Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Қоғам

Талап-тілектер орындалуда

Биыл жыл басында қала әкімінің есеп берулері кезінде жергілікті билікке тұрғындардан 122 сын-ескертпе мен ұсыныс түскен. Олардың 86-сына кездесу үстінде жауап беріліп, қалған 36 ұсыныс-ескертпе қала әкімдігінің арнаулы қаулысына сәйкес жыл соңына дейін іске асырылуы тиіс-тін.  16 қыркүйекте өткен қала әкімдігінің кеңейтілген отырысында талқыланған алғашқы мәселе осы – халықпен кездескенде айтылған сын-ескертпе, ұсыныстардың жүзеге асырылу барысы болды. Ол туралы әкімдік мүшелері алдында есеп берген қала әкімі аппаратының басшысы Айнагүл Құрманова 15 қыркүйекке дейін 36 ескертпе-ұсыныстың 26-сы (72,2 пайызы) орындалғанын айтты.

Халықтың сөзіне құлақ асып, билік тындырған шаруалардың біразы шешімін көп күттірген мәселелер. Алдымен ауылдарда атқарылған істерге тоқталайық. Биыл Бозшакөл ауылындағы мектепте 1-қазақ сыныбы ашылды. Осылайша, балдырған балаларын ана тілдерінде оқытуды аңсаған ата-аналар қуанышқа кенелсе, Құдайкөл мектебінің спорт залы су жаңа спорттық құралдармен толықты. Шідерті станциясының көшелеріне 13 шам орнатуға қала қазынасынан 460 мың теңге бөлінді. Байет ауылында облыстық бюджеттен бөлінген 800 мың теңгеге медпунктке арнап үй-жай сатып алынды. Ақкөл ауылында учаскелік инспекторға деп 655 мың теңгеге тұрғын үй сатып алынып, құжаттары ресімделуде.  Қарасу ауылында пошта байланысының жұмысы жақсартылды.

Қалада да біршама іс тындырылған. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 47-үйдің жылумен жабдықтау жүйесі жөнделді. Даңқ тұғыры мен Мәңгілік алау күрделі жөндеуден өткізілді. Кварталішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абай көшесіндегі 112-үйдің су, жылу құбырлары қапталды. Солтүстік муниципалдық округтегі жер үйлер секторының көшелеріне асфальт төселді.

-Қала әкімімен кездескенде 12-шағын аудан тұрғындары үйлерге барар судың қысымының төмендігін айтып шағымданған болатын. Қазіргі кезде «Азия Строй Монтаж» ЖШС-і аталмыш шағынаудандағы суық сумен жабдықтау желілерін жөндеп жатыр. Мердігер кәсіпорынмен жасалған келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстары қыркүйектің аяғында аяқталуы тиіс,-деп атқарылған жұмыстардың мән-жайын баяндаған Айнагүл Құрманова алдағы 4-тоқсанда аяқталмақ істерге де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы тоқсанда 31-шағынауданда сыртқы су құбырлары жүйелерінің күрделі жөндеуі тәмамдалады. Қазір Заводская, Рабочая, Трудовая көшелеріндегі суық, ыстық су құбырларының 728 метрдейі жөнделу үстінде. Жұмыс 15 қазанға қарай аяқталуы тиіс. Ал 6-шағынауданның су, жылу құбырлары желісін жөндеу осы айдың аяғына дейін жалғасады. Қаланың су құбырлары жүйесін жаңарту мен қалпына келтіру жұмыстары қарашада тәмамдалмақ. Бұл жұмыстар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда.

Өңір тұрғындарынан түскен ескертпе-ұсыныстардың бірталайы әлі де қала әкімінің бақылауында. Соның бірі Құрылысшы ауылында бастауыш мектеп салу немесе оған лайықты ғимарат сатып алу ісі. Білім бөлімі жаңадан мектеп салу мақсатты емес екенін алға тартып, ауылдық округ әкімімен бірлесе мектепке лайық ғимарат іздеп тапқан. Алайда бос жатқан үйдің меншік құқы тіркелмеуіне байланысты мәселе шешілусіз қалуда. Естуімізше, ауылдағы «мектепке жарар» деп сатып алынбақ үй құлаудың аз-ақ алдында. Екі есеп те бір есеп, оны жөндеуге жұмсалуға тиіс қаржы жаңа ғимарат тұрғызарлық сомаға жетіп жығылса ше...

Тұрғындардан түскен ұсыныс-ескертпелерді жүзеге асыру жоспарында Музыка мектебінің жанындағы жолдарды, Шахтерская, 18/6 үйінің ауласын, Строительная көшесіндегі 40 «А», 50, 52, 54 үйлерінің алдын асфальттау жұмыстары да бар. Өкінішке қарай, ТҮКШ бөлімі ол жұмыстардың орындалуын кешеуілдетіп отырған көрінеді. Қала әкімі Нұрлан Нәбиев аталған шаралар жыл аяғына дейін орындалмаса, бөлім басшылары жауапқа тартылатынын ескертті.

Айнұр МЕЙРАМОВА

Санат: Қоғам | Қосқан: Отарка (22.09.2010)
Қаралды: 524 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017