Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Әлеумет

Жанұя жылуын аңсайды

Әншілік сахнаға бала күнінде қадам басқан Мейрамбек Беспаевтың «Бозторғай» әнін көзіне жас алмай тыңдаған жан болмас сірә. Тастанды жетімнің ұшқан құсқа айтқан зарлы әні құйқа тамырыңды шымырлатып, көпке дейін құлағыңнан кетпейтін...

...Бозторғай!

Туғаным жоқ, тумам жоқ,

Менде қызық, думан жоқ...

...Мүмкін емес болмауы

мені туған ананың...

Жүрек сыздатар осы әнді жақында тағы естідік. 17 қыркүйекте «Қайнар» ББО-ның салтанат залында өткен «Қуан, сәби!» акциясының пердесі осы әнмен ашылды. Оны «Арман» тобының жас әншілері де жүрек түкпіріне жеткізе шырқап, залға жиналған жұртты көзіне жас алдырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылдың шілдесінде республикамызда басталған «Қуан, сәби!» акциясы қазір еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Екібастұзда оны ұйымдастыруға қалалық білім бөлімі мен «Қайнар» ББО-ы мұрындық болды. Шараға жиналған қауым алдында қала әкімі Нұрлан Нәбиев, Павлодар облысы бойынша балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлбарам Наурызбаева, «Екібастұз» қоғамдық балалар қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Қарашаш Омарова, аталмыш қордың атқарушы директоры Татьяна Шмидт сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығына тоқталды, қайырымды жандарды балалар тағдырына бей-жай қарамауға үндеді.

Қаламыздың белгілі өнерпаздарының, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерінің ән-билерімен өрілген әсем кешке кезінде жетім атанып, қаламыздағы «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленген азаматтар да келіп қатысты. Ата-ананың аялы алақанын сезбей өсудің қаншалықты қасірет екенін олардай ешкім білмес. Тағдыр жазып, балалар үйінен тәрбие алған олардың ойы бір арнаға тоғысты: «Бала отбасында да ғана бақытты болады». Ал «Үмітте» отбасына асық, жанұя жылуын аңсап жүрген балалар жетерлік. Ұйымдастырушылар оларды сахна төріне шақырып, жиналған жұртқа таныстырды. Балалар үйінің белсенді тәрбиеленушілерін «Екібастұз» қоғамдық қоры ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға әрдайым жанашырлық танытып, қажет кезде қолұшын беретін азаматтар мен тәрбие мекемелерінен бала алып, асырап отырған патронаттық отбасылар, қамқоршыларға қошемет көрсетілді.

Тағылымды кеш соңында акцияға қатысушы үлкен-кіші аулаға шығып, игі тілектер айтып, көк аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырды.

«Қуан, сәби!» акциясы басталғалы «Үміт» балалар үйінен жеті бала отбасылар тәрбиесіне берілген. Акциядан соң қалалық білім бөліміне бала асырап алуға ниет білдірген жандар көптеп хабарласып жатқан көрінеді.

 

Назым Әлімова, «Үміт» балалар үйінің түлегі:

-                      Менің балалық шағым «Үміт» балалар үйінде өтті. Ондағы абзал тәрбиешілердің қамқорлығының арқасында өсіп, жетілдім. Білім алдым. Қазір өзімнің отбасым бар. Минора есімді кішкентай бүлдіршінімді әлпештеп өсіріп жатырмын. Оны өзім сезінбей өскен аналық махаббатыма бөлегім келеді.

Күлшат Ералықызы Қаламбаева, ақын:

-Келінім Марина «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленген. Бүгінде оны қызымдай көремін. Қатал тағдыр баламды арамыздан алып кетсе де, Маринам мен немерем Дильназ бізге оны жоқтатпауға тырысады. Менің айтарым, әр баланың отбасы жылуын көруге құқы бар. Оған біз, ересектер, жауаптымыз.

А.АХМЕТ

Санат: Әлеумет | Қосқан: Отарка (23.09.2010)
Қаралды: 3523 | Тегтер: Қайнар | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017