Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Қоғам

КИНОЛОГТАР БАС ҚОСТЫ

Семинар

... «Апорт», «Фас», «Отыр», «Дауыс бер»... Иелері берген бұл бұйрықтарды иттер бұлжытпай орындауда. Адамның дауыс мәнері мен қабағына қарап-ақ, өздерінің тапсырманы қалай орындағанын сезе қоятындай. Содан соң тұмсықтарын көкке көтере, паңдана, иелеріне қарай еркелей басып келеді. Ең кереметі – бұл хайуанның адам тілін түсініп, жағдайға қарай әрекет ететіндігі. Сөз жоқ, ақылды иттер. 22 тамыз күні Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының шұғыл-құтқару базасында өткен республикалық кинологтар семинарына мұндай «төбесінде жарығы бар» иттердің бірталайы әкелініпті.

КИНОЛОГТАР БАС ҚОСТЫ

Елдегі маңдайалды кинологтардың біздің қалада бас қосуының өзіндік себебі бар екен: біріншіден, Екібастұз қаласының шұғыл құтқару қызметінің базасы республика көлеміндегі ең үлкен база болып саналады, екіншіден, кинологтар жергілікті әріптестері Галина Куценконың құтқару қызметіне жарамды иттер баптаудағы іс-тәжірибесін үйренуге ықылас танытқан. Айта кетейік, бес жылдан бері аталмыш қызметте жұмыс істейтін Галина Анатольевнаның жиырма жылдан аса иттерді үйретумен кәсіби деңгейде айналысып келеді. Оның Челси және Роман атты иттері республикада өткізілген кинологтар сайысына жыл сайын қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Тіпті өткен жылы Ресейде ұйымдастырылған халықаралық кинологтар байқауында да 2-орынды жеңіп алған.

Жиын-семинарға Өскемен, Семей, Астана, Павлодар қалаларынан келген 10 кинолог қатысты. Шараның ашылуында шұғыл құтқару қызметінің басшысы Владимир Ташенов оларға сәттіліктер тілеп, әрқайсысына арнайы әзірленген төсбелгілерді табыстады. Содан кейін иттердің дағды-білігін сынға алар жаттығулар басталды.

Семинарға әкелінген ізкесуші, құтқарушы иттердің дені - неміс овчаркалары. Араларында көзге бірден түсетін ақ қасқырға ұқсас сирек кездесетін «самоед» деп аталатын тұқым өкілі жүр. Иесі оны «Бэлла» деп атапты. Толық аты «Белое солнце пустыни» екен. Өзі шапшаң, ақылды көрінеді. Оның иесі семейлік Константин Ульяновтың да құтқару иттерін баптаумен айналысқанына біраз болыпты. Құтқару операциялары кезінде (жаттығуда) өз итінің жерге қаратпайтынын, бірнеше мәрте Қапшағайда ұйымдастырылатын кинологтардың халықаралық сайысына қатысқанын атап өтті. Итінің жұмысқа ептілігін де Константин мақтана әңгімеледі.

Қанден иттен айырмасы аз Гайка дейтін кішкене ит те Өскеменнің құтқару қызметінде «жұмыс істейді» екен. Овчарка тұқымдастардың ең кішкентай түріне жататын Гайка құтқару жұмыстарын жаттығуда емес, іс жүзінде  меңгерген.

-Гайка осы жылы көктемде Үлбі өзенінде суға кеткен адамды құтқаруға қатысты. Өзіне жүктелген міндетті жақсы орындайды,-деп мақтайды оны иесі Наталья Черных.

Жалпы, төртаяқты құтқарушылардың бәрі кинологтардың өз иттері. Апаттық жағдайларда көмегі зор жануарлардың бәріне де мемлекет арнайы төлемақысын, қажет қорегін беріп тұрады. Жылына бірнеше рет ұйымдастырылатын сайыс-жиындарда кинологтар өз иттерінің қабілетін, үйренген дағдыларын сынға салып тұрады. Оның үстіне мұндай шаралар әр жыл сайын түрлі аймақтарда жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл ең алдымен иттердің дағдыларын мықтап қалыптастыруға, апаттық жағдайда жақсы жұмыс істеуі үшін жасалады.

Кинологтармен осылайша біраз әңгімелескен соң, семинар-жиынның негізгі кезеңі басталды. Иттер техногендік жағдайларда жұмыс істеуді көрсетуі тиіс. Содан соң ұйымдастырушылар Ертіс-Қарағанды каналына барып құтқарушы иттердің судағы құтқару операциялары кезінде жұмыс дағдыларын сынамақ. Баянауыл тауларын аралап, таулы аймақтарда да жұмыс жүргізеді. Семинар өз жұмысын Баянауылда тәмамдайды.

Айнұр МЕЙРАМОВА

 

 

Санат: Қоғам | Қосқан: Отарка (26.08.2010)
Қаралды: 441 | Тегтер: Кинолог, ИТ | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017