Қош келдіңіз Гость | RSS



Санақ

Басты» 2010 » Тамыз » 12 » Жылу берушілерге наразылық айтылды
15:13
Жылу берушілерге наразылық айтылды

Коммуналдық қызмет

Жылу берушілерге наразылық айтылды

Жалпыға ортақ мәселелердің бірі – коммуналдық қызметтер. Осы қызмет түрлерінің сапалы әрі қалтаға шақ болуы тұрғындар үшін аса маңызды. Сол себепті де, аталмыш мәселе жайында қозғалған әңгімеге көпшіліктің құлағы түрік жүреді. Билік те коммуналдық кәсіпорындар қызметін назардан тыс қалдырған емес. Таяуда қала әкімдігінде Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры Қ.М. Төлендиновтың қатысуымен мәжіліс өткізіліп, онда электр қуатын үнемдеу, сараланған тарифтер енгізу, есептегіш құралдар қою мәселелері тағы бір мәрте талқыланды.

Алғашқы кезекте сөз алған Қ.М. Төлендинов мырза өзі басқарып отырған департаменттің тарифтерді реттеу бойынша атқарған жұмыстарына тоқталды. Бүгінгі таңда департаментте Екібастұз қаласына қатысты 5 өтінім қаралып жатыр екен. Мәселен, «Энергобасқарма» ЖШС-і  мен «Қалалық электр торабы» ЖШС-і 2011-2012 жылдардың орташа мерзімдік кезеңіне электр энергиясын беру және бөлу қызметтеріне арналған тарифтің шекті деңгейін белгілеуге өтінім түсірген. Сонымен бірге шілде айында «Энергоорталық» АҚ мен «Екібастұзқуат» ЖШС-нен үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап электр қуатына бағаның көтерілетіні жайында хабарлама жіберілген. Екі кәсіпорын мұны «KEGOC» АҚ-ның тарифті өсіруімен негіздеген. Алайда департамент жасалған сараптама нәтижесіне сүйеніп, аталмыш кәсіпорындарға тарифті көтеруге тыйым салған.

Қайырғали Мансұрұлы хабарламасында сонымен бірге сараланған тарифтерді енгізудің электр қуатын тұтынуда үнемшілдікке үйрететініне назар аударды. Мәселен, бүгінгі күні біздің қаламызда  тұрмыстық пайдалануда 1 адам айына 110 квт-ге дейін электр қуатын тұтынатын болса, онда 8,03 теңге мөлшеріндегі тариф қолданылады. Бір ескеретін жай электр плитасын пайдаланатын тұтынушылар жоғарыда аталған мөлшерден электр жарығын асыра тұтынса, онда төлемақыны 9,65 теңге тарифімен төлейді. Енді алдағы жылдары суды пайдалануға да сараланған тарифтер енгізу жоспарланып отыр.

Мәжілісте Павлодардағы «Энергоцентр» АҚ-ның вице-президенті Г.С. Шоманова да хабарлама жасап, аталмыш кәсіпорынның тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Естеріңізге сала кетейік, бұл кәсіпорын екібастұздықтарды жылумен қамтамасыз етіп, көрсеткен қызметіне төлемақыны жинап алып отыр. Бұл орайда олардың екібастұздықтарға реніші жоқ. Есесіне екібастұздық тұтынушылардың жылу берушілерге өкпесі қара қазандай. Өткен қаһарлы қыстан жұрт үйлерінде отырып тоңып шықты. Себебі, Екібастұз жылу орталығы қыс бойы жылу қысымын қажетті мөлшерге жеткізе алмады. Ал тоңып-жаураған адамдардан билік баспалдақтарына арыз-шағым қарша борап, билік басындағылар жұртты сабырға шақырып ығыр болды. Міне, осы келеңсіздікті «Энергоцентр» өкілдеріне ашық айтқан қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Ш. Балтабекова алдағы жылу беру маусымында бұл жайдың қайталанбауы үшін шаралар қарастыруды өтінді. Сонымен бірге былтырғы жылу маусымындағы берілмеген жылу мөлшеріне «Энергоцентр» тұтынушылармен қайта есепайрысуға тиісті екені де айтылды. Өкінішке қарай, аталмыш кәсіпорынның айтылған сынға құлақ асар сыңай танытпай, кінәні өзгелерге аударуға тырысты. Ал департамент басшысы «біз тарифтің сақталуына ғана жауап береміз, ал жылудың мөлшерінде берілу-берілмеуін «Энергоқадағалау» кәсіпорны бақылауы тиіс» деген уәжді көлденең тартты. Қысқасы, бірсыпыраға созылған дау-дамай барысында ортақ пікірге келудің сәті түспеді. Келер жылы қыста жағдай түзелмесе, арыз-шағымдармен қаруланып, соттасудан басқа амал қалмағандай. Жергілікті биліктің де ұстанымы осындай болмақ.

Мәжілісте қаралған мәселе бойынша «Екібастұзсу», «Горводаканал» кәсіпорындары басшылары да тарифтер, есептегіш құралдарын қою жөнінде атқарылған іс-шаралардан хабардар етті. Қорыта айтқанда, коммуналдық қызмет көрсету саласында сараланған тарифтерді енгізу, жарық пен суды үнемдеу саясаты жүргізіле бермек. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын әлі де жақсарта түсу назарда болады. Бұл үшін кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларын орындап, өндірісті қайта жарақтау ісіне қаржы құюы тиіс. Бұл мәселе Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бақылауында болады.

Ж. СӘДУАҚАС

 

   

Қаралды: 451 | Қосқан: Отарка | Теги: табиғи монополия, Коммуналдық проблема, Екібастұзсу | Рейтинг: 0.0/0
Барлық пікірлер: 0
Аты *:
Email:
Код *:
«  Тамыз 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017