Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» Жаңалық мұрағаты

Жағымды жаңалық

Балабақша құрылысы басталды

Құрылысшылар уәдесінде тұрса келер жылғы күзде №15 шағын ауданда жаңа балабақша балдырғандарға есігін ашады. 17 қыркүйек күні болашақ балалар мекемесінің құрылысы басталып та кетті. Осы қуанышты оқиғаға орай жиналған қауым алдында қала әкімі Нұрлан Нәбиев құттықтау сөз сөйлеп, құрлысшыларға сәттілік тіледі. Жаңа ғимарат құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жалпы, озық үлгідегі екі қабатты 280 балаға лайықталған балабақша мемлекетке 600 млн. теңге қаражатқа түсетін болса, соның алғашқы 100 млн теңгесі бүгінгі күні мердігер кәсіпорынның есепшотына аударылды. Мердігер демекші, құрылысты В.Ищенко басқаратын «Строитель – Экибастуз» ЖШС-і жүргізеді. Тендерге қатысқан құрылыс фирмалары арасынан дәл осы екібастұздық құрылыс кәсіпорнының озып шығуы да орынды жай. Өйткені, аталмыш кәсіпорын бұған дейінгі мемлекеттік тапсырыстарды сапалы әрі мерзімінде орындап, екібастұздықтардың сеніміне ие болған. Осы жайында айта келе, қала басшысы бұл жолы да құрылысшылардың жүктелген міндетті абыроймен атқарарына сенім артты.

Жалпы, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында Павлодар облысында салынатын үш балабақша құрылысының біреуі Екібастұз қаласына бұйыруы қала басшылығының еңбегі болса керек. Алдағы жылы жаңа балабақшаның тапсырылуымен мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға қамту мәселесі қаламызда шешілетін болады. Сонымен... Қырық құрылысшы, экскаватор мен тағы басқа техника жер бедерін тегістеп, балабақша іргетасын қоюға кірісіп те кетті. Жасампаз қолдар ертеңгі күні-ақ сүреңсіз алаңды кісі танымастай өзгертіп, көрікті ғимарат түрғызған соң, бұл жер балақандардың күміс күлкісіне, балдай тәтті қылғына толмақ. Ендеше, ісіміз оңғарыла берсін!

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ

Қаралды: 2150 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 22.09.2010 | Пікірлер (0)

Әкім қабылдауында

Түйіткілді мәселелерге түйін қойылды

Қаланың күнделікті қым-куыт тірлігінде бірін орындасаң, екіншісі төбесін көрсететін шаруалар шаш етектен. Бірақ өзін ең алдымен халыққа қалтқысыз қызмет етуші тұлға деп білетін кез келген билік иесі қарапайым жұртпен жүздесіп, елдің хал-жағдайын білуді, өтініш-тілегін тыңдауды басты міндеттерінің қатарына қояры сөзсіз.  Халқына жақын әкімнің алдына келіп, көкейін тескен түйткілді мәселелердің шешімін сұрауға ел мүдделі. Содан да болар, әр аптаның алғашқы күні жұмыс күні соңына қарай өткізілетін қала әкімінің жеке қабылдауына келушілердің қатары қалың. Мәселелер де сан түрлі: әлеуметтік, тұрғын жай, коммуналдық қызмет, жер қатынастары, тіпті көрші-қолаңмен арадағы дау, т.т..

13 қыркүйек күні болған әкім қабылдауына 15-ке тарта екібастұздық келіпті.

Қала әкімі Нұрлан Нәбиевтің алдына проблемасын айта келген жанның бірі – Сәуле Құдайбергенова. «К и Компания» кәсіпорнындағы жұмысынан қысқарып қалған ол жұмыссыздар биржасына тіркеуге тұра алмай жүргеніне шағымданды.

-Биржаға тіркеуге тұрайын деп келгенімде маған аула сыпырушы бол деді. Алайда қолқа демікпесімен, аллергиямен ауыратын мен ол жұмысты атқара алмайтынымды айтып бас тарттым. Сол себепті мені тіркеуге алмай қойды. Ал маған шаң-тозаң арасында жұмыс істеуге болмайды. Биржадағылар дәрігерлік комиссия анықтамасын әкел дейді. Оны қайдан алам, аллергиямен ауыратынымды дәлелдеу үшін ақы төлеп Кашецкийдің медициналық орталығында тексеруден өтуім керек. Оған ақшам жоқ,-деді жалғызбасты ана. Әкім қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бастығы С.Арыстановқа С.Құдайбергенованың жағдайын жіті қарастыруды тапсырды. Проблеманы шешу жолдарын айтқан Серік Әубәкішұлы жұмыссыз қалған қалалықтардың түрлі сылтау тауып, ұсынған жұмыстан бас тартатындар көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс істеп, кесімді жалақысын маңдай терімен тапқаннан гөрі кейбір жерлестеріміз сол жалақыдан анағұрлым аз болса да, атаулы жәрдемақы алып, үйде тыныш жатқанды жөн санайтын көрінеді.

Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 79-үйдің тұрғыны Ғибатов деген азамат әкім алдында өзі тұратын подъезд тұрғындарын мазалаған мына жайды баяндады: 5-қабатта орналасқан бір пәтер биыл қаңтар айының басында отқа оранып, түгел жанып кеткен екен. Иесі одан да бұрын бақиға аттаныпты. Өрттен соң мүлде қараусыз қалған пәтерді кім көрінген паналап, пәтердің баспана сыйқы қалмаған. Үй иесінің жалғыз мұрагері қызы сонау Белоруссияда тұратын көрінеді. Ал ол шешесінен қалған мұраны иемденуге асығар емес. Қаңыраған пәтер көршілеріне көп қиындық туғызуда. «Қараусыз пәтерді тазалап, терезелерін шынылап, жылу батареяларын  жөнге келтірсек, қыста берілер жылу далаға кетпес еді. Сосын мұрагері табылғанша, жауып тастасақ біздің көңіліміз де жайланады»,-деген Ғибатовтың мәселесін шешу ТҮКШ бөліміндегі тұрғын жай инспекциясына, ішкі істер бөлімі мен ПИК-іне тапсырылды.

Биыл маусымда болған тағы бір өрт 18 Южный шолақ көшесіндегі 40-үй 3-пәтер тұрғындарын баспанасыз қалдырған. Үш пәтерлік жер үйдің бірінен шыққан жалын көрші тұратын Баймағамбетовтардың пәтерін түгел жайпап кеткен. Отағасы жұмыссыз, оның үстіне жақында ғана операциядан шыққан. Пәтерді жөндеуге жағдайлары жоқ. Үй шаруасымен айналысатын отанасы Әсем қала әкімінен уақытша баспана сұрап келіпті. Отбасының материалдық мүшкіл жағдайы, сонымен бірге өрттің шығуына себепкер көрші үйдің көпбалалы тұрмысы төмен отбасы екендігі де ескеріліп, Баймағамбетовтарге тұрғын үй қорынан уақытша баспана қарастырылатын болды.

Павлодарская көшесінің тұрғыны, зейнеткер Иван Здоровцевтің ТҮКШ бөліміне өкпесі қара қазандай. Екі жыл бұрын осы көшеге тартылған ыстық су құбырын жөндеуден өткізген соң көшенің бір қапталындағы үйлер ыстық сусыз қалған. Содан бері қария бұл келеңсіздікке жауапты мекемелерден мардымды жауап ала алмаған көрінеді. Нұрлан Абзалұлы ТҮКШ бөліміне мәселенің анық-қанығын тексеріп, шешу жолдарын анықтауға екі күн мұрсат берді.

Жасы зейнетке жақындаған К. Жүнісова «Екібастұзлифт» шаруашылығында он жылдай жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, кәсіпорын басшылығы тамыз айында оны ешбір себепсіз жұмыстан шығарып жіберген. Жағдайды түсіндірген «Екібастұзлифт» бастығы А.Матеркин мемлекеттік кәсіпорында биыл қысқарту жүргенін, 108 лифтердің 40-тан астамы қысқарғанын тілге тиек етіп:

-Қысқарту жайында алдын ала хабарланды. Жүнісова жұмысқа салғырт қарағаны үшін қысқартылды. Ал кәсіби шебер, салаға сәйкес білімі бар, сондай-ақ жұмысты адал атқаратын лифтерлерді біз қысқартқан жоқпыз,-деген уәж келтірді. Осыдан соң К.Жүнісоваға қалалық жұмыспен қамту бөліміне баруға кеңес берілді.

Қабылдауға алдын ала жазылған Мария Морозова – «Радость» би тобының ата-аналары атынан келіпті. Айтпақшы, «Радость» тобының балғын бишілері республикалық «Айгөлек» балалар байқауының алғашқы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп қайтты. Алайда балалардың байқаудың келесі кезеңіне бару-бармауы екіталай. «Ата-аналардың бәрі бірдей балаларының жолақысын көтере алмайды. Демеуші керек»,-деп Мария қала басшына бұйымтайын айтты. Әкімдік  жекелеген кәсіпорындарды демеуші бол деп қыстай алмайтыны айдан анық. Дегенмен қоғамға қозғау салып, өнерге жанашыр жандарға ықпал етуге келісті. «Өйткені бұл қаланың мерейі»,-деді Нұрлан Нәбиев.

Қабылдауда сөз болған көптеген проблемалық мәселелер сол арада өз шешімдерін тауып, қабылдауға жазылғандар ризалықпен тарасты. 

А.МЕЙРАМОВА

Қаралды: 738 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 17.09.2010

Имандылық

Әкім ауызашар берді

«Ораза-тәннің зекеті, сабырдың жартысы, нәпсінің тізгіні» дейді. Осыны зейініне тоқыған мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, Аллаға құдшылық етуде. Ал ауыз бекіткен адамдарға құрмет көрсетіп, ауызашар беру – сауапты іс. 2 қыркүйек күні қала әкімі Н.А. Нәбиев жылдағы дәстүрмен қалалық мұсылмандар мешітінде жамағатқа ауызашар берді. Дастархан басына қала мен ауылдық айиақтың қадірменді қариялары, кәсіпорындар мен мекемелер басшылары, ауыл әкімдері жиылды. Ауызашарда мешіт имамы Әбілхан қажы Балтаұлы марқұмдарға құран бағыштап, діни уағыз айтып, имандылық үйіне қамқорлық көрсетіп жүрген қала басшысына жамағат атынан разылығын жеткізіп, Жаратушыдан шарапат тіледі.

 

Қаралды: 1253 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 09.09.2010 | Пікірлер (0)

Қадір түніндегі құлшылық

Аспаннан Құран түсірілген қасиетті Қадір түні мешітте ине шаншар жер болмады. Үлкен-кіші бұл түнде мешітке келіп, Алла Тағалаға құдшылық етті. «Дұға-мұсылманның қорғаны» деген, жамағат намазға жығылып, уағыз тыңдап, имани сөзге ұйыды.

Берекет түнінде мешітте игілігін жұрт көретін кітапхана да ашылды. Кітапханада «Көкжиек» баспасынан жарық көрген 200 дана кітап қойылған. Қадір түнінде жамағатпен бірге болған қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ғ.А. Оспанқұлов жиналған қауымға қайырлы болсын айтты. Осыдан кейін найб имам Д. Смағұлов діни танымдық сауалдарға құрылған ойын өткізіп, білгіштерге сыйлыққа кітаптар ұсынды. Сұрақ-жауап ойынында имандылық үйінде дәріс алып жүрген шәкірттер діни білімімен көзге түсті. Бұл сүйсінерлік жай, өйткені діндар адамның көкірек көзі ашық болғанына не жетсін?! Ал дінге көрсоқырлықпен берілу ұшпаққа шығармайды. Мешіт ауласына шүпірлеп толып кеткен жас балаларды әңгімеге тартқанымызда, солардың басым бөлігі Қадір түнінің мән-мағынасынан бейхабар, тек өзгеге еліктеу мен солықтаудың соңында жүргені белгілі болды.

Жалпы, дүниеге көзқарасы толықтай қалыптаспаған көкөрім балалардың жазатайым жар басуы оп-оңай. Қазекем «Ата-ананың ақылы, қазылған қара жермен тең» деген емес пе. Олай болса, әке-шешелері балаларына жөн сілтеп, ақыл қосып, тіпті, ықыласы ауса, мешітке бірге жүріп, Қадір түнін күзетпей ме.  Діни сауат ашу мен діни тәрбиеден мешіт қызметкерлері мен мектептегі дінтану пәні мұғалімдері де шет қалмай, үлкен-кішінің дәстүрлі дін жолынан ауытқымауына  ұйытқы болуы тиіс. Имандылық қоғамды сауықтырады, тек ол шынайы Хақ жолы болса ғана. Абай атамыз:

- Алла деген сөз жеңіл,

 Аллаға ауыз жол емес.

 Ынталы жүрек, шын көңіл,

 Өзгесі Хаққа қол емес,-дегенінде осыны мегзесе керек.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ

Қаралды: 1063 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 08.09.2010 | Пікірлер (0)

Ата Заң ардақталды

27 тамыз күні Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына 15 жыл толуын меркелеуге арналған салтанатты жиын болып өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімі Б.Ә. Сағынтаев шағын баяндама жасап, онда осы тарихи кезең ішінде тәуелсіз еліміз қол жеткізген жетістіктер, Ата Заңымыздың мәні мен маңызы жайында айтып өтіп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

Осыдан кейін мемлекеттік мерекеге орай бірқатар азаматтар марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар арасында Екібастұз қаласы әкімінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Б.Қ. Құспеков, «Алтын жол» ЖШС-нің басшысы А.Т. Молдакимов болды. Ал облыс басшысының Алғыс хатын Екібастұз қаласынан көркемсурет мектебінің директоры Ғ.Х. Сыздықов, «Екібастұзсу» кәсіпорнының жұмыскері Ф.Х. Гимаев, «Павлодарэнерго» АҚ-ы Екібастұз жылу –электр орталығының слесарі Ж.Ш. Ракулов алды.

Салтанатты жиын соңы облыс өнерпаздары қойған мазмұнды концертке ұласты.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ

Қаралды: 1081 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 02.09.2010 | Пікірлер (0)

1 2 3 4 5 »
«  Шілде 2017  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017