Ұстаз болу,
шәкірт тәрбиелеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Жан жылуын, бар
білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге оқып-тоқыған азамат
болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес.
Солардың бірі қаламыздағы №26 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің
мұғалімі Айман Қалиқызы Қалиева. Көп жылдан бері осы мектепте бастауыш сынып
мұғалімі, бастауыш сынып циклі жөнідегі оқу ісі меңгерушісі болып қызмет
атқарып жүрген Айман апай ұжымның да мақтанышы.
Оның әр ісінен
шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көре аласың.
Өзінің әдістемелік шеберлігін шыңдап, оқу үрдісіне жаңа технологияларды
енгізуде өзіндік жүйе қалыптастырған ұстаз 2-сыныптарға арналған диктанттар
жинағын, 3-сыныптарға арналған математика пәнінің бақылау жұмыстар жинағын
құрастырды. Оның бұл еңбектері Алматы қаласында өткен республикалық
ғылыми-практикалық конференцияда жоғары бағаланды.
Ұстаз еңбегінің
таразысы – оның оқушыларының білімі. Айман Қалиқызынан дәріс алған оқушылар
облыстық, қалалық білім додаларында шыңнан көрінуде. Атап айтсақ, Данияр
Хамитов пен Қуаныш Ғибатов «Кенгуру» халықаралық математикалық ойын-сайысында
жүлдегер атанды. Қуаныш облыстық интеллектуалдық сайыста да 2-орынды иеленіп, ұстаз
абыройын асқақтатты. «Ақбота» марафонына қатысқан Айдынбек Түсіпжан да 3-орынды
иеленді.
Айман Қалиқызының
тәлімгерлік тәжірибесі де мол. Мектебімізде бастауыш сынып циклын басқаратын
оның жанынан әріптестері де үйіріліп шықпайды: тәлімгерден тағылым алып,
әдістемелік көмек сұрайды. Әрдайым қолұшын беріп, әріптестік ақыл-кеңесін айтып
отыратын Айман Қалиқызын олар үлгі тұтады.
Ұстаздықтан өз
бақытын тапқан асыл жан Айман Қалиқызы бүгінде зейнет жасына толды. Әріптестері
оны осынау мерейтойымен құттықтап, зор табыстар, шәкірт тәрбиелеуде қанаты
талмасын деп тілейді.
Ғалия Ақмолдина, №26 жалпы орта білім беретін
қазақ мектебі