Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Білім саласындағы сан сұрақ

Тұрақты комиссия

Білім саласындағы сан сұрақ

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында «Екібастұз аймағында білім беру жүйесінің 2006-2010 жылдардағы дамуы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланды.

Қалалық білім беру бөлімінің бастығы Г. Сванқұлованың осы тақырыпқа жасаған баяндамасы қалалық мәслихат депутаттарының қызу пікірталасына ұласты.

Мәслихат хатшысы Ғалия Балтабекова жас мамандарға берілетін демеуқаржының қала мектептеріне орналасқан мұғалімдерге берілуіне наразылық білдірді. 2006-2008 жылдары 50мың теңге көлемінде ауыл мектептеріне келген жоғары білімді педагогтарға ғана төленіп келген демеуқаржы 2009 жылдан бастап 70 мың теңгеге өсіп, орта арнаулы білім алғандарға да беріле бастапты. Ал қала мектебіне келген жастар үшін бұл қаржы 100 мың теңгені құрайды.  

- Екібастұздан басқа ешбір жерде бюджеттік қаражаттан қала мұғалімдеріне демеуқаржы берілмейді. Біз неге ондай «жомарттық» танытып отырмыз?- мәслихат хатшысының бұл сұрағына Гүлнәр Кеңесқызы:

- Қалаға келгендердің бәріне бірдей демеуқаржы төленбейді, тек физика- математика сияқты аса қажетті пәндерден сабақ беретін мұқтаж мамандарды өзімізге тарту үшін төлейміз,- деп жауап берді. Осы тұста Ғалия Шәкірқызы еңбекпен қамту бөлімінің бастығы Серік Арыстановқа да демеуқаржының орнымен төленуін қатаң қадағалауды тапсырды.

Жалпы, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді (2006 жылы - 14786,0 мың теңге; 2007 жылы – 26501,0 мың теңге; 2008 жылы – 94655,0 мың теңге; 2009 жылы – 64134,0 мың теңге). Осының арқасында мектептерде пәндік кабинеттер көбейе түсті. Яғни, оқушылардың сапалы білім алуына қажетті жағдайдың бәрі жасалуда. Биылғы ҰБТ қорытындысы білім сапасының былтырғыдан 20 пайызға өскендігін көрсетіп отыр. Бірақ еліміздің қай түкпірінде болмасын мектеп түлектерінің ҰБТ кезінде білімнен гөрі қалта телефонымен қаруланғанды жөн санап жүргенін ашық айта қоймасақ та, көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Тұрақты комиссияда да осы жайттың бір шеті «жылт» ете қалды.

- Иә, жыл санап кабинеттер қатары көбеюде. Ал сапа тиісінше өсіп жатыр ма? МАБ нәтижелеріне қарасақ, білім сапасы өткен жылғыдан жарты-ақ пайызға өскен. ҰБТ қорытындысында сапа 20 пайызға өсіп шыға келіпті. Осы екі көрсеткіш арасының жер мен көктей болып кетуі көңілге күдік ұялатады. ҰБТ-нің де қалай өтіп жүргенін білеміз, биыл тіпті балалардың ұялы телефон пайдалануына қалай тосқауыл қоямыз деген сұрақ туындаған. Сондықтан, педагогтар қауымы өз жұмыстарына есеп беріп, өздеріне-өздері сын көзбен қарағаны жөн шығар. Қаржының қайтарымы болуы керек қой,- деді Ғалия Шәкірқызы.

Бұл жерде біз мұғалімдер қауымын кінәлаудан аулақпыз. ҰБТ кезінде телефон, фотоаппарат қолдану – бүкіл мемлекетті жайлап отырған індет. Бір Екібастұзды тәртіпке келтіріп алу оңай-ақ болар, алайда өзге жұрттың бәрі телефон көмегіне жүгініп жатқанда, біздің оқушыларымыздың көрсеткіштері олардың арасынан төмендеп, өз-өзімізге обал жасап аларымыз хақ. Сондықтан ҰБТ «індетін» жою үшін ҰБТ өткізу жүйесін түп-тамырымен өзгерткен жөн болар. Қай жағдайда да шәкірттерді өз біліміне үміттендіргенді ұстаздар жағы да ұмытпағаны ләзім.

Тұрақты комиссияда депутаттардың сын садағына «Мектеп ауласы» жобасы да ілінді. 2008 жылы аталмыш жоба аясында кәсіпкерлердің қолдауымен №9 орта мектептің ауласы жаңарып, жайнап шыға келгенін білеміз. 2008 жылы республикалық байқауда жүлделі 3-орыннан көрінген жоба әзірге сол жетістікті қанағат тұтып, ілгерілей қоймаған сыңайлы. «Нұр Отан» ХДП ЕФ төрайымының орынбасары Самат Рамазановтың осыған орай: «Мектептерді аралаған кезде байқағанымыз, көптеген білім ошағының ауласы, маңайы жарықтандырылмаған. Мектепке барар жолдар да сын көтермейді екен. Қыстыгүні қараңғыда жүріп-тұру қиын», - дегенін естіп, «Директорлардың аталмыш жобаны жалғастырулары керек-ақ екен деген ойға қалдық.  

Білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы сөз болғанда, Гүлнәр Сванқұлова 31 шілде күні ауыл мектептерінің бәріне де көмір жеткізіліп болғанын айтты. Осы тұста қалалық мәслихаттың депутаты Дүйсенбек Оспанов:

- Былтырғы көмірдің 30 пайызы ұсақ болып, дұрыс жанбады. Соның салдарынан ауыл мектептерінің отыны қыстың соңына дейін жетпей де қалып жатты. Былтырғы қыстың қандай болғанын өздеріңіз білесіздер. Ал Көксиыр мен Жақсыаттың апаттық жағдайда, ілініп-салынып тұрған мектептерінің халі тіптен мүшкіл. Бұл проблеманы сіз екеуіміз ішімізде сақтап отыра береміз бе, баяндамаңызда ол мектептерді неге атап көрсетпедіңіз? – деп, ауыл мектептерінің «мұң-зарын» ортаға салды.

Білім бөлімінің бастығы Көксиыр мен Жақсыат мектептерінің жай-күйі алқалы жиындарда талай аталып жүргенін тілге тиек еткенімен, депутаттар арасынан бұл жайдан құлағдар жан байқалмады. «Мәселе ертерек көтерілгенде, әлдеқашан республикалық трансферттерге қол жеткізген болар ма едік?..» - деп, өкініш білдіргендер де болды. Қалай дегенмен, бүгін-ертең Көксиыр мен Жақсыат мектептерінде оңалып кеткелі тұрған ештеңені байқамадық. Ал көмір сапасына келсек, ауыл мектептерін қыстық отынмен қамтамасыз етуші «Богатырь Көмір» Компаниясы екен, алдағы уақытта басшылардың жоғарыдағы ескертуді осы кәсіпорын басшылығына жеткізгені дұрыс шығар.

Комиссияда көбірек талқыға түскен сұрақ - мектептердегі жөндеу жұмыстары. Олай болатын жөні де бар. «Жол картасына» кіріксе де, жөнделіп жарымаған №16 мектептің төңірегіндегі дау-дамайдан көз ашқанымыз жаңа. Ол аздай, депутат Рафик Қазбеков: «№13 орта мектептің төбесі былтыр «Жол картасы» бойынша жөнделіп еді. Қазір мектептің төбесі бұрынғы, жөнделмеген кезіндегіден де нашарлап кеткен жайы бар. Жөндеу жүргізген мердігер келіп, шатырға шығып, бірдемені жөндегенсіп кететін көрінеді. Бірақ оңып жатқан шатыр жоқ. Аққан су әлі ағуда. 18 қыркүйекте жөндеудің кепілдік мерзімі өтіп кетеді, мердігермен соттасқан күннің өзінде сот шығынын кім төлемек?»- деді. Рафик Жәкенұлының сөзіне сенсек, «Жол картасынан» соңғы «жұт» №35 мектепті де айналып өтпегенге ұқсайды.

- Ол мектепті жөндеуден өткізгендер құрылыс материалдарының зауытта сапасыз жасалғанын айтады,- деп, Гүлнәр Кеңесқызы бұл жайттан хабардар екенін білдірді. Қысқасы, оты отырыста мектептердегі шаруашылық, әсіресе, жөндеу саласының тұралап жатқаны айқын аңғарылды.

«Директорлар өз мектептерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына бас-көз болып, бақылауды күшейтулері керек», «Біздің қалада жөндеу жұмыстары индустриясы дамымаған», «Педагогтың міндеті – шатыр жөндеу емес, бала оқыту» деген алуан пікірде мектеп басшыларын кінәлау да, ақтау да бар. Самат Жайынұлы болса: «Біз бірнеше мектептерді аралап көрген едік. Қаладағы 8 мектептің төбесінен су ағып тұрады. Басқаларында да мұндай проблема мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Директорлардың жұмыстары шашыраңқы, жөндеуге смета құруда да, жұмысты ұйымдастыруда да жүйелілік жоқ. Өз басым әр директордың ойына не келсе, соны істеп жүргенін түсіндім»,- дейді. Ғалия Шәкірқызының да: «№16 мектепке 32 млн. теңге бөліп, одан не ұттық? Былтыр бір балабақшаға 26 млн. теңге бергенімізде, басшысы сол қаржыны ұқсатып, ғимаратты жарқыратып қойды. Бәрі де басшыға байланысты. Жұмысына жан-тәнін салған адамның жақсы нәтижеге жетері анық»,- деген уәжі осыған саяды. Ендеше, орыс халқының: «Иесі қандай болса, ауласы да сондай», дегенін ұмытпай, әркім өз жоғын өзі жоқтап, барды ұқсата білуге тырысқаны абзал. Депутаттардың: «Жыл сайын 5 есік, 10 терезе, 100 метр құбыр ауыстырғаннан ештеңе ұтпаймыз. Төбеден су ағып тұрса, басқасын жөндегеннен не пайда?» - деген сауалын да көңілге түйсек керек. Қалалық мәслихат депутаты Роза Өмірбайқызының да мектеп басшысы ретінде көрген-білгені мол. Оның: «Біз ағымдағы жөндеуді жүргізгенімізбен, ірі проблемалар сол күйі қалып келе жатыр. Сондықтан жөндеу жұмысын шатыр мен жылу құбырларынан бастауымыз керек»,- деген ұсынысы жерде қалмас деп үміттенеміз.  

Сөз ауаны ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жайына ауысқанда, білім бөлімнің басшысы бөлімдегі жалғыз заңгердің аздық ететінін, қосымша штат қажеттігін атады. Бірақ бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапқан жоқ. «Мектептердегі әлеуметтік педагогтар не істемек? Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құжаттарын рәсімдеуге және осы саладағы басқа да шаруаларға солар қолғабыс етсін»,- деді олар.  

Қалалық мәслихаттың депутаты Владимир Егер де орайы келгенде:

- Солнечный кентінде мектеп директорына бір жылдары пәтер берілген екен. Одан бері мектепте бірнеше директор ауысты. Сонда қалай, келген басшы пәтер алып, кете беруі керек пе? Сұрау болмаушы ма еді?- деп, көкейінде көптен жүрген сауалды ортаға тастады.  

Депутаттар пікірталасы мектептердің асханасын да айналып өтпеді. Түсінгеніміз, асханаларды кәсіпкерлер жалға алғанымен, оларға ыдыс-аяқ, бюджет қаржысына сатып алынады екен. Мәселен, жуық арада санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандарының және прокуратураның талабымен 5 млн. теңгеге жаңа ыдыс-аяқ алыныпты. Осы арада «Балаларға тамақ сатудан тапқан түсімдерін қалталарына салатын кәсіпкерлер неге қазынаның ақшасынан ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс?» деген сұрақтың тууы заңды. Дегенмен, мәселе уақыт өте келе шешілетін түрі бар. Бүгінгі күні бірнеше асхана мектеп балансына өтіпті, басқа мектептердің де өз асханаларына иелік ететін күн алыс емес шығар. 

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

 

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (02.09.2010)
Қаралды: 629 | Тегтер: Білім саласы, қалалық маслихат, мәселе қаралыд | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017