Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Керексіз маман неге көп?

Қалалық әкімдікте өткен кезекті жиында оқу орындарын бітіріп шыққан түлектердің жұмысқа орналасу жайы сөз болды. Қала әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жетекшілік еткен жиынға қала әкімінің ішкі саясат, еңбекпен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімдерінің, қаламыздағы оқу орындарының басшылары қатысты.

Бүгінгі таңда оқу орындарынан диплом алып шыққан мамандардың көбі нарықтағы сұранысқа сай емес. Оны ара-тұра өткізілетін еңбек жәрмеңкелерінен де аңдаймыз. Мәселен, экономист, бухгалтер, заңгер, ақпараттық желі мамандарының жұмысқа орналасуы өте қиын. Сол сияқты, соңғы жылдары теміржол кәсіпорындарында жұмысшылардың саны мен жұмыс кестесінің қысқаруы сияқты жағдайлар жиі орын алғандықтан, теміржол тасымалын ұйымдастырушылар мен басқа да теміржол мамандарын лек-легімен даярлау ақылға сыймайтын сияқты. Соған қарамастан, жыл сайын жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан мемлекеттік гранттармен және ақылы негізде оқып шыққан сұраныссыз мамандар жұмыссыздар қатарын көбейтуде. Бұл орайда Ресейде жұмыссыз жүрген офицерлер санын азайтпақ ниетпен биылғы жылы әскери оқу орындарына курсанттар қабылдаудың доғарылғаны еріксіз еске түседі. Біздегі кейбір орта арнаулы оқу орындары да мұндай қадамды теріс көрмей, бірді-екілі мамандықтар бойынша қабылдауды тоқтатыпты. Мәселен, Екібастұз политехникалық колледжі биыл «Жылжымалы составқа техникалық қызмет көрсету», тағы басқа бір-екі бөлімге бала қабылдамағанды жөн көрген. Ал №18 кәсіптік лицей жыл сайын нарық талабымен санаса отырып, оқытуға лицензиясы бола тұра, кей мамандықтарға оқыту жүргізбейді. Мысалы, биылғы жылы аталмыш оқу орны шаштараз бен тағам өндіру мамандарын оқытуды қажет деп таппаған. Есесіне, осындай керексіз мамандықтардың орнын аса қажеттілері басуы керек еді. Бірақ нарықтың беталысын өз беттерінше болжауға оқу орындары қауқарсыз. Зәру мамандықтарды анықтау, кәсіптік бағдар беруді заман талабына бейімдеу - облыстық білім беру басқармасының құзырындағы шаруа. Аталмыш басқарма еңбек нарығының жай-күйін дөп біліп, оқу орындарына жөн сілтеп отырса, білім беру мекемелері өз-өздерін сабақ беретін мамандармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, лицензия алуға мүдделі.

Жұмыссыздықты жоюды көксейтін «Жол картасы» да өз мақсатына толық жетер түрі көрінбейді. Өйткені бұл бағдарлама да аспаз, шаштараз, тігінші, тағы басқа өзімізде онсыз да толып жатқан мамандарды даярлауда. Осылайша, қолына қағаз алғанымен, «дүниенің кетігіне кірпіш болып қалана» алмағандардың көбеюінен мемлекет қаржысының желге ұшып жатқанын да байқаймыз.

Жұмыссыздықты ауыздықтай алмай отырғанымыздың тағы бір себебі – аймағымыздағы көптеген кәсіпорындардың, әсіресе теміржол кәсіпорындарының жастар тәжірибесіне құлықсыздығы, жас мамандарды жұмысқа алуға ықылассыздығы.

Осы мәселеде таяқтың бір ұшы оқу орындары басшыларында жатқанын да еткен шығаруға болмас. Олай дейтініміз, бірнеше жыл бойы балалар оқуға ата-анасының қыруар ақшасын шығындайды. Ақша алуды білген оқу орындары өз түлектерінің сапалы біліммен қаруланып, өмірден өз орнын табуына ықпал етуі тиіс қой. Барлық жұмыссыздардың жүгін мемлекеттің мойнына арта берудің өзі жөн болмас.  

Қысқасы, еңбекпен қамту саласында ақылдасып шешетін түйінді проблемалар жетіп артылады. Нақты бір жүйе болмайынша, жұмыссыздықты жуық арада жою іске аса қоймас...   

Бисенғали Бекетов, Қ.Сәтпаев атындағы ЕИТИ ректоры:

-Жастардың бірден жұмыс таба алмайтыны – олар ә дегеннен жоғары жалақысы бар жұмысқа ұмтылады. Бәріне бірдей ондай орын қайдан табыла берсін? Кез келген инженер маман еңбек жолын жұмысшы болып бастауы керек. Жұмыс берушілер кейде өздеріне қажетті мамандарға тапсырыс беруін берсе де, артынан олардың тағдырларына немкеттілік танытады.

Гүлсім Ақмолдақызы, Екібастұз инженерлік-техникалық институт колледжінің директоры:

-Біз екінші жыл қатарынан құрылысшыларды даярлауды тоқтатуға мәжбүрміз. Өйткені қаламызда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанымен, тендерді басқа өңірлердің кәсіпорындары жеңіп алады да, өз мамандарымен келеді. Құрылысшыларға да сұраныс жоқ.  

Серік Арыстанов, еңбекпен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бастығы:

-Оқу жоспарын жұмыс берушілердің талабына бейімдемей болмайды. Өйткені кәсіптік қайта даярлаудан өткен азаматтардың да көпшілігі жұмыссыз жүр. Жұмыссыздарды кәсіптік оқуға бағыттайтын облыстық білім беру басқармасы жұмыс берушілердің талаптарымен санасып отырған жоқ. Жыл сайын жұмыс берушілер 300-ге тарта бос орын ұсынғанымен, оларға қажетті мамандарды даярлау ескерілмейді. Қысқасы, сұраныс пен оқыту бір-біріне сай емес.

Жанаргүл Қадырова

 

 

Дерек пен дәйек

Былтырғы оқу жылында аймағымызда 2230 оқушы 9-сыныпты бітіріп, оның 1336-сы 10-сынып табалдырығын аттаған. 605-і арнаулы орта оқу орындарына, 265-і кәсіптік лицейлерге түсіпті.

11-сынып бітіргендер саны – 999. Оның ішінен кәсіптік лицейлерге барғаны – 21, арнаулы орта оқу орындарына түскені – 305, жоғары оқу орындарында оқып жүргені – 572. 49 бала шалғай аймақтарға кетсе, 48 түлек қала кәсіпорындарында еңбектенуде.

9-сынып бітірген 600 оқушы, 11-сынып бітірген 306 оқушы ақылы негізде білім алуда. Грантқа қол жеткізген түлектер саны – 289.

Педагогикалық мамандықтарды таңдағандар – 65, медицина саласын қалағандар – 97, инженерлік мамандыққа бет бұрғандар – 617.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (17.09.2010)
Қаралды: 449 | Тегтер: Маман | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017