Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Тамыз » 26 » Ереймен жерінде Үмбетей жырау мүсіні қойылды
18:32
Ереймен жерінде Үмбетей жырау мүсіні қойылды

Ереймен жерінде

Үмбетей жырау мүсіні қойылды

Ереймен тарихы бай, мәдени мұрасы мол өлке. Мұндағы ел азаматтары көнеден үзілмей келе жатқан сол мұраны бүгінгі ұрпаққа дәріптеуге, тарихтан тағлым алуға үндейтін іс-шараларға үнемі ұйытқы болуда. Өткен жазда Ереймен кентінің қақ төрінде қазақтың батыры Қанжығалы қарт Бөгенбайға ескерткіш орнатылса, өткен жексенбі, яғни, 22 тамыз күні осындағы Мәдениет үйінің алдында осы өңірдің тумасы, әйгілі жырау Үмбетей Тілеуұлына (1706-1778 жылдар) мүсін қойылды. Айтпақшы, осы өнер ордасына да жыраудың аты берілген екен. Тұғырына қонған мүсіннің авторлары екібастұздық мүсіншілер Баян Қайнышева  мен Ақертіс Солтанбаев.

Салтанатты шарада қазақы дәстүрмен шашу шашылып, ереймендік жыршы Зухрат Хамзин арнау өлеңін толғады. Ереймен ауданының әкімі Н.Ә. Ережепов, осы өңірдің сыйлы ақсақалы Қасым Тәукенов, сенатор С.Ж. Жармағанбетова, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Ө.Қ. Мұсабаев сөз сөйлеп, Үмбетей жыраудың заманы, атамекенді қалмақтардан азат ету жорықтарындағы қандыкөйлек серіктері, жалынды жырлары жайында ой толғап, елдік парыздың өтелгеніне разылық айтып, жұртты құттықтады. Ереймендегі бұл тойға жыраудың жер-жердегі ұрпақтары да жиылған екен. Солардың бірі Павлодар облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы М.М. Абдрахманов та құтты болсын айтып, павлодарлық азаматтар Ә.Түгелбаев, А.Адамов, С.Бояубаев және т.б. атынан сый-сияпатын жасады.

Жалпы, Ереймен жерінде елдігімізді биіктетер, еңсемізді көтерер осындай игі істер дабырасыз-ақ атқарылып жатқанын да осы жолы естіп қайттық. Мәселен, аудандық сот ғимараты алдына Бапан мен Саққұлақ билердің мүсіндері орнатылса, мектепке Бөгенбай батырдың аты беріліпті. Жалпы, жұртты жиып ас беру, ескерткіш қойып, мүшайра өткізу мол қаражатты қажет етеді. Ереймен жұртының тағы бір ерекшелігі мұндайда бас біріктіруге, мәрттік көрсетуге әзір тұрады. Бұл жолы да солай болыпты. Бейсенбек Қаратаев бастаған кәсіпкер азаматтар тойдың шығынын толық көтеріп, қазынадан бір тиын да шығартпапты.

Салтанатты шараға жиналған қауым Үмбетей бабамыздың мүсініне сүйініштерін білдіріп, көзайым болған соң Мәдениет үйіне бет алды. Мұнда аймақтық ақындар мүшайрасы өтті. Мүшайраға Астана, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Ерейменнің өзінен жыр әлемінде танылған белгілі ақындар қатысты. Кіл мықтылар арасында өз өлеңдерін бәйгеге қосқан екібастұздық ақын қыз Жанаргүл Қадырова да бар еді. Мүшайра шарты бойынша әр ақын Үмбетей жырауға және Ереймен еліне арналған екі өлең жазып тапсыруға тиіс болатын. Ақтық сынға шыққан 12 ақын сол өлеңдерін сахнаға шығып оқыды. Ақындардың өлеңдерін белгілі ғалым Серік Негимов төрағалық жасаған қазылар саралады. Қазіргі қазақ поэзиясы үздіксіз даму үстінде. Мұны мүшайрада оқылған өлеңдерден де анық аңғардық. Көркемдік қуаты кемел, әлеуметтік жүгі батпандай айшықты өлеңдерді тыңдаушы қауым жылы қабылдап, ақындарға қошеметін білдіріп отырды. Ереймен жерін дүр сілкіндіріп, жұрттың жансарайын жадыратқан мүшайра қорытындысында бас жүлдені ереймендік әйгілі ақын Сайлау Байбосын жеңіп алды. Біздің үмітіміз Жанаргүлдің де жұлдызы жоғары болып, Бапан би Тұранұлы атындағы І дәрежелі жүлдені иеленіп, ақшалай және заттай сыйлық алды. Екібастұз өңірінің, қала берді «Отарқа» газетінің мәртебесін осылайша бір аспандатқан Жанаргүлге құтты болсын айта отыра, әдемі де сыршыл өлеңдерің толассыз өріліп, оқырманды қуанта берсін демекпіз.

Жыр мүшайрасында көкшетаулық Төлеген Қажыбаев, астаналықтар Серік Сағынтай мен Рысбек Дәлей, ереймендік Сайлау Жылқыбаев және тағы басқалары да жүлделі орындардан көрініп, сый-сияпатқа бөленді.

Мүшайрадан кейін кент ипподромында ат жарыс болып, тойға келген қонақтар той дастарханынан дәм татты. Әйтеуір Ереймен жерінде өткізілетін қай тойда болмасын қазақы мінез аңқылдап, ниет тазалығы сезіліп тұрады. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген емес пе аталарымыз. Ата мұрамызды түгендеп, қазақтың игі жақсыларын ұрпағымен табыстырып жүрген ереймендіктерге Алланың нұры жаусын дейміз осынау ұлық айда.

Ж. Жәлелұлы


Қаралды: 1246 | Қосқан: Отарка | Теги: Үмбетей жырау, Көкшетау, мүшайра, Жанар Қадырова, Жыр, Ерейментау, Ақмола | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 1
1 Отарка   (26.08.2010 18:33)
Машшала Аллах Разы болсын!

Аты *:
Email:
Код *:
«  Тамыз 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017