Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Тамыз » 12 » Өңір өзгерістерімен танысты
15:03
Өңір өзгерістерімен танысты

Депутаттар іс үстінде

Өңір өзгерістерімен танысты

5 тамыз күні Екібастұзға жұмыс сапарымен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары А. Өтегенов, В. Бобров және Т. Сыздықов келді.

Депутаттар алдымен 22-шағынауданға ат басын бұрып, «Жол картасы – 2010» стендімен танысып, аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан істер жайлы мағлұмат алды.

Биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және автомобиль жолдарын жөндеуге қыруар қаржы бөлінгені белгілі. Атап айтқанда, осы мақсатқа қарастырылған 415,800 мың теңгенің 295 млн. 800 мың теңгесі республикалық, 120,0 млн. теңгесі қалалық бюджеттен бөлінген. Жалпы, «Жол картасы» нысандарында 465 адам еңбектенуде (су желілерін жөндеу жұмыстарында – 320, жол жөндеу жұмыстарында – 145 адам).

Жоғарыда аталған 295 млн. 800 мың теңге қаражат су-кәріз жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталып, қазір 4 нысанда қашықтығы 13,4 км-ді құрайтын су желілеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға да жақындаған жайы бар. Тендерді жеңіп алған екі мердігердің бірі «Бисет-ЭК» ЖШС-і Пішембаев көшесінің Мәшһүр Жүсіп көшесінен Беркімбаев көшесіне дейінгі бөлігінде диаметрі 630 мм-лік, қашықтығы 1750 метр су құбырын және 22-шағынаудандағы диаметрі 57-325 мм, қашықтығы 5224 метр кварталішілік су желілерін жөндеуде. Қонаев көшесінің Әуезовтен Матросовқа дейінгі бөлігіндегі су құбырларын (диаметрі 630 мм, қашықтығы 370 метр) жөндеуді де осы кәсіпорын мойнына алған. Ал 12-шағынаудандағы (СМП) 6080 метрге созылған суық су құбарларын жөндеу «Азия-Строй-Монтаж-2030» ЖШС-інің еншісінде. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімге сай тындырылуда.

Жалпы, су-кәріз жүйесін жөндеуге республика қазынасынан қомақты қаржының бөлінуі тозығы жеткендіктен қысы-жазы апаттан көз аштырмайтын ескі құбырлар проблемасын азайтпақ. Осы орайда екібастұздықтар өздерінің мұң-мұқтаждарын шешуге қызу атсалысып, сайлаушыларына айтарлықтай септігін тигізіп жүрген депутат Аманқос Титауұлына алғыстарын жеткізді.

Депутаттар назарын аударған келесі нысан Беркімбаев көшесінде салынып жатқан аймақаралық отын-энергетика саласына қажетті мамандарды кәсіптік даярлау орталығы ғимаратының құрылысы болды. 700 орынға лайықталған 5 қабатты ғимарат құрылысын алматылық «Нико» ЖШС-і жүргізуде. 2009 жылдың 20 қазанында басталған құрылысты 2011 жылғы 22 наурызда тәмамдау белгіленіп, құрылысқа 4,5 млрд. теңге бөлінген.

«Нико» ЖШС-нің директоры Әбдібек Темірбаев қонақтарды құрылыстың жай-жапсарымен таныстырды. Оның сөзінен ұққанымыз, құрылысқа бөлінген қаржы қолға мерзімінде әрі қажетті мөлшерде тимей, жұмыстың ойдағыдай өрбуіне кедергі келтіруде. Алдағы уақытта құрылысты әрі қарай қаржыландыру мәселесі қайта қаралмаса, құрылыс межеленген уақытта аяқталуы екіталай. Жалпы, қала тұрғындары осы нысан үшін қаланың аса батпақты, сазды тұсы таңдалғанына алаңдаулы. Мұндай алаңдаушылықты Аманқос Титауұлы да білдіріп қалды. Байқағанымыз, құрылыс жобаланғанда, бұл мәселе тіпті ескерілмеген де сияқты. «Болашақта батпақ, шалшық су басып қалу қаупі болатын болса, ол құрылыс кезінде де байқалар еді, алайда олай күдіктенетіндей еш себеп көрмедік. Ал жертөлелер монолиттен тұрғызылғандықтан, онда су жиналмауы тиіс»,- Әбдібек мырзаның бұл сөзіне сенгіміз келеді-ақ.

Депутаттардың жұмыс сапары қалалық перзентханада қорытындыланды. Бұл мекемеде халық қалаулылары денсаулық сақтау саласының соңғы жылдардағы соны жаңалықтарымен танысып, жансақтау бөлімінде мерзімі жетпей туылған нәрестелерді күтіп-бағуға арналған заманауи құрал-жабдықтарды тамашалады. Соңынан перзентхананың мәжіліс залында қаламыздың денсаулық сақтау мекемелері басшылары мен депутаттар арасында келер күнге пайда әкелер келелі мәселелер кеңінен талқыланды.

Ж. БАЙМЫРЗА

Қаралды: 384 | Қосқан: Отарка | Теги: Депутат, Жол картасы | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Аты *:
Email:
Код *:
«  Тамыз 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017