Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Білім мен ғылым

Жан дүниеңе үңілтетін жаңа пән

Биыл балабақша, мектеп бағдарламаларына тағы бір жаңа пән қосылды. 2001 жылы республикалық «Бөбек» білім беру-сауықтыру орталығының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен қолға алынған «Өзін-өзі тану» деп аталатын эксперименттік жоба әзірленді. Кейінгі жеті жыл ішінде республикамыздың түкпір-түкпірінде эксперимент ретінде жүргізілген курс апробациялаудан табысты өтіп, биыл елдің білім беру-тәрбие жүйесіне жол тартты. Бүкіл елімізде жаз айларында аталмыш пәннен сабақ беретін мұғалімдер таңдалып алынып, 36 сағаттық арнайы курстарда оқытылды. Біздің өңірде мұндай курстан 86 мұғалім өткен. Осы жерде пәнді жүргізетін мұғалімдердің таңдап алынуына тоқтала кетсек. Өскелең ұрпаққа адамгершілік-рухани білім беру мен тәрбиелеу басымдылығының мәнін күшейтуге бағытталған өзін-өзі тану пәнін оқыту көбіне гуманитарлық бағыт мамандарына сеніп тапсырылады. Психология, тіл, тарих, әдебиет, жалпы шығармашылыққа жақын жандардың баланың бойындағы асыл қасиеттерді ашуға бейімділігі ескерілсе керек.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бұйрығымен оқу бағдарламасына енгізілген жаңа пән балаларға не береді? Онсызда жылдан жылға күрделене түсетін оқу бағдарламасына бұл пән артық емес пе екен? Пәннің негізі психология ма, жоқ әлде философия ма? Жаңа пән оқулықтары жеткілікті ме екен? Осы күні кез келген ата-ананы мазалап жүрген бұл сауалдарға тиісті мамандар жауап берді.

Ботагөз Шариазденқызы Зекенова,  №26 жалпы орта білім беретін мектебінің өзін-өзі пәні мұғалімі:

-Өзін-өзі тану пәні оқушыларды өзінің бойындағы жақсы қасиеттері мен кемшіліктерін тануға үйретеді. Өзіне және өз күшіне сенуге, жақсылық жасау, білімге құштарлық, өз бойындағы асыл қасиеттерді жетілдіруге баулиды. Дене, психологиялық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық дамуда үйлесімділікке жету қабілетін ашады, дамытады.

Біздің балаларымыз көбіне ұяң келеді. Жасқаншақтау болады. Біліп тұрғанын айта алмай именіп, өзін көрсете алмайды. Өзіңе мінездеме бер деп тапсырма берсең, көпшілігі айтарға сөз таппай күмілжиді. Оқу жылы басталғалы бері 5-6 сыныптарда сабақ өткіздім. Сонда байқағаным, балалардың біразы өзі туралы әңгімелеуге ұялады. Пікірлерін ашық айтуға қымсынады. Әрине араларында өзі жайлы айтып, кластастарының ортасында өздерін еркін ұстап, ойларын ашық жеткізетін оқушылар да бар. Бірақ олар өте аз. Міне, өзін-өзі тану пәні осы жағдайларда көп көмектеседі.

Күнделікті өмірде мейірім, адамгершілік, рухани байлық туралы ойлана бермейміз. Әбден жұмысбасты болған ата-аналар ішінде баласына осы құндылықтар жайлы әңгімелеп, түсіндіріп беретіндері некен-саяқ. Пән осы олқылықтарды толтыруда да жәрдемші болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарда адам өзін қалай ұстауы керек, өзін-өзі тану соны үйретеді. Бірақ мұны тек психология деп түсінбеу керек. Адам өзін түсіну арқылы өзгені де түсінуге, оны сыйлауға, өзгенің пікірімен санасуға үйренуі тиіс. Пән соған бағыттайды.

Мұнда этнопедагогика да, әлем халықтарының рухани мұралары жайлы да деректер мол.

Өзін-өзі тану оқулығында қазақ халқының, сондай-ақ әлем халықтарының нақылдары, әдебиет, өнер жұлдыздарының туындыларынан үзінділер, тағылымды тәмсілдер көптеп берілген. Оқушыларға жеңіл тілмен жазылған.

Өзін-өзі тану сабағы аптасына бір-ақ рет өткізіледі. Әр жартыжылдықта оқушылардың білімі тек сынақпен бағаланады. Көбіне оқушының шығармашылық жұмыстарын бағалайтын боламыз.

Айжан Хамзақызы Жұмабаева, Екібастұз қаласы әкімдігінің білім бөлімі бастығының орынбасары:

-Бұған дейін өзін-өзі тану қаламыздағы №35 орта мектептің бастауыш сыныптары мен №9 балабақша бағдарламаларына эксперимент ретінде енгізілді. Пәннің сыннан сәтті өткенін де айту ләзім.

Мемлекеттік стандарттың негізгі бөліміне енгізілген жаңа пән 1-11 сыныптардың барлығында өткізілмек. Бастауыш сыныптарда оны бастауыш сынып мұғалімдері жүргізе алады, орта буында пән мұғалімдері, 10-11 сыныптарда мектеп психологтары сабақ береді. Ең бастысы ол мұғалімдердің бәрі дерлік курстан өтуі тиіс. Оқу жылы басталмас бұрын жаңа пәнді оқытатын мамандар арнайы курстарда оқып, сертификат алып қайтты.

Аталмыш пәнді енгізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, оқулықтар шығарылды. Өткен аптадан бастап оқулықтың біраз бөлігі қалаға жеткізілді. Әлі де жеткізілуде. Бүгінде олар балабақша, мектептерге таратылуда.

Алдағы уақытта әр балабақшада, әр мектепте өзін-өзі тану пәнінің кабинеті жабдықталатын болады. Оған барлық мүмкіндіктер бар.

Болашақта аталмыш пәнді оқытатын арнайы мамандар даярлауға айрықша көңіл бөлінбек. Ол үшін мектеп түлектерінің арасында насихат жұмыстары жүргізіліп, келешегін ұстаздықпен байланыстырғысы келетін жастарды өзін-өзі тану пәнінің маманы болуға шақырамыз. Бүгінде Алматы педагогикалық институтында аталмыш пән мамандарын оқытатын факультет ашылды.

Тағы бір мәселе, әзірше өзін-өзі тану пәні оқытушыларына біліктілік санат берілген жоқ. Келер жылдан бастап өзге пәндер сияқты өзін-өзі тану пәні мұғалімдеріне де біліктілік санаттары берілетін болады.

 А.МЕЙРАМОВА

    

Санат: Білім мен ғылым | Қосқан: Отарка (09.09.2010)
Қаралды: 1481 | Тегтер: Білім, Өзін-өзітану | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017