Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Тамыз » 26 » Құрмет қанаттандырады
18:37
Құрмет қанаттандырады

 Мерейтой

Құрмет қанаттандырады

Адам өмірінде ерекше есте қалатын күндер болады. 2008 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиналыста Екібастұз қаласының әкімі Нұрлан Абзалұлы Нәбиев мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды. Жас мемлекетіміздің мұндай марапатын алу әрбір азамат үшін үлкен абырой, өйткені бұл елге сіңірген еңбегіңе сол елдің көрсеткен құрметі. Ал осындай құрметтің дәмін тату бақыты әркімге бұйыра бермейді.

Павлодар индустриалдық институтын тәмамдаған ерлі-зайыпты жас мамандар Нұрлан мен Қарашаш жолдамамен Қалқамандағы жол машиналары зауытына жұмысқа орналасқанда, осынау бейтаныс кенттің кейінен өздеріне соншалықты қимас мекенге айналарын әрине білген жоқ. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, адамның өмірдегі орнын табуы өте маңызды. Бұл орайда жас инженерлер тәлімгер ұжымға тап болып, төңірегіндегі адамдардың қамқорлығын сезінгенде жолдары болғанын қапысыз ұқты. Еңбек жолын мастерліктен бастаған талапты да еңбекқор жігіт Нұрлан Абзалұлы қарапайым жұмыскерлермен етене араласып, өндірістің қыр-сырын меңгеріп, қайнаған жұмыстың ішінде жүріп, қызмет сатысымен біртіндеп көтеріле берді. Осылайша, төменнен төрге озған ол бас инженер, ұзамай зауыт директоры болып тағайындалды.

Қалқаман кентінің өміршеңдігін қамтамасыз ететін 1200-ден астам жұмыскері бар маңызы зор зауытты басқару ауқымды ойлауды, қажыр мен қайратты, адамдармен ортақ мәмілеге келе білуді қажет ететін. Абырой болғанда бұл кісілік қасиеттер Нұрлан Абзалұлының бойында бала күнінен-ақ қалыптаса бастаған еді. Әкесі Абзал Нәбиұлы Ертістің Павлодар өңіріне танымал азамат болды. Өмірін құқыққорғау саласына арнаған азамат Май, Ақтоғай аудандарында аудандық милиция бастығы болып қызмет істеп, қадір-қасиетімен жұрттың есінде қалды. Әкесі жалғыз ұлының ерке болмай, жинақы, кішіпейіл, еңбекқор болып ер жетуін қадағаласа, анасы Нәфиза баласын мейірімді, бауырмал болуға баулыды. Өзіне жүктелген зор жауапкершілікті терең сезінген басшы Нұрлан Абзалұлы өндірісті өркендетуді ғана ойламай, зауыт еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуды, кентті көркейтуді де ойластырды. Табаны күректей 17 жыл Қалқамандағы жол машиналары зауытында еңбек еткен жылдары Нұрлан Абзалұлының жұрттың игілігі жолында атқарған істерін көпшілік лайықты бағалады әрі әлі ұмытқан емес.

- Мен Нұрлан Абзалұлын сонау 1978 жылдан бері білемін. Ол өндірістегі жұмыскерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін жағдай туғызды. Тіпті, жекелеген адамдар алдына мұң-мұқтажын айтып келсе де, елеусіз қалдырмайтын. Әлі есімде көп балалы отбасының қожайыны Төлеген Әліпбеков деген жігітке оңаша үй алуына жәрдемдескені. Ал мұндай жайттар бірлі-екілі ғана емес еді. Зауытты басқарып тұрған жылдары кәсіпорын қаражатына Мәдениет үйін, балабақша салдырды. Бұл әлеуметтік нысандар жекешелендіру кезінде аман қалып, халыққа әлі қызмет етуде. Кентке күні бүгінге дейін көрік беріп тұрған кіреберістегі 10 кірпіш үй де сол кезден қалған белгі. «Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, Нұрлан Абзалұлы қалқамандықтарға ыстық жан,-дейді жолдасы жайында айтқан бір үзік сырында Қалқаман элеваторының директоры Құнаш Тұрбекұлы Сәмекеев.

«Ақылмен іс қылған бек елге сүйкімді» деген, міне, осы. Ақсу қаласында әкім болып қызмет істеген жылдар да Нұрлан Абзалұлы үшін жемісті болды. Бұл жас егеменді еліміздің еңсесі енді тіктеліп келе жатқан кез еді. Алмағайып заман артта қалса да, қазынада қаржы әлі мол емес, барды ұқсатып, жоқты болдырып, қимыл-әрекет көрсету азаматтың азаматының ғана қолынан келмек-ті. Осындай кезеңде де қала басшысының қабілеті жарқырап көрініп, әріден қабылдаған кесек шешімдері ақсулықтардың көңілінен шықты. Әңгімеміз тиянақсыз болмауы үшін қазіргі уақытта Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы болып қызмет істейтін Мәдениет Мерғалиевтің сөзіне жүгінейік.

- Нұрлан Абзалұлы- қызметіне адал, принципшіл. Кадрларды іріктей білді, қолынан іс келетін азаматтарды бауырына тартып, ортақ іске жұмылдырды. Инвесторлармен тіл табысып, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне жол ашты. Үш қабатты бос қалған ғимаратты  қайта жөндеуге қаражат көзін тауып, ауруханаға айналдырды. Орыс мектебі мен қазақ гимназиясы бір ғимаратта қысылып отырған болатын. Ферроқорытпа зауытының техникалық ғимаратын мектепке лайықтап істетуге ұйытқы болып, білім мекемесін сонда көшірді. Аталмыш гимназиядан білім алған қазақтың ұл-қыздары бүгінде қазақтың көсегесін көгерту үшін еңбектеніп жүр. Өткенді құрметтемесең, ертеңгі күні өзің де құрметсіз қаласың. Қоғам өзгерген тұста керексіз болып қалған бұрынғы көсемдер мүсіндерін жиыстырып, саябаққа көшіріп, ашық аспан астындағы мұражай қылды. Бұл- тарихты қастерлеу, өткенге тас атпау. Санамалай берсек, азаматтың әкім болған жылдары атқарған жұмысы көп,-дейді Мәдениет Қабдылкенұлы соның біразын еске түсіріп.

Нұрлан Абзалұлын тағдыр екібастұздықтармен 2007 жылы мамыр айында табыстырды. Бұл уақытта қала өзінің 50 жылдығын тойлауға әзірлік үстінде еді. Қазақтың жолымен қала ақсақалдарымен жүздесу өткізіп, пікірлерін тыңдап, батасын алған жаңа басшы шұғыл іске кірісті. Азаматтың дәл осы тұста көңілі қаяулы болатын, ақылшысы арыстай әкесі өмірден өткелі қырық күн де болмаған. Ұлан-асыр меркеге бір күн қалғанда жүрегі тағы жаралы болды, ардақты анасы көз жұмды. Қайғы-қасірет ет жүрегін езіп, қабырғасын қайыстырса да, ер азамат бәрін көтерді, былайғы жұртқа сездірмей, өзіне сеніп тапсырылған қала мерекесін абыроймен өткізді. Содан бері де ол мазасыз күндер мен түндердің қаншамасын басынан өткерді. Қызмет бабы солай, ел басқару жеңіл емес, салмағы білген адамға батпандай. Әйтеуір өмір бойы жинақтаған мол тәжірибе, білім мен білік, алыстан көріп, кеңінен пішу азаматты көлденең кезіккен кедергілерден алып шығады, жүктелген міндеттерді абыроймен орындауына қызмет етеді. «Шынайы еңбек, алғыр ой, анық досың біліп қой» деген емес пе, осы екі қасиет өне бойында қатар, қабысып өрілген азаматтың үш жыл ішінде жүзеге асырған қарымды істері бүгінде екібастұздықтардың көз алдында. Екібастұз ертеден таза қала десек, сол тазалағы тіптен жарқырай түсті. Осыдан бірнеше жыл бұрын қаланы күту жұмысы қол күшімен атқарылып келсе, коммуналдық кәсіпорын қуатты техникамен жарақтандырылғалы адамға түсер салмақ азайған.

Заман желі қай жағынан соқса да, қай басшы келсе де ісі алға баспай, шаруашылығын тоздырған кәсіпорынның бірі – «Екібастұзсу» болатын. Аталмыш кәсіпорын жұмысы жаңаша ұйымдастырылып, керекті қаржымен қамтамасыз етілгелі қаланы ауыз сумен үздіксіз жабдықтау ісі де оңға басты. Жалпы, қала басшысы елді мекенді көркейту ісін үнемі жадында ұстайды. Бір аңдағанымыз, ол ізденгіштік, шығармашылықпен қарап, тыңнан ой түлетуді қалайды. № 8 шағын аудандағы Әуезов пен Абай көшелері қиылысындағы алаңқай бірер жыл бұрын шаңы көтерілген тақыр еді, қазір үлкен-кішінің сейіл құратын, гүл жайнаған мүйісіне айналды. Әуелде көзге таңсық көрінген қос керік те қазір көзге ыстық, бала біткеннің көзайымы. Субұрқағы тынысыңды ашатын осындай жасыл мүйіс қаланың әр ауданында болса қандай тамаша деп ойлайсың. Мұндай ұшқыр қиялдың жемісін енді «Уақ» сауда үйінің алдына, басқа да тұстарға орнатылған әдемі мүсіншелерден де көргенде, жас өскінді сұлулықты бағалауға, қиялын ұштауға  баулитын дүние ғой бұл деп тәнті боласың. Бала демекші, кішкентай екібастұздықтардың дәуренін бал ету, танымын байыту үшін жасалған игілік «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту орталығы жұмысынан да көрініс табуда. Жыл санап қалада балабақшалардың, оның ішінде қазақ балабақшаларының көбеюі де ата-аналардың алғысына қалған шаруа. Бұл қала әкімінің бір есепті кездесуінде айтқан «Баратын бала табылса, қазақ балабақшалары болады» деген сөзінің ақиқатқа айналғаны.

Нұрлан Абзалұлының азаматтық болмысы, табандылығы қаланың орталық көшесіне Мәшһүр Жүсіп атын беруден де көрінді. Әрине, тізе берсең, айтылатын сөз табылады. Ең бастысы, Нұрлан Абзалұлының қызметіне жан-тәнімен берілгендігі. Әр істі жүрек сүзгісінен өткізу, ойға алғаны болыңқырамай жатса, күйіну, ойдағыдай болса, сүйсіну – мұның бәрі адамға жүк. Мұндайда өзіңді сергек сезіну үшін спортпен шұғылдану да артық емес. Теңбіл доп десе ішкен асын жерге қоятын еркектер қауымы сияқты қала басшысы да бір ауық футбол ойнағанды ұнатады. Бәлкім, бала күні аулада тепкен резеңке доптан қалған әуестік болар. Қалай болғанда да алпыс жасқа толған елағасы өзін сергек сезінеді, Алла нәсіп етсе құрған жоспары да ауқымды.

Адамның бір бақыты асыл жар, сүйкімді бала деген емес пе көшелілер. Нұрлан Абзалұлының бұл орайда арқасын кеңге салар жайы бар. Жары Қарашаш Мағзиқызы отбасының шырайын енгізіп отырса, ұлы мен қызы өмірден орындарын тапқан, немерелері Нұржан мен Аружанның қылықтары шаршаса ұмыттыратын емі.

Азамат жайындағы әңгімені құрметтен бастадық қой, сонымен аяқтайық. Мемлекет көрсеткен құрметтің, әрине, жөні бөлек. Ал кәдімгі қарапайым адамдардың өзіңді бағалауы, құрметтеуі тіптен ыстық. Қалқаманды мекен еткен 70-тен аса неміс отбасы тарихи отанына көшіп кеткен екен. Солардың бірі, кезінде мектеп директоры болып қызмет істеген Луиза Николаевна Гортэ биыл жазда Қалқаманға қыдырып келіпті. Сол әйел Германиядағы қазақ немістерінің өтінішімен қала әкімі Нұрлан Абзалұлына жолығып, ондағы таныстарының ыстық ықыласы мен сағынышын жеткізіп, естелік суретке түсіп, көзіне жас алыпты. Міне, адамды осынша құрметтеу, бағалау жасампаз істерді тындыруға қанаттандыра түседі. Дәл осындай ілтипат пен сыйды қала басшысына екібастұздықтар да білдірері хақ. Қазақ «қадіріңді білсін, қадіріңе жетсін» деп тілеп жатады емес пе, сол тілек алдыңыздан шықсын.

Ж. СӘДУАҚАС


Қаралды: 428 | Қосқан: Отарка | Теги: Екібастұз қаласы әкімі Нұрлан Абзал, Құрмет ордені | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Аты *:
Email:
Код *:
«  Тамыз 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017