Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Экология және табиғат

Депутаттар ауызсу мәселесін қозғады

Экология

Депутаттар ауызсу мәселесін қозғады

Бүгінгі таңда су ресурстарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы аса маңызды факторлардың бірінен саналады.

Облыстық мәслихаттың экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясы Павлодардағы «Нұр-Отан» ХДП-ның мәжіліс залында өткен жиында осы мәселені көтерді. «Облыстың су ресурстарының экологиялық жағдайы және оның адам денсаулығына әсері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге облыстық мәслихат депутаты Гүлнәр Досжанова төрағалық етті. Басқосуда осы сала мамандары ойларын ортаға салды.   

Су биологиялық, санитарлық-гигиеналық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Алайда мұның бәрі су коммуникацияларының инфрақұрылымы, суды пайдалануға қатысы бар салалардың техникалық және ғылыми дамуы, су нысандарын экологиялық қорғау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесімен өзара тығыз байланысты.  

Ауызсу тұтынушыға жеткенше жүздеген шақырымға созылып жатқан магистралдық, қала берді, көшедегі, кварталішіндегі су құбырлары мен тазарту жүйелері арқылы өтеді. 40-50 жыл бойына пайдаланылып, ішін тот басып, тозған құбырлар ауызсу сапасының нашарлауына себепкер. Сондықтан да ендігі міндет су ресурстарын тиімді пайдаланып, су құбырлары мен суды фильтрлеу жүйелерін жаңарту шараларын кешенді әрі жүйелі түрде қолға алу. Әйтпесе, «Қоршаған ортаны қорғау» және  «Ауызсу» бағдарламалары әсіресе, ауылдық жерлерді сумен қамту жағын толық шеше алмай келеді.  

Облыстың 80 ауылының тұрғындары күні бүгінге дейін ұңғыма мен құдық суын пайдалануға мәжбүр. Ал 15 елді мекенде су тазартатын КБМ істен шыққан. Ал КБМ жұмыс істеп тұрған ауылдардағы судың сапасын тексеруде көп сауалдар туындап отыр.

Бас прокуратура облыстың 71 ауылында ауызсу сапасы санитарлық-гигеналық талапқа сай еместігін анықтаған.  

Облыс көлеміндегі судың сапасын бақылап отыру Ертіс экология департаменті, Павлодар гидрометеорология орталығы және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының құзырында.

Ертіс экология департаменті облысқа кірер және шығар ауыздағы және Мичурино, Пресновский, Кашыр, Железинка, Северный ауылдарының бақылау нүктелерінде судың сапасын тексерумен шұғылданады. Соңғы 4 жыл көлемінде жүргізілген анализдер жыл өткен сайын су қоймаларының беткі қабатында мыс (0,0082 мг/дм3) пен мырыштың (0,04 мг/дм3), ал ауызсудағы мырыш 5,0 мг/дм3 -ке артқанын көрсетіп отыр.

Павлодар гидрометеорология орталығының мәлімдемесіне қарағанда, Ертіс суының беткі қабатында мыс тиісті мөлшерден-1,7, жалпы темір бойынша-1,8 есе, 2008 жылы мыс -1,3 есеге артқан. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанының нәтижесі мыс көлемінің1,6 мкг/л-ге ұлғайғанын айғақтады.

Осы орайда Ертіс экология департаменті инспекция бөлімінің бастығы М. З. Чукин өз сөзінде суды пайдалану жайына тоқталды. Оның сөзіне жүгінсек, ауызсу сапасына ағынды сулары құйылатын «ЕЭК» АҚ электр станциясы мен «Павлодар-Водоканал» ЖШС-інің де қатысы бар. Қытайдан бастау алатын өзен Өскемен мен Семей қалалары арқылы өтетіні белгілі. Жетпісінші жылдары Семейдің әскери әуежайында төгілген авиакеросиннен пайда болған жерасты көлі өзенге үлкен қауіп төндіруде.

Департамент Ертіс суының сапасын бақылап, мониторинг жүргізу үшін өзеннің облыс көлеміне кірер және шығар тұсында гидропост орнатуға бөлінетін қаражатқа мүдделі.

Ертіс өзені бассейнінің экологиялық жағдайын жақсартуда өзеннің антропогендік деңгейін анықтау үшін гидрологиялық, гидравликалық және гидробиологиялық зерттеуді жүзеге асыру қажет. Сонымен бірге М. З. Чукин судың ластану ошағын ауыздықтауды, су сапасын тексергенде сол жерде сол күні зертханалық анализ жасай алатын көшпелі заманауи құралға қол жеткізуді ұсынды. Оған қоса, елді мекендер тұсында суды тазартатын дренажды кәріз құрылысын салу және тозығы жеткен су шаруашылығы тораптарын анықтау мәселесін алға тартты.

Кейінгі кездері экономика қарқын алып, суды пайдалану орта есеппен 10-15 млн. текше м-ге артқан. Ал табиғатты қорғау шараларына облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз.

Қ.Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» арнасы бөлімшесінің директоры, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты В. Ф. Егер канал суының ластануына бағылмайтын малдардың да себепші екенін тілге тиек етті. «Ал суды ауру мал ішетін болса, суда қандай сапа болмақ», деді ол өз сөзінде.  

Май аудандық мәслихатының депутаты Ә. П. Дүсіпов ауызсу мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ондағы 23 елді мекеннің 12-сі ауызсумен нашар қамтамасыз етілсе, 8-і мүлдем сусыз жан бағуда. Су сапасының нашарлығынан түрлі аурулар белең алған.

Су ресурсын тиімді пайдалану ауқымды да күрмеуі қиын шаруа. Ауызсу сапасын жақсартуға бағытталған дөңгелек үстелде сөз алғандар су сапасын бақылауды ұйымдастыру, судың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсері, экологиялық жүйені тұрақтандыру жағдайын қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды.

Басқосуға қатысқандар Ертіс өзені мен Қ. Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» каналында табиғатты қорғау шараларын өткізуді, су тазарту құрылғыларын реконструкциялап, жаңа технологияға көшіру, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың кәріздерін жаңалап, ауылдардағы ауызсу сапасын жақсарту керек деген тұжырым жасады.    

Р. МОЛДАЙЫП, Павлодар қаласы

 

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

            

 

Санат: Экология және табиғат | Қосқан: Отарка (12.08.2010)
Қаралды: 1085 | Тегтер: экология, ауыз су | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017