Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Қоғам

Сотталғандардың соры қалың

«Сотталған», «істі болған» деген түсінік адам тағдырына мәңгілікке соғылған таңба секілді. Ғұмырдерегінде мұндай анықтамасы бар адамдардың өздері тұрмақ, туғандарына да мемлекеттік қызмет, құқық саласында еңбек етуге шектеу барын білеміз. Бірақ сотталған жан да адам баласы, оның да басқалар сияқты өмір сүруге, бақытты болуға қақы бар.

Десек те, бас бостандығынан айыру орындарынан босап келгендерге қоғам болып үрке қараушылықтан арыла алмай келеміз. Қоғам көкейінен сенімсіздік бұлтының сейілмеуіне сотталып келгендердің өздері де кінәлі. Бұлай деуімізге себеп - қағаз бетінде сайрап тұрған деректер. Мәселен, қаламызда 2008 жылы бұрын сотталған 67 адам 100 қылмыс жасапты. 2009 жылы осындай 94 адам жасаған қылмыс саны - 112. Бұл сандар бір адамның қылмысты бір рет емес, бірнеше рет жасайтынын айғақтайды. Ал 2010 жылдың 7 айы ішінде қылмыс дәмін бұрын да татқан 47 адам 60 қылмыс жасаған. Жыл аяғына дейін бұл сандар тоқтап қалмасы тағы белгілі.

Сотталғандарды жаппай қаралап, кінәлі һәм күнәһар етіп көрсетуден аулақпыз. Олардың да арасында қапыда сүрініп опық жеп, жазықсыз жапа шеккендер жетіп артылады. Аумалы-төкпелі заманда «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылғанның» зардабын тартқандар да аз еместігі анық. Әйткенмен, қылмыс әлеміне қайта оралушылардың азаймай келе жатқандығы – алаңдатарлық мәселе.

Қазіргі уақытта темір тордың ар жағына қайта оралған адамдардың жас шамаларына үңілсек, олардың басым көпшілігі 1971-1989 жылы туғандар екен. Абай атамыз айтқандай, нағыз  «жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ». Білегінің күшін, жүрегінің алауын, қайрат-жігерін Отанын өркендетуге арнайтын, «тепсе темір үзетін» жаста еселі еңбегін ел игілігіне жаратудың орнына тар қапасқа қор болған қайран өмірлерді ойлағанда, ішің қалай ашымасын?!

Біз осыған дейін қылмыстың жасалу себептерін көбінесе әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, жұмыссыздықтың етек алуынан іздейтін едік. Ал қазіргі жағдай басқаша. Еліміздегі бірқатар түзеу мекемелерінде бас бостандығынан айырылғандардың еңбекпен айналысуына мүмкіндік беріліп, рухани сауықтыруға бағытталған шаралар аз да болса қолға алынып жүр. Сондай-ақ мемлекетіміз бас бостандығынан айыру орындарынан келгендерді жұмыспен қамтуға көңіл бөлуде. Мәселен, Екібастұз қалалық әкімдігі кейінгі жылдары түзеу мекемелерінен келгендерге 5000 теңге көлемінде біржолғы көмек беруді қолға алды. Сонымен қатар, биыл түрмеден босап шыққан 150 адам еңбекпен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің қолдауымен жұмысқа орналастырылды.

Осы орайда мән берерлік бір нәрсе, түрмеден келгендердің бәрі бірдей жұмыс істеуге құлықты бола бермейтін көрінеді. Олардың арасында жол тазалаушы, аула сыпырушы, тағы басқа қоғамдық жұмыстарды менсінетіндер тым сирек. Қалалық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Марат Киреевтің айтуынша, бірнеше рет істі болғандардың 80 пайызы – бір кездері кәсіби білім алып, қандай да бір мамандықты меңгергендер, яғни, қолдарында дипломы барлар. Сонымен қатар, олардың қылмыс құрығына бірнеше мәрте ілінулеріне жоқшылықтың, дағдарыстың «жазығы» жоқ. Көбісінің басында баспанасы, отбасы бар және тұрмыстары бақуатты.

Абақтыда айлап-жылдап әрекетсіз сенделуге дағдыланған олар жұмысқа ынтасыз болады. Сыбай-салтаң жүріске бой алдырып, оңай олжадан рахат табуға жаман үйренгені және бар. Сөйтіп жүргенде көшеден «ескі таныстарын» кезіктіріп, өткен-кеткенді еске түсірмек болады. Іштегі шерлерін тарқату үшін ащы судың «көмегіне» жүгінеді. Ал арақтың соңы тағы да жақсылыққа апармайды. Біреумен төбелесіп тынады, әйтпесе сыбайластарымен бірігіп ұрлық жасайды.

Құқыққорғаушыларды тыңдасақ, бұрын сотталғандар негізінен көше қылмысына бейім келетін көрінеді. Былайша айтқанда, көшеде біреуді ұрып-соғу немесе көпшілік арасында ұрлық жасау, тонау – олардың жиі көрсететін «өнерлері». Бұған қоғамдағы немқұрайдылық да кінәлі. Өйткені біреумен біреу жанжалдасып жатқанын көрсек, «пәледен машайық қашыпты» деп, араға кіріспейміз, тіпті құқыққорғаушыларға хабар беруге де ықылассызбыз. «Сотқа шақырып мазалайды» немесе «куә болуымды талап етеді» деп, еріншектік, салғырттық танытып жатамыз.

Ал түрмеде тым ұзақ жылдарын өткізген адамдардың одан соңғы тірліктері тым сүреңсіз. Мысалы, таяуда темір тордың ар жағына қайта оралған 42 жасар Александрды айталық. Түрмеге өмірінің он жылын берген оны еркіндікпен бірге жалғыздық та күтіп тұрған болатын. Әйелі баласын алып Ресейге көшіп кеткен, барар жер, басар тауы қалмаған Александр Таня атты келіншекпен түтін түтетіп, қолына кіріп алған. Бір отырыста аузына арақ тиген ол әйелін де, оның құрбысын да ұрып, қайта қамауға алыныпты. Кейіннен оның Таняның құрбысының алтын алқасын ұрлағаны да анықталған. Осылайша, екі-үш қылмысты арқалап кете барған Александрдың өмірі түзеледі деп кім айта алар?!

Базбір түзеу мекемелерінде мерзімдерін өтеушілер қолөнермен айналысып, жасаған бұйымдарын сататындығы жөнінде еміс-еміс естіген едік. Ондай өнердің өзі санаулы жанға ғана дарыса керек. Себебі бостандыққа шыққанда қолөнерді өркендетіп, табыс көзіне айналдырған жанды өңірімізден кездестірмедік те, ондай барын естімедік те. Түрмелерде, сонымен қатар, намаз оқитын бөлмедер де ашылып жатқандығын құлағымыз шалып жүрді. Ол да әйтеуір өзін-өзі уақытша алдарқату ма дейміз. Өйткені Аллаға шын құлшылық қылып, өз қатесін мойындап, кейін намазын жалғастырып, ізгі істерге ұйытқы болып жүрген біреуді көрмедік. Демек, қылмыскерлердің ішінен дінге бет бұрғандардың да ішкі дүниелері бұлыңғыр, жансарайлары таяз деген сөз.

Сонда, өздеріне де, өзгеге де аяушылықтан ада қылмысқұмарларды жүгендеу үшін не істемек керек?

-Олардың тәрбиесіне бүкіл халық болып атсалыспаса, болмайды,- дейді бұл орайда Марат Киреев.- Қандай жұмыс болса, соны істеуін талап ету керек, сонымен бірге, еңбек ұжымынан бір тәлімгер белгілеу керек. Олармен тек қана полиция қызметкерлерінің күресуі жеткіліксіз. Біздің анда-санда бір кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанымыздан түк шықпайды.

Қылмыс әлеміне қайта оралатындардың дені жастар дедік. Бәлкім, оларға білікті психологтар жұмыс істейтін бейімдеу орталықтары да қажет шығар? Түзеу мекемелерінен келгендердің қызығушылықтары мен мүдделерін зерттеп көрдік пе екен? Әйтпесе оларды ынталандыру шараларын көбейткен жөн бе? Қанша тырыссақ та, әйтеуір оларды тәрбиелеуде олқылық жіберіп жүрміз-ақ. Осы олқылықтың бір шеті түзеу мекемелерінде де жатса керек. Ол жақта тәлім-тәрбие шараларына қаншалықты мән беріліп жатқаны да беймәлім.

Қысқасы, әзірге біздің қоғам қылмысты қайталап жасаушыларды тыюға дәрменсіз. Сондықтан, жағымсыз сандар сағат санап өсе бермек...

Жанаргүл ҚАДЫРОВА               

 

Санат: Қоғам | Қосқан: Отарка (09.09.2010)
Қаралды: 556 | Тегтер: қылмыскер, полиция, Түрме | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017