Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Қыркүйек » 17

Әкім қабылдауында

Түйіткілді мәселелерге түйін қойылды

Қаланың күнделікті қым-куыт тірлігінде бірін орындасаң, екіншісі төбесін көрсететін шаруалар шаш етектен. Бірақ өзін ең алдымен халыққа қалтқысыз қызмет етуші тұлға деп білетін кез келген билік иесі қарапайым жұртпен жүздесіп, елдің хал-жағдайын білуді, өтініш-тілегін тыңдауды басты міндеттерінің қатарына қояры сөзсіз.  Халқына жақын әкімнің алдына келіп, көкейін тескен түйткілді мәселелердің шешімін сұрауға ел мүдделі. Содан да болар, әр аптаның алғашқы күні жұмыс күні соңына қарай өткізілетін қала әкімінің жеке қабылдауына келушілердің қатары қалың. Мәселелер де сан түрлі: әлеуметтік, тұрғын жай, коммуналдық қызмет, жер қатынастары, тіпті көрші-қолаңмен арадағы дау, т.т..

13 қыркүйек күні болған әкім қабылдауына 15-ке тарта екібастұздық келіпті.

Қала әкімі Нұрлан Нәбиевтің алдына проблемасын айта келген жанның бірі – Сәуле Құдайбергенова. «К и Компания» кәсіпорнындағы жұмысынан қысқарып қалған ол жұмыссыздар биржасына тіркеуге тұра алмай жүргеніне шағымданды.

-Биржаға тіркеуге тұрайын деп келгенімде маған аула сыпырушы бол деді. Алайда қолқа демікпесімен, аллергиямен ауыратын мен ол жұмысты атқара алмайтынымды айтып бас тарттым. Сол себепті мені тіркеуге алмай қойды. Ал маған шаң-тозаң арасында жұмыс істеуге болмайды. Биржадағылар дәрігерлік комиссия анықтамасын әкел дейді. Оны қайдан алам, аллергиямен ауыратынымды дәлелдеу үшін ақы төлеп Кашецкийдің медициналық орталығында тексеруден өтуім керек. Оған ақшам жоқ,-деді жалғызбасты ана. Әкім қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бастығы С.Арыстановқа С.Құдайбергенованың жағдайын жіті қарастыруды тапсырды. Проблеманы шешу жолдарын айтқан Серік Әубәкішұлы жұмыссыз қалған қалалықтардың түрлі сылтау тауып, ұсынған жұмыстан бас тартатындар көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс істеп, кесімді жалақысын маңдай терімен тапқаннан гөрі кейбір жерлестеріміз сол жалақыдан анағұрлым аз болса да, атаулы жәрдемақы алып, үйде тыныш жатқанды жөн санайтын көрінеді.

Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 79-үйдің тұрғыны Ғибатов деген азамат әкім алдында өзі тұратын подъезд тұрғындарын мазалаған мына жайды баяндады: 5-қабатта орналасқан бір пәтер биыл қаңтар айының басында отқа оранып, түгел жанып кеткен екен. Иесі одан да бұрын бақиға аттаныпты. Өрттен соң мүлде қараусыз қалған пәтерді кім көрінген паналап, пәтердің баспана сыйқы қалмаған. Үй иесінің жалғыз мұрагері қызы сонау Белоруссияда тұратын көрінеді. Ал ол шешесінен қалған мұраны иемденуге асығар емес. Қаңыраған пәтер көршілеріне көп қиындық туғызуда. «Қараусыз пәтерді тазалап, терезелерін шынылап, жылу батареяларын  жөнге келтірсек, қыста берілер жылу далаға кетпес еді. Сосын мұрагері табылғанша, жауып тастасақ біздің көңіліміз де жайланады»,-деген Ғибатовтың мәселесін шешу ТҮКШ бөліміндегі тұрғын жай инспекциясына, ішкі істер бөлімі мен ПИК-іне тапсырылды.

Биыл маусымда болған тағы бір өрт 18 Южный шолақ көшесіндегі 40-үй 3-пәтер тұрғындарын баспанасыз қалдырған. Үш пәтерлік жер үйдің бірінен шыққан жалын көрші тұратын Баймағамбетовтардың пәтерін түгел жайпап кеткен. Отағасы жұмыссыз, оның үстіне жақында ғана операциядан шыққан. Пәтерді жөндеуге жағдайлары жоқ. Үй шаруасымен айналысатын отанасы Әсем қала әкімінен уақытша баспана сұрап келіпті. Отбасының материалдық мүшкіл жағдайы, сонымен бірге өрттің шығуына себепкер көрші үйдің көпбалалы тұрмысы төмен отбасы екендігі де ескеріліп, Баймағамбетовтарге тұрғын үй қорынан уақытша баспана қарастырылатын болды.

Павлодарская көшесінің тұрғыны, зейнеткер Иван Здоровцевтің ТҮКШ бөліміне өкпесі қара қазандай. Екі жыл бұрын осы көшеге тартылған ыстық су құбырын жөндеуден өткізген соң көшенің бір қапталындағы үйлер ыстық сусыз қалған. Содан бері қария бұл келеңсіздікке жауапты мекемелерден мардымды жауап ала алмаған көрінеді. Нұрлан Абзалұлы ТҮКШ бөліміне мәселенің анық-қанығын тексеріп, шешу жолдарын анықтауға екі күн мұрсат берді.

Жасы зейнетке жақындаған К. Жүнісова «Екібастұзлифт» шаруашылығында он жылдай жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, кәсіпорын басшылығы тамыз айында оны ешбір себепсіз жұмыстан шығарып жіберген. Жағдайды түсіндірген «Екібастұзлифт» бастығы А.Матеркин мемлекеттік кәсіпорында биыл қысқарту жүргенін, 108 лифтердің 40-тан астамы қысқарғанын тілге тиек етіп:

-Қысқарту жайында алдын ала хабарланды. Жүнісова жұмысқа салғырт қарағаны үшін қысқартылды. Ал кәсіби шебер, салаға сәйкес білімі бар, сондай-ақ жұмысты адал атқаратын лифтерлерді біз қысқартқан жоқпыз,-деген уәж келтірді. Осыдан соң К.Жүнісоваға қалалық жұмыспен қамту бөліміне баруға кеңес берілді.

Қабылдауға алдын ала жазылған Мария Морозова – «Радость» би тобының ата-аналары атынан келіпті. Айтпақшы, «Радость» тобының балғын бишілері республикалық «Айгөлек» балалар байқауының алғашқы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп қайтты. Алайда балалардың байқаудың келесі кезеңіне бару-бармауы екіталай. «Ата-аналардың бәрі бірдей балаларының жолақысын көтере алмайды. Демеуші керек»,-деп Мария қала басшына бұйымтайын айтты. Әкімдік  жекелеген кәсіпорындарды демеуші бол деп қыстай алмайтыны айдан анық. Дегенмен қоғамға қозғау салып, өнерге жанашыр жандарға ықпал етуге келісті. «Өйткені бұл қаланың мерейі»,-деді Нұрлан Нәбиев.

Қабылдауда сөз болған көптеген проблемалық мәселелер сол арада өз шешімдерін тауып, қабылдауға жазылғандар ризалықпен тарасты. 

А.МЕЙРАМОВА

Қаралды: 753 | Қосқан: Отарка | Уақыт: 17.09.2010

«  Қыркүйек 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017