Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Қыркүйек » 2 » «Шығыс» кенішіне – 25 жыл
21:05
«Шығыс» кенішіне – 25 жыл

«Шығыс» кенішіне – 25 жыл

Жасай бер, «Шығыс» кеніші!

ENRC - Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясына қарасты «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның құрамына енген «Шығыс» кеніші – көмір өндіру саласындағы бірегей кәсіпорын. Кеншілердің кәсіби мерекесі Шахтер күні қарсаңында өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Ұлан-асыр думанның басты салтанаты 28 тамыз күні «Өнер» қалалық мәдениет орталығында тойланды. «Шығыстық» кеншілердің ақ жарқын көңілі мен қонақтардың ізгі лебіздері мерекеге сай безендірілген үлкен залды қуанышты күйге бөледі.

Тойдың беташары шахтерлер биі болды. Даңқты мамандық иелері сомдалған композиция кеншілердің жеті қат жердің астындағы пайдалы қазбаны қазып, адам баласына отын, жылу беруде ерлікке пара-пар еңбегін көз алдыңа әкелді. Осыдан соң сахна төріне кеніштің мақтанышына айналған «Восток» тобы шығып, «Шығыстың» өзіндік әнұранын шырқады.

Ширек ғасырлық тарихында 400 миллионнан аса тонна көмір өндірген бірегей кеніш біршама жылдан бері «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның құрамында. Кеніш үшін айтулы датаны кең көлемде аталып өтілуіне аса мән берген аталмыш акционерлік қоғам президенті Абдуазим Рустамбаевтың  құттықтауын зал толы кеншілер ықыласпен қабылдады.

-Көмір өнеркәсібінде еңбек ететін әрбір адам зор құрметке лайық. Сіздерге жемісті еңбектеріңіз үшін шын жүрегімнен алғысымды білдіремін, ардагер кеншілерге тағзым етемін. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне баға жетпес үлес қосып, ел байлығын арттырудасыздар. Сол үшін де Сіздерге мың алғыс!-деді ол өз сөзінде.

«Шығыс» кенішінің мерейлі мерекесіне арнайы келіп, шығыстықтарға жүрекжарды лебізін білдірген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев кеніш жұмыслерінің табандылығын, дүниежүзілік дағдарыс дүрбелеңіне қарамастан, қайсарлығын атап өтті.

-Өткен жылғы әлемдік дағдарысқа тойтарыс берген ел шахтерлері арасында «Шығыс» кенішінің жұмыскерлері де ерен еңбегімен танылды. Сол жылы елде 94 миллион тонна көмір өндірілсе, соның қомақты бөлігі шығыстықтардың еншісі,-деген облыс басшысы Елбасының өткен жылғы іссапарын жиналғандар есіне түсіріп, оның Екібастұздағы «КЕGOC» стансасында болғанында «Шығыс» кенішінің шахтерлерімен суретке түскенін, ол тарихи суреттің бүгінде облыс орталығындағы Кутузов-Лермонтов көшелерінің қиылысындағы алып билбордқа ілінгенін айтты. Елдің инновациялық дамуы бағытында қолға алынған жобалардың ішінде аса салмақтысын өз мойнына алған корпорацияға алғыс білдіре отырып, айтулы жобалардың бірі – циклдық-ағындық жыныс аршу кешенінің «Шығыс» кенішінде жүзеге асырылғанын да мақтанышпен атады. Сонымен бірге мәртебелі мейман көп жыл адал еңбек етіп, аймақтың көмір өнеркәсібін дамытуға сүбелі үлес қосқан «Шығыс» кенішінің пойыз құрастырушысы Сағындық Балкембаевты, электромеханик Әбдіманап Смақовты, геологтар бөлімінің бас геологы Бектас Смақовты, өндіріс жөніндегі цех бастығының орынбасары Петр Филинді Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Құттықтаулар тізгіні әлемге танылған Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының Қазақстандағы «ENRC Kazahstan» ЖШС-нің президенті Феликс Вулиске берілгенде, ол «Шығыс» кенішін корпорацияның жүрегі, інжу-маржаны, оның өндіретін қара алтыны компанияны табыстарға кенелтер қазына деп бейнелі сөзбен әспеттеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында, сондай-ақ аймақ басшысының қолдауының арқасында тасы өрге домалаған Компанияның акционерлерінің атынан мерейтой иелеріне игі тілектерін жеткізіп, үздік кеншілерді ENRC –дің «Еңбек айбыны» белгісімен марапаттады. Олардың қатарында жабдықтарды жөндеу цехының электрдәнекерлеушісі Г.И.Басюк, учаске бастығы Г.А.Ганеев, т.б. бар.

Салтанат марапаттауларға толы болды. Кеніштің станса бастығы А.П.Олшин, аға зертханашы Л.П.Кудина, кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары И.С.Щербакова, «ЕЭК» АҚ-ның «Еңбек ардагері» белгісімен марапатталып, көркем көк ленталарды тағынды.

Мерейтой  «ЕЭК» АҚ-ның президенті Абдуазим Рустамбаевтың туған күнімен дөп келген. Туған күн иесіне де күтпеген сый-тартулар жасалды. Ең үлкені оған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасы Көмір өнеркәсібінің Құрметті қызметкері» атағының берілуі болды. Оны той иесіне Көмір өндірушілердің аймақтық кәсіподақ комитетінің төрағасы Н.И.Попов табыстады. 

Шаттыққа бөленген шахтерлерді әнші Қуат Құдайқұлов, «Орфей» вокалдық студиясы, Ибрагим Туртулов, оның қызы Диана құттықтап, әсем әндер арнады. Кеш соңында елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» би-композициясы қойылып, «Қазақстаным – елім» әні шырқалды. Бұдан соң кеншілерге тағы бір тосын сый күткен-ді: корпорация кеніштің мерейтойына орай Еуропаның бірқатар елдеріне танымал болған қазақстандық әйгілі «Ұлытау» тобын шақырыпты. Шахтерлер бұл күнді көпке дейін есінде сақтайтыны анық!

Ел экономикасын дамытудағы үлесі мол «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты «Шығыс» кенішінің аламан тойы осылай өтті. Қойнауы кенге толған кеніштің әлі де ел экономикасын дамытуға салмақты үлес қосып, ел ырысын молайта береді деген сенімдеміз. Ендеше жасай бер, «Шығыс» кеніші делік!

Айнұр МЕЙРАМОВА

 

 


Қаралды: 763 | Қосқан: Отарка | Теги: Мерей той Шығыс кеніші | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Аты *:
Email:
Код *:
«  Қыркүйек 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017