Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Әлеумет

Бергені көп бағдарлама

Биыл «Екібастұз қаласында 2006-2010 жылдары құрылыс индустриясы және тұрғын үй құрылысын дамыту» қалалық бағдарламасы өз мәресіне жетеді. Бүгінде қала тұрғындарының игілігіне айналып, келген қонақтардың да көңілінен шығып жүрген «Екібастұздың 50 жылдығы» көшебағы, бірнеше ауылдағы мал өлекселерін көметін орындар, қаламыздағы магистральдік су желілерінің қайта жарақталуы, басқа да көптеген құрылыстар – осы бағдарламаның жемісі.

Екібастұз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің бастығы Дүйсенбі Ескендіровпен арамызда өрбіген сұхбатымыз – бағдарлама аясында жүзеге асқан басқа да нысандар төңірегінде.

 

-Дүйсенбі Бүркітбайұлы, әуелі осы бағдарламаның шеңберінде салынған әлеуметтік құрылыстарға тоқталып өтсек...

-Ең алдымен, бүгінгі таңда жұрт қызығын көріп жатқан №3 емхананың су жаңа ғимаратын атап өтейін. Ересектерге арналған 480 кісілік емхана құрылысына республикалық бюджеттен 573862,0 мың теңге жұмсалып, ғимарат 2006 жылдың 29 желтоқсанында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Қонаев көшесі, 42-үйде орналасқан, аумағы 1931 шаршы метр, бір кездері жатақхана болған ғимарат жергілікті бюджеттен бөлінген 69218,641 мың теңгеге жөнделіп, қазір ол ғимаратта қалалық сот жұмыс істеуде. Ерекше атап өтетін тағы бір нысан – 2009 жылы Елбасы арнайы бұрылып, тұсаукесерін жасаған «Қайнар» балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы. Бұрынғы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жарақталған бұл ғимарат құрылысына қала қазынасынан 65121,0 мың теңге жұмсалды.  

- Соңғы жылдары қаламызда тұрғын үй құрылысы ілгерілеп, кезекте тұрғандар баспанаға ақырындап қол жеткізуде. Әңгімемізді осы арнаға бұрсақ...

- Аталған кезеңде біз 6 тұрғын үйді пайдалануға тапсырдық. 2006 жылы республикалық бюджеттен 72000, 0 мың теңге бөлініп, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 63 «А» мекенжайындағы 5 қабатты тұрғын үй сатып алынды және пайдалануға берілді. Осы үйдің инженерлік жүйелерінің құрылысына қалалық бюджеттен 4870,0 мың теңге бөлінді. 2007 жылы жергілікті бюджеттің 176707,7 мың теңге қаржысына Энергетиктер көшесі, 56-үйдегі бұрынғы жатақхананы жөндеп, 63 пәтерлі тұрғын үйге айналдырдық.

- Осы үйде кейін қабырғалар көгеріп, тұрғындары қыста тоңып-жаурап, келеңсіз жайдың орын алғаны белгілі. Бұл жағдай әлі де түбегейлі шешіле қоймаған сыңайлы...

- Былтырғы күзде, жылу берілген кезде, 20-шағынауданда бір күнге жылу тоқтап қалды. Сол кезде үйдің астыңғы қабатында жұмыс істемей тұрған дәмхананың, наубайхананың жылу жүйелері қатып қалған да, жергілікті ПИК олардың жылу жүйелерін ағытып тастаған. Осының салдарынан 2- қабаттың едендері тоңазып, жоғарғы қабаттағы пәтерлер суыған. Қазір дәмхананың да, наубайхананың да жылу жүйелері ретке келтірілді. Астыңғы қабаттағы  ашық-тесіктер бітелді. Бүгінгі таңда осы үйді жылыту жұмыстарына 16 млн. 400 мың теңгеге смета әзірлеп қойдық. Қыркүйекте бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінетін болса, аталған мекенжайдағы екі блокты да толығымен қаптап шығатын боламыз. Бұл үйдің ыстық су жүйесінен де ақаулар шығып, жүйені орнатқан «Нарық» ЖШС-інен мәселені оңтайлы шешуді талап еттік. Аталмыш кәсіпорын қазір су жылыту жүйесі жабдықтарын жаңадан сатып әкеп, орнатып жатыр. 

-2009 жылы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 130 мекенжайынан 48 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Бұқар жырау көшесі, 286 б мекенжайынан облыстық бюджеттің қаржысына салынған 52 пәтерлі тұрғын үй іске қосылды. Бұқар жырау көшесі, 286 а-үйдің 15 пәтерлі блок-секциясы 45000,0 мың теңге қаражатқа сатып алынып, кезекте тұрғандарға берілді. Осы Бұқар жырау, 286 а үйден де кінәраттар шыққаны мәлім. Мәселе шешіліп, тұрғындардың көңілі орнына түскен шығар?

- Бұқар жырау, 286 а-үйді салған «Вершина» ЖШС-і болатын (А. Қуанышев). Кезінде үйдің бұрыштарын суықтан қорғау, жылыту жұмыстарында кемшілік жіберілгендіктен, 9-қабаттың пәтерлері суық болып, тұрғындар шағым білдірген. Кейін бұл олқылықтардың орны толтырылды. Қазір тұрғындардан шағым жоқ.

-Бүгінде Московская-Энергетиктер көшелерінің қиылысында 5 қабатты, 80 пәтерлік үй салынып жатқанына да қуанулымыз.

-Бұл үй кезекте тұрған адамдарға осы жылғы желтоқсанның 16-сында тапсырылады деп отырмыз. Үй құрылысына республикалық бюджеттен 271000,0 мың теңге, сыртқы желілер құрылысына 37400,0 мың теңге қаражат бөлінген. Үй құрылысы қыста тәмамдалатындықтан, ауласындағы көріктендіру жұмыстары, балалар алаңшасының құрылысы көктемде бір-ақ жүргізілетін болады.

- Республикалық отын-энергетика саласы кадрларының біліктілігін көтеру орталығының Екібастұзда орын тепкелі жатқаны – біз үшін мақтаныш. 700 орындық оқу комбинатын орналастыруға таңдалған жер қаланың ең бір қолайсыз, саз, батпақты тұсы екендігі белгілі. Ертеңгі күні аумағы ат шаптырым ғимараттың су мен батпақтан зиян шекпесізімге кім кепіл?

-Оқу комбинаты құрылысына біз бұл жерді әдейі бөлдік. Себебі жер қолайсыз болғандықтан, қарапайым адам ол аумаққа үй сала алмайды, тіпті жергілікті бюджет те ол жерде қандай да бір құрылыс жүргізгенді көтере алмас еді. Бастапқыда оқу орталығы құрылысының жобасы 1,5 млрд. теңгеге бағаланған болатын. Кейін жердің геологиялық ерекшеліктерін ескере келе, жоба құнын 4,5 млрд. теңгеге көтердік. Яғни, келешекте оқу кешені ғимараттарына судан ешбір залал келмеуі үшін қажеттінің бәрі құрылыс барысында ескерілуде. Бір сөзбен айтқанда, екібастұздықтардың құрылыстың болашағы үшін алаңдауларына себеп жоқ. Біздің мақсатымыз – аталған аумақтағы жолдарды да жақсартып, мешітпен арадағы ауданды әдемі бір қалашыққа айналдыру. Ол үшін былтыр да бірқатар дренаждау жұмыстарын жүргізгенбіз, алдағы уақытта да жұмыс жалғаса бермек.  

- Оқу кешеніне апарар жолдардың жайы не болмақ?

-Кешенге Беркімбаев және Московская көшелерінен кіретін жолдар бар. Оларды жөнге келтіру жұмыстары құрылыс жобасына кірмеген. Оған қоса, кешен ғимараттарын бір-бірімен жалғайтын ішкі жолдар бар. Осының бәрі жергілікті бюджет қаржысына жөнделетін болады.    

- Құрылыс бөлімі тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызды ғимараттар құрылысын жүргізумен ғана шектелмейтін болар?

- Иә, 5 жыл ішінде ауылдарда да бірсыпыра жұмыстар атқарылды. 2007 жылы Ақкөл ауылында болған өрттен соң тұрғындарға 8 үй салып бергеніміз естеріңізде болар. Былтыр Өлеңті мектебінің ғимараты суық болып, ғимараттың 3-қабатын алып тастап, екі қабатты етіп жергілікті бюджет қаржысына жөндеп бердік, сондай-ақ Шідерті кентіне тамаша мектеп салып бердік. Қазір аталмыш кентте су жүйелерін ауыстырып жатырмыз. Биыл қалада (5 а, 5б, 6, 31-шағынаудандарда) республикалық бюджеттен бөлінген 720 млн теңгеге су құбырлары ауыстырылды, былтыр Қоянды ауылына су тартып бергенбіз. Қаланың су тазартатын құрылғысында 165 млн. теңгенің жұмысы атқарылуда. Солнечный кентінде де дәл осындай жұмыстар жүріп жатыр.

-Алдағы жоспарларыңызда қала тұрғындарын қуантатын тағы қандай жобалар бар?

-Көп ұзамай Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында бір-бір балабақшаның құрылысы басталмақ. Біздегі 280 орындық балабақша 15-шағынауданда салынады, өйткені бұл шағынауданда балабақша жоқ әрі кезекте тұрған бала саны да көп екен. Одан басқа, келесі жылы 20-шағынауданда да 330 орындық балабақша салу ойымызда бар, оның жобасы жартылай дайын тұр.

-Ендеше, іске сәт! 

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

        

Санат: Әлеумет | Қосқан: Отарка (09.09.2010)
Қаралды: 466 | Тегтер: Құрлыс | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017