Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Әлеумет

«Денсаулық» пойызы – Құлакөлде

2 шілдеде «Нұр Отан» ХДП, Төтенше жағдайлар министрлігі және «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-ның бастамасымен елімізде «Денсаулық» пойызы өзінің сапарын бастаған еді.

Алдымен қарағандылықтарға қызмет көрсетіп, осы мерзім ішінде 29 стансыда 11181 адамға медициналық көмек көрсеткен пойыз 27 тамыз күні Теміржол ауылдық округінің орталығы - Құлакөл ауылына ат басын тіреді.

Пойыз ұжымына құлакөлдіктер шашу шашып, домбырадан ауылдың алты ауызын төгілтті. Пойыз ұжымын қарсы алуға арналған рәсімде Екібастұз қаласының әкімі Нұрлан Нәбиев, құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Павлодар бөлімшесінің директоры Ерік Жидилов, пойыз бастығы Гауһар Чуабаева сөз сөйлеп, пойыздың ел денсаулығын нығайтудағы маңызына тоқталып өтті.

Құлакөл ауылы «Денсаулық» пойызының Павлодар облысында аялдаған 6-шы стансысы екен. Облыста болған екі аптадай уақытта пойыздағы мамандар 2 жарым мың тұрғынға көмек көрсетіп үлгеріпті.

...Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған «Денсаулық» пойызында 4 медициналық вагон, 17 жоғары білікті дәрігер жұмысын бастап кетті.

Іші тап-таза пойыздың аппақ қабырғаларын көргенде, пойыз емес, құдды емханаға кіргендей болдық. Міне, невропатолог-дәрігер Жанар Тілеубекова медбикесімен бірге пациенттерін күтіп отыр. Жанар Сағитқызының үстелі үстіне бассүйектің қан қысымын, бас қантамырларының жағдайын тексеруге арналған құралдар орналасқан.

-Бұл құралдармен күніне 80-90 адамды тексереміз,- дейді дәрігер.- Павлодар облысы бойынша алар болсақ, бізге негізінен туабіткен ақаулары, буын аурулары бар, қан қысымы төмен, инсульттен кейінгі науқастар көрінді.

Міне, вагондардағы хирург, гинеколог, терапевт, УЗИ, уролог, окулист, лор, стоматолог, зертхана, эндоскопия, басқа да кабинеттерге жолдама алғандар мамандар қабылдауына кіре бастады. Пойыз дәрігерлері бала көтерген аналарды кезекте ұзақ тұрғызбауға тырысып бағуда. 11 айлық бала көтерген бір ана педиатр Сандуғаш Смағұловадан кеңес алуда. Баласына жергілікті ауруханалардан үзбей ем қабылдап жүрсе де, алаңдаулы ана көңілі алыстан келген мықты маманның да кеңесінен бір үміт күткен болар.

-Осы сапарда неврологиялық сырқаттары бар балалар алдыма көп келді,- деп түсіндірді балалар дәрігері.- Сондай-ақ қаназдық, асқазан-ішек аурулары да аз кездесіп жатқан жоқ.

Сандуғаш Смағұлованың айтуынша, көптеген балалар ауруының түп-тамыры тұрғындардың әлеуметтік жағдайларына байланысты. «Көпшілігі ақшаның жетіспеушілігін, ауылдың қаладан шалғайлығын желеу етіп, ем-дом жасауды ұзаққа созып жібереді. Дер кезінде тексерілмейді»,- дейді дәрігер.        

Пойыз күзетшісінің тізіміне тіркелгендер саны сағат онға қарай 200 адамға жетті. Бұл кезде пойызға ақ таяғын таянған әжейлер келіп, даладағы орындықтарға жайғасыпты.

Инсультпен ауырған ағасын жетелеп әкелген теміржолшы Дәулет Қабылдин:

-Ағамның қалаға барып-келуі қиын. Жалпы, жүріп-тұруы, алыс жолға шығуы қиын адамдар үшін мұндай пойыз ауадай қажет. Ауыл жұртына қалаға дәрігерге бару оңай шаруа емес. Пойыздағы тазалыққа да риза болып тұрмын. Өзім де медициналық тексерістен өтпекпін,- деп, пікір бөлісті.

-Негізі, қаладағы емханаға да барып тұрамыз ғой. Бірақ бұл жолы аз уақыт ішінде толық тексерістен өткізеді дегесін, тайлы-таяғымыз қалмай келіп отырмыз,- дейді Қайынжамал және Жәміш әжейлер. Округ тұрғыны Майраш Жүнісова болса:

-Немереме диагноз дұрыс қойылмады. Соны «Денсаулық» пойызы мамандарының нақтылап берерінен үмітім зор,- дейді.

«Денсаулық» пойызымен ауылға көтеріңкі көңіл-күй, үміт пен сенім бірге ере келіп, жұрттың өз денсаулығына жауапкершілігі арта түскендей. Иә, мұндай пойыз – ауыл жұрты үшін қалаға сабылмай-ақ аз уақыт ішінде толық тексерістен өтуге таптырмас мүмкіндік.

Округ тұрғындарының біраз бөлігі бұл кезде пойыз жанында ұйымдастырылып жатқан концертті тамашалап, балалар болса тегін ойын автоматтары мен аттракциондардың қызығына ене түскен. Медициналық вагондар алдындағы кезек те ақырын-ақырын алға жылжуда...

Жанаргүл ҚАДЫРОВА, Құлакөл ауылы

 

       

Санат: Әлеумет | Қосқан: Отарка (02.09.2010)
Қаралды: 515 | Тегтер: Денсаулық | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017