Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Қазақ сыныбының кілті – жанашыр басшының қолында

Көкейкесті

Қазақ сыныбының кілті – жанашыр басшының қолында

Оқу жылының басында бірнеше орыс мектебінде тұңғыш рет қазақ сыныптары ашылғанын айтып, оқырмандарымыздан сүйінші сұраған едік. Осы тақырыпқа тағы бір қайырылғанды жөн көріп отырмыз.

Бозшакөл негізгі мектебі оқу ісінің меңгерушісі Бақыт Абдықадыроваға хабарласып, бозшакөлдіктердің талай жылғы арманын ақиқатқа айналдырған 1-қазақ сыныбында 4 оқушы оқып жатқанын білдік. Ал орыс сыныбына биыл бала болмапты.

Негізі, қаламызда аралас тілде білім беретін мектептер бұрыннан бар. Бірақ қазақ сыныптарының тіршілігі бастауыш мектеп немесе 9-сыныпқа дейінгі ауқымда ғана болып, ары қарай балалар оқуын басқа мектепте жалғастыруға мәжбүр болатын-ды. Былтырдан бері кейбір ұлтжанды азаматтар осы мәселені қолға алып, ата-аналардың талап-тілектерін орындауға бел шеше кіріскен жайы бар. Мәселен, №17 мектепте қазақ сыныптары 1-4-сыныптар аралығында ғана болып келсе, былтырдан бері бастауыш сынып түлектеріне оқуын өз мектебінде жалғастыруға мүмкіндік туды. Қазір бұл мектепте 6-қазақ сыныбы бар. Бұйыртса, бұл сынып 11-сыныпты осы мектептен бітіріп, осы шаңырақтағы қазақ сыныптарының алғашқы түлектері атанады.

Қуанарлығы, аталмыш мектепте 1-ші қазақ сыныбы біреу емес, екеу екен. Оларда 53 бала әліппеден сауат ашуда.

-Қазақ сыныбын ашарда ата-аналармен жүйелі жұмыс істеуге тура келді,- дейді мектеп директоры Төлеухан Темірханов.- Өйткені ата-аналар «4-сыныптан соң бәрібір баламызды №2 мектепке ауыстырып әуре боламыз» деген оймен біздегі қазақ сыныбына беруден қашқақтауы мүмкін. Қазақ сыныптарына өзіміздің білікті, тәжірибелі ұстаздарымыз сабақ беруде, оқулық жағы да жеткілікті. 5-қазақ сыныбы мультимедиялық кабинетте отыр.

№5 орта мектепте де бұрын 1-4-сыныпқа дейін қазақша оқыған балалар кейін өзінің үйренген мектебі мен бірге жүрген дос-жарандарын қимай, үйлеріне жақын мектептерге бытырап кете баратын. Мектеп директоры Мереке Ибраев бұл жайтқа немқұрайды қарамай, былтыр 5-сыныпты ашты. Ол балалар да биыл 6-сыныпқа көшіп, соңдарынан ізбасар ертіп келеді. Мереке Дінмұхаммедұлы да қазақ сыныптарының түлектеріне кәмелеттік аттестатты өз ордасынан беруге ынталы екен.

-1-қазақ сыныбына биыл 16 бала келді, әлі де қабылдай береміз. Бала саны көбейер болса, қазақ сыныбына қабылдаудан бас тартпаймыз,- дейді ол.- Бұрын балаларымыз 4-сыныптан соң басқа мектептерге кетіп қалатын. Жақсы оқитын балалардың кеткені жанымызға батушы еді. Жалпы, қазақ сыныптарының балалары тәртіпті келеді, басқалар да оларға қарап бой түзейді. Қазақ тілінде білім алатын балалар қатары жыл санап көбейе түссе, бара-бара мектепті толық қазақшалауымызға да болады. Өйткені бұл шағынауданға кілең орыс мектептері шоғырланған, бір қазақ мектебі керек-ақ.

№7 мектеп-гимназияда да 1-4-қазақ сыныптары бар. Мұнда да биыл 1-қазақ сыныбы екеу көрінеді. Алайда мұнда балалардың оқуын 4-сыныптан ары қарай жалғастыруға мүмкіндік жоқ: мектеп тар. №33 орта мектепке келер болсақ, мұнда 1-қазақ сыныбында 20 оқушы дәріс алып жүр. Мектепте қазақ сыныптары 9-сыныпқа дейін ғана оқи алады. 10-11 сыныптар ашуға кабинеттер жеткіліксіз.

Ал алғаш рет қазақ сыныбын ашқан №23 мектептің 1-сыныбында 16 бала ана тіліндеa білім алуда.

-                     Орыс мектебіндегі қазақ сыныбына балаларын апарудан жұрт әлі де қорқақтайды,- дейді мектеп директоры Ләззат Манабаева.- Әйтпесе осы маңайдағы №№18, 26 мектептерде оқушы шектен тыс көп.

Өкінішке қарай, №23 мектеп директоры алдағы уақытта бұл балалар оқуды осында жалғастыра ма, әлде 4-сыныптан соң ата-аналар басқа мектептің табалдырығына телміріп кете бара ма – бұл жағын ашып айта алмады.  

Қазақ сыныптарының көбейгендігіне, әрине, бір марқайып қалдық. Білуімізше, оқулық жағынан тапшылық жоқ сияқты. Мамандар да жеткілікті. Ендігі керегі – жақсы бастаманы жалғастыруға деген ниет пен құлық. Осы орайда мектеп басшылары әйтеуір қазақ сыныбын ашу керек болды екен деп, орысша айтқанда «для галочки» сынып ашудан қашқақтауы керек сияқты. Сыныпты ашуын ашып алып, кейін оларды қандай болашақ күтетінін болжамау, балаларды күні ертең сарсаңға салудан ұтарымыз бар ма? Бұл жағынан алғанда, «мектеп тар» деген уәж де кейде көрінеу бір сылтау сияқты көрініп қалады. Сондықтан тәуекелге бел байлап, жоғарыдағы ағаларымыздан үлгі алып, ұлтжандылығымызды айшықтап жатсақ, еңсеміз биіктей түспей ме?!  

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (17.09.2010)
Қаралды: 591 | Тегтер: мектеп | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017