Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Офицер болғыңыз келсе...

«Нұр Отан» ХДП ЕФ кеңсесінде «Қызықты адамдармен кездесу» айдарымен дөңгелек үстел өтіп, отырыста мектеп оқушылары мен әскери оқу орындарының студенттері Екібастұз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлім қызметкері Нұрлан Омаровпен пікірлесті.

Талай жылдан бері әскерге және келісімшарт қызметіне қабылдау бөлімін басқарып келе жатқан Нұрлан Жәнібекұлы оқушыларға әскери білім беретін оқу орындарының қыр-сырын әңгімелеп, әскери қызметтің артықшылықтары жайынан сыр шертті.

Нұрлан Жәнібекұлының айтуынша, біздің өңірімізден қазір әскери оқу орындарында 40 студент (17-сі – Қазақстанда, 10-ы Ресейде, 3-еуі – шетелде) білім алуда. 5-11-сыныптар аралығындағы балаларды оқытатын республикалық «Жас ұлан» мектебінде - 7, Щучинск кадет корпусында - 3 екібастұздық ұлан өз білімдерін әскери тәртіппен ұштастыруда.

-Әскери оқуға түсу үшін балаға қойылатын негізгі үш талап – жүрек қалауы, білім деңгейі және денсаулығы,- дейді Нұрлан Жәнібекұлы.- Қазақстандық және шетелдік әскери оқу орындарына түскендерді мемлекетіміз өзі қамтамасыз етеді. Яғни, оқу, жатақхана, тамақ – бәрі де тегін. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерде «қайда жұмысқа тұрам» деген уайым болмайды. Бұл әскери  оқу орындарының басқалардан артықшылығы деуге болады. Жоғары оқу орнының дипломын алған түлекке бастапқы әскери шен – лейтенант шені беріліп, жұмыста да әскери киім-кешек беріледі. Әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер де көп. Мәселен, әскерилер зейнетке 45 жастан жіберіледі. Ал 45 деген ер адамның нағыз қылшылдап тұрған шағы емес пе?!

Нұрлан Омаров әскери оқу орындарына қыздардың қабылданбайтынын атап өтті, соған қарамастан погон тағуға ықыласты қыздар өте көп екен. Армандары орындалып, қаламыздан соңғы жылдары әскери қызметке келісімшарт негізінде алынған бірді-екілі бұрымдылар бар. Жалпы, өмірлерін әскермен байланыстырғысы келген қыз балалар болса, бұл салаға дәрігер, байланысшы, басқа да әскери тірлікке қажетті мамандықтар арқылы талпынуларына болады.

Отырыста туған қалаларына демалысқа келген Алматыдағы әскери радиоэлектроника және байланыс институтының курсанты Игорь Побуждаев, Алматы құрлық әскері әскери институтының студенті Жеңіс Омаров және Түркиядағы Халықаралық әскери-теңіз академиясында білім алып жүрген Дәулет Шыңғысхан курстанттық өмірдің қызығы мен қиындығы туралы ой бөлісті.

Ағылшын, американ, түрік тілдерінде білім алып жүрген Дәулет өзінің оқуы теңіз сапарларымен байланысты екендігін, қазірдің өзінде Украина, Грекия, Италия, Германия, тіпті Африка елдеріне барып қайтқанын тілге тиек етті.

-Оқуым тәмамдалған соң Ақтау флотында еңбектенетін боламын. Еліміздің флотын көтеруіміз керек,- дейді шет жерде отансүйгіштік дегеннің не екенін жақсы түсінген Дәулет. Ал Жеңіс болса 9 мамырда Елордада өткен әскери шеруге қатысыпты. Осы тұста Дәулет те, Жеңіс те қаламыздағы кадет мектебінің түлектері екенін ерекше атап өткіміз келеді.    

Өте қызықты әрі пайдалы мағлұматқа толы басқосуда оқушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарға толыққанды жауаптар алды.

РS. Отырыс басында шараның Конституциямыздың 15 жылдығына, Жеңістің 65 жылдығына және Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырылғаны айтылған еді. Алайда әскер тақырыбын қаузаған дөңгелек үстел басында Бауыржан атамыз туралы екі ауыз сөз айтылады екен деп, батырдың мерейтойын бұл жерге кіріктіргеніміз жөнсіз. Қазақ тарихында соғыстағы ерлігімен ғана емес, қайтпас қайсар мінезімен, қайталанбас ұлтжандылығымен қалған, «қанмен кітап жазған» аңыз-ата Бауыржанның тойын алдағы уақытта өз дәрежесінде атап өтерміз деп ойлаймын.

Жанар ӘБДІКӘРІМ           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (23.09.2010)
Қаралды: 529 | Тегтер: Отан, Әскери қызмет | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017