Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Әлеумет

Шұғыл шешім, ширақ қимыл керек

Солнечный кентіндегі №16 жалпы білім беретін орыс мектебінің ғимараты сонау 1987 жылы іске қосылған екен. Содан бері күрделі жөндеуден өтпеген ғимараттың іші-сырты біршама тозып, әсіресе, төбесінен тамшы сорғалайтын күйге жеткен. Жүдеу қалыптағы мектепті жаңарту жөнінде айтылған талап-тілектер биліктің құлағына жетіп, оны күрделі жөндеуден өткізу үшін биылғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында 35 млн. теңге қаражат бөлініпті. Өкінішке қарай, мердігерді анықтау ісі едәуір созылып, тендер екі-үш қабат ойланып, ақыр аяғы жеңімпаз болып «Айтстрой» ЖШС-і танылады. Аталмыш кәсіпорын жөндеу жұмыстарын 32 млн. теңге қаражатқа атқарып шықпақшы болып, маусымда іске кіріседі. Күрделі жөндеу жұмыстарына жасалған сметаға сүйенсек, мердігер мектептің төбесін шатырлауға, ішінара терезелерді ауыстыруға, есіктер мен жертөледегі құбырларды, электр сымдарын жаңалауға тиісті екен. «Айтстрой» ЖШС-нің басшысы Жармұхамбет Айтқалиұлының айтуынша, бүгінгі күні осы жұмыстардың 90 пайызы атқарылған. Олай болса, мектептің іші-сырты жұтынып, көз тартып тұруы керек емес пе. Жоқ олай емес, қайта талқ-тұлқ. «Нұр Отан» ХДП-сы Екібастұз бөлімшесінің Солнечный кентіндегі бастауыш ұйымының төрағасы Ақсұлтанәлі Мұртазаевтың дабылымен осында жеткен парткомиссияның көргені осы. Жиі жауған жаңбырдан кейін төбеден аққан тамшы мектептің ішкі қабырғаларын сары жағал етіп, кабинеттердің едендеріне көлкіп су жиналған. Төбеден сорғалаған су тіпті екінші қабаттағы кабинеттерді де бүлдірген. Мәселен, компьютерлік кабинеттегі жаңа жабдықтарға су тиген, есігін ашқан сәтте дымқыл исі қолқаны қабады. Мектепті аралаған сайын жағымсыз жайлардан көңілің суиды. Мәжіліс залы мен спорт залындағы еден шіріп кеткен, кей тұсы шұрқ-шұрқ. Кабинеттердегі еден де ауыстыруды қажет етеді. Осы жай бұрыннан белгілі болса да, смета жасау үстінде ескерілмеген. Мәселенің мәнісін бағамдаған тұста мердігер:

- Есік пен терезені емес, әуелі еденді ауыстыру керек еді,-деп қалды. Сөзінің қисыны бар. Жалпы, тапсырыс берушілер смета жасауға салғырт қарайды да, іс насырға шапқанда, жауап берушілер табылмайды. Бұл жолы да солай болып шықты. Мектеп директоры Нұрлыбек Мергенбаевтың қызметіне кіріскеніне бір ай да болмапты. Жөндеу жұмыстарының сметасын жасаған құрылыс кәсіпорны істен тысқары қалған, ештеңеге жауап бермейді. Ал мердігер кәсіпорын «біздің кінәміз жоқ» деп алақан жаяды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, білім басқармасы жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарына бөлінген аз-маз қаражатты қайтарып алған екен, енді қайтадан бермекші. Бірақ ол қай жыртыққа жамау болады? Көгеріп, дымқылданған қабырға әктерін қырып, бірнеше мәрте әктеу қажет. Шіріген едендерді ауыстыруға тақтай керек. Қысқасы, шаруа шашетектен. Осыны көзімен көрген қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Ш. Балтабекова білім бөлімінің басшыларына қосымша қаражат қарастыруды шегелеп тапсырды. Тендерден үнемделген 3 млн. теңгенің үстіне қосымша 2 млн. теңге қаражат бөлінсе, мердігерлер мектепті оқу жылына дейін әзір етпекші. Әрине, ол үшін жұмыскерлер санын көбейтіп, күндіз-түні жұмыс істемей болмайды. Сонымен бірге Ғалия Шәкірқызы кент әкімі А. Сейілджановқа МАЭС-2 стансасы басшылығына шығып, көмек сұрау қажеттігін де айтты. Қалай болғанда да, енді ширақ қимылдап, шұғыл шешімдер қабылдау керек. Айтпақшы, төбеден неге соншама су ағатынын да мұқият тексеру теріс болмас. Бәлкім, жаңа шатырды төсеуде кінәрат бар шығар. Жергілікті «нұр отандықтар» қаққан дабыл алдағы уақытта сабақ болып, балалар мектепке мезгілінде барса, бұл жолғы «әңгіменің» еш кетпегені де.

Ж. БҰЛАНБАЙ

Санат: Әлеумет | Қосқан: Отарка (06.08.2010)
Қаралды: 429 | Тегтер: мектеп, Жол картасы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017