Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Қоғам

Сұраусыз дүние жоқ

Мемлекет қаржысы желге ұшпауы, біреудің сұғанақ қалтасына түспеуі тиіс. Бұл үшін не істемек керек? Әрине, бақылау мен қырағылықты күшейту қажет. Осы орайда «Нұр Отан» ХДП-сы «Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына азаматтық бақылау» акциясын жариялаған еді. Құрамына депутаттар, прокуратура мен қаржы полициясы, БАҚ өкілдері, партиялық бақылау бекеттері мүшелері енген жұмыс топтары жасақталып, бір ай бойы кешенді тексерулер жүргізді. Аталмыш тексерулер өңірдегі «Жол картасы-2010» бағдарламасы, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы нысандарда атқарылып жатқан іс-шаралар барысын байыптады. Таяуда «Нұр Отан» ХДП Екібастұз бөлімшесінің мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының біріккен мәжілісі өткізіліп, онда жоғарыда сөз болған мәселе қаралды.

Алғашқы кезекте қала әкімінің тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Л.П. Векшина хабарлама жасады.

Қалаішілік жолдарды жөндеу жайында айтар болсақ, бұл мақсатқа қала қазынасынан 120 млн. теңге бөлініп, оған қашықтығы 4,8 км, аумағы 52820 шаршы метр жерге асфальт төселуге тиіс болған. Бүгінгі күні мердігерлер Екібастұздың 40 жылдығы атындағы, Новоселов, Ломоносов, Беркімбаев, Сәтбаев кшелерінде жөндеу жұмыстарын аяқтаған. Лариса Павловнаның айтуынша, асфальт сапасына айтылған сындар ескеріліп, кемшіліктер түзетілген. Конкурстардан үнемделген 18893 мың теңге қаражат енді басқа бір көшені жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.

Ал су-кәріз тораптарын жөндеуге республикалық бюджеттен 295 млн. теңгеден сәл асатын қаржы қарастырылған. Бұл жұмыстармен «Бисет-ЭК» және «АзияСтройМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері шұғылдану үстінде. Қазіргі кезде жұмыс 80 пайызға атқарылған. Міне, осы тұста мәжіліске қатысушылар бірқатар ескертпелерін жасады. Мәселен, кейбір жерде құбыр ауыстыру ұзаққа созылып кеткендіктен, қазылған шұқырлар жұрттың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, ренішін туғызуда. Ал депутат Р. Қазыбеков Пішенбаев көшесінде құбыр төсеуде технологияның сақталмайтынын сынға алды. Оның пікірінше, жұмысқа жүрдім-бардым көзқараушылықтың зардабын кейін тағы да тұтынушылар тартуы әбден ықтимал. Алайда, бөлім бастығы Л.П. Векшина айтылған сын-ескертпелерге уәж айтып, мердігерлердің жұмыс сапасына толық жауап беретініне сендірді.

Қалалық білім бөліміне қарайтын нысандар ішінде алаңдаушылық Солнечный кентіндегі №16 мектепке қатысты туындап отыр. Сол кенттегі партиялық бақылау бекетінің дабыл көтеруімен және БАҚ-ның жазуымен аталмыш нысандағы проблемалардан жұртшылық құлақтанып, бүгінгі күні кемшіліктерді түзеу қолға алынғаны белгілі. Қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары А.Х. Жұмабаеваның айтуынша, мердігер «Айт-Строй» ЖШС-і сметалық жоспарда қарастырылған жұмыстарды толық аяқтап, енді қосымша бөлінген қаражатқа ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен. Мектеп жаңа оқу жылына дайын болады.

Бірлескен мәжілісте үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына енген нысандардағы жұмыс жайы да баяндалды. МАЭС-І стансасында №5 энергоблокта күлтұтқыш құрылғы орнатылуда. Бұл іспен ағылшын фирмасы шұғылдануда. Аталмыш жұмыс 5 қыркүйекте бітеді. Содан кейін №3 энергоблокта осындай күлтұтқыш құрылғы қою қолға алынады. Жалпы, 2016 жылы станса мұржаларынан буалдыр түтін шықпайтын болады.

Осы станциядағы партиялық бақылау бекетінің өкілі, облыстық мәслихат депутаты Н.И. Попов аталмыш жобаны іске асыру жұмыстары ойдағыдай екенін айтты.

Биылғы жазда Екібастұзда нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Энергия Капитал-1» кәсіпорны іске қосылғаны мәлім. Бұл өндірістік жобаға 1130 млн. теңге қаржы жұмсалған көрінеді. Немістік-австриялық технологиямен жұмыс істейтін зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 30 тонна өнім шығаруға есептелген. Өкінішке қарай мұнда қазір тәулігіне 3 тонна ғана өнім өндіріледі. Кәсіпорын директоры Ақылбек Мәкенұлының айтуынша, нарықтағы сұраныс аз, өнімді өткізуде қиындық көп. Дегенмен, кәсіпорын әкімшілігі қол қусырып отырған жоқ, бәсекелестерді ығыстырып шығару жолдары қарастырылып, осы өңірдегі елді мекендерге де нан сату жағы ойластырылуда. Сонымен бірге Ақылбек Мәкенұлы ұн сапасының қанағаттандырмайтынын, алдағы уақытта ұн бағасы көтерілсе, нан бағасы да өсетінін жасырмады. Бұл орайда мәжіліске қатысқан қала әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ж.А. Түсіпбеков Павлодар облысында 8 ірі диірмен барын айтып, таңдау еркі кәсіпорында екенін тілге тиек етті. Ал ұн бағасының қымбаттамауы үкімет бақылауында болмақ.

Мәжіліске қатысушылар кәсіпорын директорына жұмысты ширатуға кеңес берді. Қазіргідей жағдайда мемлекет қаржы ешқашан ақталмай, кәсіпорынның удай қымбат жабдығы қарап тұрып-ақ тозатын болады.

Жалпы, тапсырыс берушілер қаперінде ұстайтын жайттар баршылық. Мәселен, нысандардағы жұмыстардың сметалық жобалық жоспары дұрыс ойластырылмайды. Сол себепті де кейіннен түсініспеушіліктер орын алады әрі мемлекет ақшасы босқа ысырап болады. «Судың да сұрауы бар» деген, мемлекет қаржысын желге ұшырудың соңы жақсылыққа апармайды. Мұны әркімнің жадына әбден сіңіргені жөн.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ

 

 

Санат: Қоғам | Қосқан: Отарка (26.08.2010)
Қаралды: 354 | Тегтер: Жол картасы-2010, сыбайлас жемқорлық, Нұр Отан | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017