Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Әлеумет

Мал азықсыз қалмайды

Биылғы қуаңшылық жеміс-жидегін пұлдап тиын-тебен табатын саяжайшыларды жылдағы нәпақаларынан қақса, малмен күн көретін ауыл халқының көңіліне кәдімгідей алаң кіргізді. Шілде айында бірнеше дүркін ағыл-тегіл жауған жаңбыр жер-ананың шөлін қандырғандай болғанымен, ыстыққа бір күйген шөп қайта қаулап шықпады. Әйтсе де, мамандардың айтуынша, Екібастұз өңірінде жем-шөп тапшылығынан қауіп жоқ сияқты. Екібастұз қаласы әкімі ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің болжамынша, биыл аймақта қыстаққа 32010 мал басы кіреді екен. Бір қуанарлығы, аймағымызда биыл ірі қара малдың сарып індетіне шалдығып, пышаққа ілінгені аз болмаса да, биылғы төл есебінен мал саны арта түсіпті.

Бүгінгі күні осы малға қажетті 55 мың тонна шөптің 22 мың тоннасы (18, 3 пайыз) шабылып, қыстақтарға жеткізілуде. Сондай-ақ 1600 тонна жем мен 1750 тонна сабан алу межеленген.

Жалпы, өңіріміздегі өзен-көлдердің жағасын жайлаған және көлтабанды шабындықтары бар ауылдардың жағдайлары өзгелерден біршама тәуір. 9726 гектарды құрайтын көлтабанды шабындықтарға әлі шалғы түсе қойған жоқ: бұйыртса, ол жерлердегі шөп тамыз айында шабыла бастайды. Біздің есебімізше, шабындықтың әр гектарынан 18-20 центнерден пішен жиналса, қажетті мал азығының 56 пайызын қамтамасыз етпек.

-Шөптің шығымы аз ауылдардың да жай-күйін ойластырып қойдық. Солнечный, Шідерті сияқты кенттердің тұрғындарына Сарықамыс пен Ақкөл ауылдарының шаруа қожалықтары шабындық жер бөлді. Қырдағы ауыл жұрты да арқаны кеңге салмай, етек-жеңін жиып, табиғаттың бергенін ұқсатуда.

Қалай дегенмен, шөп шығымы биыл бұрынғыдан әлдеқайда аз. Мысалы, былтыр қырдан гектарына 5 центнерден шөп шабылса, биыл 3-3,5 центнерден келеді. Әйтсе де, шөп шабу науқанына қызу кіріскен халық сырт жақтан шөп сатып алмауға тырысып-ақ жатыр. Ал Атығай, Құдайкөл сияқты бірен-саран ауылдар шаруа қожалықтарынан артылатын шөптен үмітті.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұхамед Нұғмановтың айтуынша, облыс бойынша биыл шаруалар қырдан шөпті гектарына 3,6 центнерден, көлтабанды шабындықтардан 17 центнерден алуда. Сонымен қатар, шөптің былтырдан қалған қоры да құрғақшылық ұялатқан күдікті сейілтеді. Облыс көлемінде 619 мың 600 тонна шөп алу жоспарланса, бүгінгі күні соның 169 мың тоннасы (27 пайыз) әзірленді. Қорыта айтқанда, аймақта шөпке мұқтаждық болады деуге себеп жоқ.   

Екібастұз аймағында егін шаруашылығын өркендетіп жүрген қожалықтар бар. Қарасудағы «Болат», «Тілек» шаруа қожалықтары мен Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылға қарасты «Бисембей», «Бұламбаев», «Тахтаров» шаруа қожалықтарының егіні биыл де бітік шықты. Былтыр елімізде астық аста-төк шығып, ақ түйенің қарны бір жарылғанына қуанғанымызбен,  , шаруалар өнімдерін қымбат бағаға өткізе алмай дал болған. Бидайдың биылғы бағасы әзірге жұмбақ, алайда былтырғыға қарағанда жоғарырақ болады деген тұспал бар. Олай деуімізге де еліміздің астықты аймақтарына құрғақшылықтың тигізген салқыны себеп болып отыр. Негізінен бидай мен арпа өсіруетін шаруашылықтарымызда биыл күнбағыс та мол. Күнбағыс өсірушілерге мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі артқандықтан, Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылға қарасты «Бұламбаев», «Тахтаров» шаруа қожалықтары осы көктемде күнбағыс өсірушілер қатарына қосылды. Былтыр өңірде күнбағыс 650 гектарды құраса, биыл 880 гектарға жетті. Бағып-қағуы күрделірек болғанымен, күнбағысты сату оңай әрі бағасы да тиімді. Мәселен, былтыр бидай тоннасы орташа есеппен 9-11 мың теңгеден сатылған болса, күнбағыстың әр тоннасы 33 мың теңгеге бағаланды. Ал мемлекеттен бөлінген субсидия күнбағыстың 1 гектарына 2282 теңгеден келсе, бидайға – 350 теңге.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

скерінің құрылған

Санат: Әлеумет | Қосқан: Отарка (06.08.2010)
Қаралды: 625 | Тегтер: шаруа қожалыұ, Ауылшаруашылығы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017