Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Манарбек - Назарбаев университетінің студенті

Талаптыға нұр жауар

Манарбек - Назарбаев университетінің студенті

-Мен Назарбаев университетіне түстім!

Манарбектің бұл сүйінші хабары «Зерде» мектебін лезде шарлап өтті. Биыл ғана мектептен түлеп ұшқан Манарбек Нұркенов шілде айында  ашылған Назарбаев университетіне оқуға түсіп, ата-ана, ұстаздарының үмітін ақтады, мектебі мен туған қаласының мерейін үстем етті.

Еліміздің ТҰҢҒЫШ Президентінің есімі берілген республикамыздағы ТҰҢҒЫШ халықаралық деңгейдегі университеттің қабылдау сынақтарынан сүрінбей өткен 500 студенттің бірі -ТҰҢҒЫШ екібастұздық өренді біз де құттықтауға асықтық.

Манарбекпен жолығудың сәті тек 1 қыркүйек күні түсті. Ол өзі жайлы, университетке түсуге қалай әзірленгені туралы біраз әңгімелеп берді.

Сыннан сүрінбей өтті

Манарбек кейбіреулер сияқты ешқашан баға үшін оқыған емес. Кілең «беске» оқуға да тырыспайтын. Бала күнінен өзін қызықтырған тақырыптарды ғана өздігінше меңгеріп алатын. 11-класқа көшіп, болашақ мамандығын таңдауға кезек келгенде, сұранысқа ие мамандық иесі болуды қалады. «Дамыған технологиялар заманын билейтін инженерлер бізде әлі де аз. Сондықтан инженер боламын»,- деген Манарбек ҰБТ-уде бесінші пән ретінде физиканы таңдап, математика екеуін тереңірек білуге күш салды.

Ғаламторды «Қазақстанда Назарбаев университеті ашылмақ» деген жаңалық жаңғыртқанда, бүкіл ел елең етті. Әсіресе білімдар жастар мұны таптырмас мүмкіндік деп қабылдады. Ағылшын тіліне жүйрік Манарбек те бұл мүмкіндікті құр жібермеуді ойлады. Қазақстан жастарының әлемдік жоғары деңгейдегі ғылым мен білімнен сусындауына жағдай туғызбақ университетке түсудің басты шарты - ағылшын тілін жетік меңгеру. Осыдан соң Манарбек математика, физика пәндерін де ағылшынша түйсінуге ден қойды. Аталмыш университетке түсу емтиханының «ВСЕРТ» деп аталатын алғашқы кезеңі наурыз айында Павлодар қаласында өтті. Онда оқуға ниет білдірген әрбір жастың ағылшын тілін меңгеру деңгейі сараланды.

- Ағылшын тілінен жазбаша, ауызша тапсырмалар берілді. Барлығын ойдағыдай орындап шықтым. Келесі «IELTS» сәуірде,  «SET» кезеңі шілдеде Астана қаласында өткізілді. Онда математика, физика пәндерінен есептер шығарып, теориялық біліміміз тексерілді. Қашанда ең қиыны күту ғой, емтиханның әр кезеңін тапсырып келген соң, ғаламтор арқылы оның нәтижесін күтумен болдым,-дейді Манарбек.

Сүйінші хабар сарша тамыздың соңында жетті. Талапкерлер мен олардың ата-аналарын Астанаға жинаған университет басшылығы оқуға қабылданған 500 студенттің тізімін әйгіледі. Емтиханның үш кезеңінен де сүрінбей өткен Манарбектің де есімі сол тізімде аталды.

Анам мен ұстаздарымның арқасы...

Ағылшын тілін үйренуге Манарбек 7-кластан бастап ден қойыпты. Анасы Гүлнәр Құсайынқызы баласының тіл үйренуге деген бейімін байқап, қолдан келген жағдайдың бәрін жасаған.

-Күнделікті қолданыстағы заттардың ағылшынша атауын тез меңгерсін деп мен үйдегі бар бұйымға олардың ағылшынша аталуын жазып бір-бір парақ іліп қойып жүрдім. Қолым қалт еткенде баламнан «мынау не?», «анау қалай аталады?» деп сұрап отырдым. Үйімізге келген адамдардың ішінде: «мынасы несі? Үйің толған жапырақ –жапырақ..»,-деп күлгендер де болды. Бірақ менің бұл әдісім баламның қызығушылығын артырғанын білем,-дейді Гүлнәр Құсайынқызы.

Қамқор ана баласының қабілетін шыңдауда жаңа технологияларға да жүгінген. Шет тілін меңгерудің тиімді әдіс-тәсілдерін Манарбекпен бірге зерделеп, баласының жанкүйер қолдаушысына айналған. «Мені білімге жетелеген ең алдымен асыл анашым болса, »,-дейді бүгінде анасының үкілеген үмітін ақтаған Манарбек.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демей ме. Зерек шәкірттің өзін білім нәрімен сусындатқан «Зерде» мектебінің ұстаздарына айтар алғысы мол. Ағылшын пәнінен алғашқы мұғалімі Жания Жанболатқызының арқасында пәнге деген ынтасы артса, кейіннен сабақ берген Дидар Тілегенқызынан ағылшын тілінің қыр-сырын тереңірек үйренді.  Жаһандық тілді жан-жақты оқумен қатар Манарбек математиканы да қызыға оқыды. Оған мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Қарлығаш Адамқызының  септігі тиді.

-Математикаға ыңғайы жоқ баланың өзін сандар әлемінің сиқырына еліттіретін апайға айтар алғысым шексіз,-дейді зерек шәкірт.

Білімді жастарға жол ашық

Елбасының атын иемденген жаңа білім ордасы әлемнің маңдайалды жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді. Мұнда әлемнің таңдаулы деген 11 оқу орнының ғалымдары дәріс бермек.  Университетке биыл қабылданған 500 студенттің бәрі дерлік грантпен оқымақ. Оған қоса жоғары курстарда шетел оқу орындарына барып білім алуға да мүмкіндік бар.

-Университет ғимаратының өзі көзтартарлық керемет дүние. Зәулім сарайды сәулет өнерінің туындысы ма дерсің. Ішінде шабдал шамдар жарқырап, субұрқақ күміс сәуле шашып, небір экзотикалық өсімдіктер жайқалып тұр. Жатақханасында да бізге әлемдік стандарттарға сәйкес барлық жағдай жасалған. Оны көзімізбен көріп қайттық,-деді Манарбек университет жайлы әңгімесінде.

Манарбекпен сұхбаттасқанда түйгеніміз, инженерия, медицина және энергетика салаларының мамандарын оқытатын бұл оқу ордасына заманауи білімге құштар кез келген жас түсе алады. Қабылдау емтихандары кезінде талапкердің жеке куәлігі мен мектеп табельдерін ғана қабылдаған комиссия олардың ағылшын тілі мен таңдаған саласына сәйкес пәннен алған білімін тексерген. Тіпті ҰБТ сертификатында белгіленген ұпай санының да қажеті болмаған (Манарбек ҰБТ-уде 121ұпай алған). Ендеше, біліміне берік сенімді жастарға жол ашық.

А.ЗАЙЫРГЕЛДІ

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (09.09.2010)
Қаралды: 1046 | Тегтер: талапкер, Назарбаев университеті студенті Ман, студент | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017