Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Елтану

Бремен мен Санкт –Петербор сапары

Дзюдо күресінен Қазақстан құрама командасында ел намысын қорғап жүрген жерлесіміз АРМАН ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ шілденің аяғында Польшада «Еуропа кубогы» үшін өткен жарыста еліміздің көк байрағын желбіретті. Бұған дейін Германияның Бремен, Ресейдің Санкт-Петербор қалаларындағы халықаралық спорт жарыстарында болған ол газет оқырмандарымен сол сапарлардан алған әсерімен бөліседі:        

-Дзюдо күресімен айналысқалы бері Қазақстан мен Ресейдің біраз қалаларында болудың сәті түсті. Ал Еуропа кіндігінде жатқан Германияның Бремен қаласына жарысқа баруға мүмкіндік өткен наурыз айында туды. Онда Қазақстан құрама командасындағы 40 спортшының бірі болып бардым. Кішкене күнімнен «Бремен музыканттары» сүйіп көретін мультфильмім. Енді сол қаланы көзбен көргеннің өзі неге тұрады.

Сонымен біз Алматы әуежайынан таңғы сағат 6 шамасында Германияның Ганновер қаласына ұшуға «Боинг» алып әуе лайнеріне отырдық. Жүрегім лүп-лүп соғады. Бала күнімде ұшаққа отырыппын. Бірақ есімде жоқ. Германиямен арада уақыт айырмашылығы-5 сағат. Батысты бетке алып келеміз. Польша мен Балтық теңізінің үстімен ұштық білем. Телевизор көріп, стюардессалар ұсынған дәмнен ала отыра, әңгіме-дүкенмен Ганновер әуежайына да жақындадық. Иллюминатордан сыртқа көз салдым. Ұшақ қонуға таяп, төменге құлдыраған сайын жер ап-анық көрінеді. Түп-түзу жолдар мен қолмен қойғандай рет-ретімен қаз тізілген елді-мекендер. Таң енді ғана сібірлеп атып келеді. Әуежайға да келіп қондық. Ығы-жығы халық. Бірді-бір біліп болмайды. Ганноверде 6 сағат аялдап, Бремен бағытындағы автобусқа отырдық. Заулап келеміз. Алдыңдағы тамағың шайқалмайтын тақтайдай түзу неміс автобаны.

Жолай автобустағы жол көрсетуші бізді Бременмен таныстырды.

Бремен Везер өзенінің қос қапталында Солтүстік теңізге құяр сағадан 60 шақырымда орналасқан. Төменгі Саксонияда жерінде жатқан мұнда шамамен 550 мың  адам тұрады.

Ара-тұра айқұш-ұйқыш жолдар кездеседі. Елді-мекендердің тұсынан өткенде жолдың екі жағынан шуды өткізбес үшін салынған қабырға көзге шалынады. Бременнің кіре берісі  қосқабатты үйлерден тұрады екен. 

Білуімізше, Бремен қаласының негізін 787 жылы епископ резиденциясы ретінде Ұлы Карл салыпты. Қала архиепископ Адальберт басқарған 845 жылдан бастап өркен жая бастайды. Ал 1260 жылы Ганзей одағына қосылыпты. Бременнің экономикалық жағынан қарқындап дамуы архиепископтың қанатының астынан шығуына мүмкіндік береді.

Бір ғажабы, наурыз айы болса да, айнала жап-жасыл. Қадам басқан сайын ескерткішке кезігесің. Кенет Везер өзенінің сол жағындағы саябақтың ортасында тұрған Везерштадионның шет жағын көріп қалдым. Есіл- дертім халықаралық футбол жарыстары өткізілетін осы стадионды жақынырақ өз көзіммен көруге ауды. Қалайда уақыт табу керек!

Біз қонақ үйге келіп, жайғастық. Алда жарыста бақ сынасу, әрі мүмкіндігінше Бременді аралау.

Кейін ретін тауып, жолдасыммен Везерштадионын келіп көрдік. Біз барғанда мұнда Бременнің «Вердері» Испанияның «Валенсия» командасымен Еуропа Лигасы ойынын ойнап жатты. Вердер футбол клубының аренасы болып табылатын стадионның іргетасы 1909 жылы қаланыпты. 17 жыл өткен соң қайта жөндеуден өткен спорттық арена ABTS атауына ие болған. 1930 жылдан бастап бұл стадион Везер өзенінің жағалауында жатқандықтан Везерштадион деп өзгертілген. Жөндеу кезінде ойын алаңы 2 метрге шегерілген. Аумағы атшаптырым стадионға қазір 43500 футбол жанкүйері  сияды. Везер стадионының трибунасы футбол ойындары кезінде қозғалмалы бөлікпен де толығады. Қалталы жанкүйерлер мен фирмалар үшін 700 орындық 70 вип-ложа салыныпты. 1998 жылы жасыл көгалды астынан жылыту жүйесін монтаждау аяқталған. Содан бері ойын кез келген ауы райында өткізіле береді екен. Стадионды көру мен үшін бір ғанибет болды!  

Келесі күндері қолымыз қалт еткенде қаланың орталығына бардық. Онда 1405-1410 жылдарда салынған Ратушалы Базар алаңы мен ХІ ғасырдан келе жатқан Қасиетті Петр соборы бар. Базар алаңы Еуропадағы ең көрікті орындардың бірінен саналады.

Алаңның оң жағында 1966 жылы салынған қала парламенті орын тепкен. Орталықтағы орта ғасырларда салынған бюргерлік үйлердің 90 пайызы соғыс кезінде жапа шегіп, қалғаны әупірімдеп аман қалған. 

Қаладағы қашықтығы 110 метрге созылатын Бёттхерштрассе көшесі бар болғаны 7-ақ үйден тұрады. Сауда алаңынан басталатын көше өзенге барып құлайды. Құпия бас көше аталынып келген мұнда жерге біздегідей асфальт емес, тастар төселген.

Сәулет ескерткіштері болып табылатын XVI ғасырдан келе жатқан ғимараттарда қоңырау, үш музей, галерея мен театр бар.

Бас алаңдағы Роланд (1404 ж.) пен ратуша ғимараты (1409 ж.) қаланың символына айналған.

Бремен ратушасы (1405-1410 жж.) көне сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен бірге солтүстік герман стиліндегі ғажайып ғимарат. Ратушаның кіре берісі Везер ренессансы стилінде салынған. Ғимараттың жанындағы Бремен музыканттарына арналған ескерткіштің қасында тұрып суретке түстім. Балалық қиялымда орын тепкен мүсіндер маған керемет әсер етті. Есек, ит, мысық пен әтеш төртеуі бірінің үстінде бірі тұрған ескерткішті 1953 жылы белгілі мүсінші Герхард Маркс салған екен. Осы ескерткіш сувенир ретінде әр жерде сатылып жатады. Бременде егер екі қолмен есектің аяқтарынан ұстап, армандаса, арман орындалады деген ұғым қалыптасқан.  

Ратушаның жанында Ratskeller деп аталатын көне шарап жертөлесінде неміс шараптары көптеп сақталыпты. Ең байырғы шарап 1605 жылы жүзім шырынынан жасалған екен.

Естуімізше, Бремен мен Ганновер арасындағы Серенгети Сафари саябағында керік пен піл, зебр мен бизон, мүйізтұмсықтар, көзге көрінер-көрінбес қоршаулардың арғы жағында Африка арыстандары, қабыландар мен бенгал жолбарыстары еркін серуен құруда. Сондықтан да онда жаяу баруға тыйым салынған.

Бремен университетінің аумағындағы Универсум ғылыми орталығының музейіндегі 250 жәдігерді әркім қолымен ұстап көруіне болады екен.

Schnoorviertel кварталының кей жерінің ені бір метрден де аспайтын тар келеді. Мұндағы үйлер 15-16 -ғасырларда салынғанымен, сол қалпы. Бұл көшеге келсең, құдды өткен дәуірге сапар шеккендей боласың. Осындағы Hochzeitshaus қонақ үйінде әдетте жас жұбайлар аялдайтын көрінеді.

Судағы байырғы кемелер жалға беріледі. Онда қонақ үйдегідей тұруға әбден болады.

Бременнің сауда орталықтарына да бас сұқтық. Бір ғажабы бір киімді өлшеп көріп, егер көңіліңе ұнамаса, қайта апарып ілмей-ақ, сол жерде қалдырып кете беруге болады. Тірі пенде оны орнына неге апармадың демейді. Сатушылар оларды жиыстырып, орын-орындарына ретімен іледі. Ондағы қызмет көрсету өте жоғары деңгейде.  

Қонақ үйде әр кез швед үстелінде тамақтандық. Астары жартылай фабрикатты келеді. Көшедегі трамвайлары жанға жайлы, заманауи соңғы үлгіде жасалғанымен есте қалды.

Бременде көпір жетіп артылады. Керемет әдемі. Оның әсемдігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бірде көшеде келе жатқанымызда Қарағанды мен Қостанайдан қоныс аударған отандастарымыз, немістерді кезіктірдік. Олар бірге туғандарын көргендей мәз болысып, үйлеріне, кафеге шақырып бәйек болып жатыр. Өскеменнен кеткен бір неміс сондағы бір  дүкенде сатушы болып істейді екен. Тауарын бізге арзандатып берді.

Бір таңқаларлығы, немістер жұмыстан кейін кешкісін үйге қамалмай, көшеде серуен құрады. Қарттары қолтықтасып жүреді. Олар үшін арнайы би кештері ұйымдастырылады.

Немістер денеге қонымды, ыңғайлы киімдерді киеді. Биік өкшелі туфлимен жүрген, боянған әйелді сирек кезіктіресіз.

Қаланың кез келген жерінде, саябақтағы көгалдың үстінде отырып та, ноутбукпен электрондық байланысқа шығу онда қалыпты көрініс.

Германияда велосипед көліктің аса қажетті түрінен саналады. Тіпті велосипед жүретін жол да, орын да қарастырылған. Ұрлық деген болмайды-ау, сірә.

Оған көзіміз жеткендей болды. Бірде арамыздағы біреудің сөмкесі көше бойындағы кафеде ұмыт қалыпты. Сөмкесін өзі жарты күн өткенде іздей бастады. Кешкісін барып, отырған орнымызды қарап жүргенімізде кафедегі қызметшілер сөмкені ұстатып жатыр.

Германияда түнде де қорықпай, алаңсыз жүре беруге болады. Полиция көзге шалынбайды. Тазалық керемет. Оларда қоқысты жеке-жеке жәшіктерге сұрыптап, арнайы жәшіктерге салады. Өйткені кейіннен қайта өңдеуден өткізіледі.

Бремен көшесінде бей-берекет сауда жасағандар көзге шалынбады. Аймақтық экспресс, метро, автобуста болсын билет тексерген жанды көрмедік. Билетсіз ілуде біреу жүретін болар.

Көшеде көлікті арнайы орынға қоймаса, полиция келіп, көлігіңіздің терезесіне айыппұл түбіртегін жапсырып кетеді. Жалпы немістердің заңмен жүретіні көрініп тұр.  

Көпқабатты тұрғын үйлерден гүлі жоқ балконды көре алмадық. Енді жол түсе қалса, тек бейнекамераға түсіру керек шығар. Көшенің кез келген бұрышынан ас ішіп, аяқ суытуға болады.

Ал Голландия астанасы Амстердамда 9 сағат қана аялдадық. Көңіл көтеру орындары, сауда-саттық, бәрі-бәрі бар халықаралық әуежайы қашықта емес, қалаға тиіп тұр.      

Польшаға Алматыдан Киев-Варшава-Гданьскімен ұштық. Сетниевода Балтық теңізіне шомылдық. Теңіз суы ащы болғанымен, жұмсақ. Ұшы -қиыры жоқ. Сетниевоның көпжылғы ағаштары мұндай биік болар ма. Аспанмен таласқан. Поляктардың өмірлік ұстанымдары немістерге өте ұқсас.

Нева өзенінің жағасындағы Санкт-Петерборда тура бір апта болдық. Нева өзеніндегі көпірлер кеме өтерде ашылып, жабылады. Біз көпірдің ашылып тұрған кезін тамашаладық. Каналдары мен көпірлерінің көптігінен Санкт-Петерборды Солтүстік Венеция деп атайды.

Жарысқа келгенімізде Фин шығанағындағы «Прибалтийский» қонақ үйіне аялдадық.

Ақсүйектер қаласы аталынып келген Петерборда әйгілі Эрмитажды тек сырттай көрдік. Естуімізше, Эрмитаж әлемдегі ең ірі музейлер қатарына енеді. Әуелде Бірінші Николайдың тұсында императордың жеке коллекциясы ретінде ашылған Эрмитаж кейін әлемдік деңгейдегі музейге айналады. Оның коллекциясында Антика дәуірінде өмір сүрген суретшілердің туындылары сақталған. Қаланың символы болып табылатын Бірінші Петрдің ескерткішін, жанындағы соборды тамашаладық.     

Қалада байырғы үйлер мен шіркеулер жақсы сақталған. Алып мұнараларын сәулет өнерінің озық үлгісі дерсің.  

Көнеден келе жатқан әйгілі Нева проспекті екі жақ басынан бір мезгілде салына бастапты. Ит тұмсығы өтпес ну орманның ортасы мен батпақтан бастау алған бір шеті құрылысы жүріп жатқан Адмиралтействадан Новгород жолына дейінгі ең қысқа жол болған. 1710 жылы Александр Невский монастырі салынып, есігін айқара ашады. Толассыз ағылып жатқан келушілерге көңілдері марқайған монастырь қызметшілері проспектіні енді Новгород жолына дейін салуға бел шеше кіріседі. Ол 1780 жылдан Нева проспекті деп аталынады. Міне, сол кезден бастап проспект бойында сарайлар мен түсім түсіретін үйлер салынып келді. Көше бойындағы фонарьлар айналасына сәулесін 1723 жылдан бастап түсіріпті. Осы фонарьлар маған керемет ұнады.      

Белгілі «Петровский» стадионы Петроград жағындағы шағын аралда орналасыпты. Аралды жан-жағынан Кіші Нева мен Ждановка өзендері жуып жатыр. 1924 жылдары іргесі қаланған стадион 33 мың орындық. Ұлы Отан соғысы кезінде қирап, бүлінген стадион 1957-1961 жылдар аралығында қайтадан қалпына келтірілген. Түнгі Санкт-Петерборды тамашалай алмадық. Қас қарайғанда қауіпті деп тысқа шығармады. Петербормен қимай қоштастым.  

Спорттың арқасында барған сапарларымнан көңілге түйгенім, ел мен жер көрудің ғанибеттігі. Көңіл көкжиегің кеңейіп, білімің молайып, көрген үстіне көре түссем дейсің. Барған елдің жақсысын үйреніп, жаман әдетінен бойыңды аулаққа саласың. Ішкі мәдениетің артып, көп нәрсені тоқиды екенсің.

Жазып алған Рауза МҰСАБАЙ 

Санат: Елтану | Қосқан: Отарка (12.08.2010)
Қаралды: 959 | Тегтер: германия, Эрмитаж, Бремен, Санкт-Петербург | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017