отрядының мүшесі Фарух Мұсаев жастардың бұл сенімді ақтайтынын айтты. Сонымен бірге ол өз сөзінде жұмыспен қамтып отырған «Вершина», «Нарық» ЖШС-лері мен басқа да құрылыс кәсіпорындары басшыларына ризашылығын жеткізді.   

Салтанатты шарада жергілікті әншілер И. Туртулов, Қ. Қожахметова және Ә. Мәжитова ән айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ж. БҰЛАНБАЙ

 

 

Қаралды: 520 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 12.08.2010 | Пікірлер (0)

Мүбарак Рамазан құтты болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Cағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған мұсылман жұртшылығының қасиетті айы Рамазанға да жеттік.

Рамазан – Алла тағаланың мейірім нұры жауатын, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi. Бұл айда Алланың рахымынан үміт ете отырып ораза ұстап, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылады.

Таңның атысы кештің батысына дейін нәр татпай ғана қоймай, мұнымен қоса түрлі жамандықтардан бойын аулақ ұстау – нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі екені даусыз. Ал күні бойғы нәпсімен арпалысқан күрестің есесіне кешке сізді мол сауап, ерекше ләззатты сәттердің күтіп тұруы өз алдына бір ғанибет.

Ораза ұстау – Құран кәрімде және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» – делінген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір хадисінде Алла тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін … Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық».

Ораза бір жағынан адамның өз-өзіне есеп беруі іспетті. Ол – иләһи сырларды түйсінудің құтты кеңістігі. Рамазанның аспаны қай кезде де берекелі ақ нөсерін төгуге дайын рахым бұлттарына толы. Оның сұлу тамшылары кенезесі кепкендердің таңдайын жібітіп, шөлін басады.

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан мұсылмандар бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір оғаш іс-әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген  жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.

Бұл айда мүмін-мұсылмандардың көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның  тек  ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген ескертулері жаңғырып тұрады.

Мұсылмандық күнтізбе бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бір күнге бұрын ұсталады. Биыл Рамазан айының бірінші күні тамыз айының 11-іне сәйкес келіп тұр. Яғни бұл жылғы ораза күндері жылдағыдан анағұрлым ыстық болмақ. Сондықтан мұсылман жамағаты өзге жылдағыларға қарағанда көбірек төзіміділік танытуына тура келеді. Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзіп, тіпті, күннің ми қайнатар аптап ыстығында ауыз бекітіп шыдайды. Алайда Алланың разылығы үшін ыстық пен шөлдің тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рахымға бөленбек.

Осы тұста, еліміздегі кәсіпкер азаматтар мен мекеме басшыларына бүкіл Қазақстан мұсылмандарының атынан өтініш-тілегімізді де жеткізгелі отырмыз. Алла ризалығы үшін қасиетті Рамазан айының құрметіне елімізде ай бойы азық-түлік бағаларына, қонақ үй сияқты басқа да қызмет көрсету орындарының, ұшақ, пойыз, басқа да көлік бағаларына 10 пайыздық жеңілдік жасауға шақырамыз. Сондай-ақ бұл айда дүкендерде ішімдіктің барлық түрі сатылмаса.

Сөз соңында, барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖӘНЕ ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,
БАС МҮФТИ ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

 

Қаралды: 435 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 09.08.2010 | Пікірлер (0)

Марапат

Теміржолшыларға құрмет көрсетілді

-Арғы тарихы 1892 жылдан бастау алатын «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы  ТМД елдері арасында алғашқы үштіктің қатарында. Бүгінгі таңда Қазақстан теміржол торабы 15 мың шақырымнан астам қашықтықты қамтиды. Оның ішінде Екібастұзға шойынжол 1899 жылы тартылған болса, алғашқы теміржол составы көмір кенішінен 1954 жылы аттанды. Осы орайда теміржол саласы еңбеккерлеріне еселі еңбек, толағай табыстар тілеймін,-деді  қала әкімінің міндетін атқарушы Н. В. Дычко «Көлік және байланыс қызметкерлерінің күніне» орай өткен салтанатты жиында.

«Өнер» мәдениет үйіндегі бас қосуда теміржол саласына өмірінің 55 жылын арнаған ардагер Әби Сарқыншақовқа ерекше сый-құрмет көрсетілді. Одан кейін бірқатар теміржолшылар марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Ерейментау 2-жол дистанциясының» монтері М. Зубрицкая «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Павлодар эксплуатациялық локомотив депосы» АҚ бөлімшесі тепловозының машинисі М. Ахтанов пен «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ бөлімшесі атқыштар командасы бастығының көмекшісі О. Майстер «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Екібастұз вагон депосының» өндірістік оқу шебері О. Алешин «Үздік маман», «Екібастұз станциясының» вагон қозғалысы жылдамдығын реттеуші С. Кимов, вагон паркі бөлімінің инженер-технологы Е. Омаров, «Локомотив сервис орталығының» слесарі Е. Торин «Үздік кәсібилік» аталымына ие болып, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

«Екібастұз-Солтүстік станциясы» жүк бөлімінің бастығы Т. Жидкова және «Екібастұз 2-жол дистанциясының» жол мастері В. Лозин теміржол саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы АҚ Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ал «Екібастұз эксплутациялық локомотивтік депо» бөлімшесінің вагон қараушысы Д. Ибраимов, «Павлодар жол бөлімшесі» филиалының жүк қабылдап, тапсырушысы Ш. Тайлақова, «Екібастұз 1-жол дистанциясы» бөлімшесінің жол монтері Қ. Шабаева, «Екібастұз 2-жол дистанциясы» бөлімшесінің жол мастері А. Шайбақов Ұлттық компания президентінің алғыс хатын алса, «Екібастұз локомотив сервис орталығының» слесарі Ғ. Есімов құрметті теміржолшы атағын иеленді.

Екібастұз қалалық мәслихатының төрайымы Ғ. Ш. Балтабекова Екібастұз станциясы орталықтандырылған пост операторы Л. Колесник, «Екібастұз-1 станциясының» жол мастері Қ. Мәзенов және эксплуатациялық вагон депосы вагондарды техникалық табыстау пунктінің бақылаушысы Л. Щербаковаға құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар тағы бірқатар теміржолшылар қалалық мәслихаттың алғыс хатына ие болды.

Р. МОЛДАЙЫП    

Қайырхан Мазенов, «Екібастұз 1-жол дистанциясының жол шебері

 

 

Қаралды: 415 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 07.08.2010 | Пікірлер (0)

Құрмет

Аналар ардақталды


Қала әкімдігінің кіші залында көп бала туып, өсірген 28 ана «Алтын алқа» тағынып, қошеметке бөленді. Олардың 10-ы Екібастұз өңіріне қарасты ауылдық округтерден. 

Қала әкімінің міндетін атқарушы Н. В. Дычко құттықтау сөзінде: «Анаға деген құрмет адамның, қоғамның келбетін көрсетеді. Қадірменді аналар, ауырмай-сырқамай балаларыңыздың,  немерелеріңіздің қызығын көріп, шаттыққа кенеліңіздер»,-дей келе, көпбалалы аналарға алқаларын салтанатты түрде табыстады. 

Құрмет көрсетілгендердің ішінде жеті бала туған Вафиря Нагаева жасы ең үлкені. Кейуананың жасы 95-ке келіпті.

Ал Айман Қалқайдарқызы мен Майра Шахметова тоғыз бала туып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әулеттің аналары.

Ата дәстүр бойынша кенже ұлының қолында тұратын Рухайни Акрамова сексеннің сеңгіріне шығыпты. Ол жеті баласынан 22 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Еңкейген шағында да бала тәрбиесінен қол үзбеген ардақты ана: «Екі немеремді бағып отырмын. Жас аналар да біздің ізімізді басып, бала санын шектемесе деймін»,-дейді.

Шынымен де, «ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген. Әлемнің жарығын сыйлар аналар көп болсын!

Р. МҰСАБАЙ

Қаралды: 313 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 06.08.2010 | Пікірлер (0)

МАЭС-1 атауы өзгерді
«Екібастұз МАЭС-1 станциясы бұдан былай ресми түрде «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-і деп аталатын болады. ТМД және Қазақстан энергетикасының ардагері Болат Нұржанов Екібастұз отын-энергетика кешенін құруға өлшеусіз үлес қосқан. «Екібастұзэнерго» өндірістік бірлестігі бас директоры, Қазақ КСР энергетика және электрендіру министрінің орынбасары қызметін атқарған Болат Ғазизұлы ТМД елдерінің электрэнергетикалық кеңесінің мүшесі болған. Энергетика саласындағы бірегей нысандардың, соның ішінде МАЭС-1 станциясының құрылысына басшылық жасаған. Аталмыш станцияға еңбегі сіңірген энергетиктің есімін беру туралы бастаманы көтерген – Қазақстан энергетиктерінің ардагерлер кеңесі. Ардагерлер ұсынысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» және Қазақмыс Тобы тарапынан мақұлданды. -Электр станциясына Болат Нұржанов есімінің берілуі - біз үшін зор мәртебе. Болат Нұржанов - әу бастан ғаламат та бірегей энергетикалық нысан ретінде жобаланған электр-станциясы құрылысының басы-қасында болған, соның өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңірген тұлға. Біз осы тамаша мұраны қазақстандық энергетика игілігі үшін өркендетуге бар күш-жігерімізді саламыз,- деді Қазақмыс тобының атқарушы директоры Олег Новачук, осы оқиғаға қатысты пікірін білдіріп.
 
 Ж. ӘБДІКӘРІМ
Қаралды: 752 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 06.08.2010 | Пікірлер (0)

« 1 2 3 4 5 »
«  Маусым 2017  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017