Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Оқиға

Адамнан ұят кетсе, құдықтан қақпақ кетеді

Дабыл!

Адамнан ұят кетсе, құдықтан қақпақ кетеді

Аузы үңірейген кәріз құдықтары қазір үйреншікті жайтке айналды. Ашық-шашық жатқан бұл құдықтар адам мен техниканың жүріп-тұруына қауіп екені айтпаса да түсінікті. Қақпақ ұрлауға машықтанған ұрылар телефон кабельін қымқырудан да олжа тауып жүр. «Нұр Отан» ХДП Екібастұз бөлімшесі жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің отырысында толғауы жеткен осы проблема қарастырылды. Алғашқы кезекте сөз алған «Қазақтелеком» АҚ-ы Екібастұз қалалық телекоммуникация торабы кәсіпорнының директоры В.И. Попов үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде телефон кабелінің ұрлануынан кәсіпорын 1,5 млн. теңгенің зардабын шегіп отырғанын айтты. Бұл тек ұрланған кабельдің ғана құны, ал оны қалпына келтіру тағы қаншама қаражатты қажет етеді. Бұл қаражатты жаңа желілер тартуға, құрылғылар қоюға жаратуға болар еді. Бір назар аударатын мәселе – көршілес Ақсу қаласында биылғы жылы кабельдің қолды болуы екі-ақ рет орын алған. Ал бізде кабель 70-тен астам рет ұрланған. Осыған қарап-ақ Екібастұзда ұрылардың еркін тайраңдап жүргенін аңғаруға болады.

«Екібастұзсу» кәсіпорнында қалыптасқан жағдай тіптен күрделі. Үстіміздегі жылдың жартыжылдығында 448 қақпақ жымқырылған. Бұл былтырғы бір жыл ішінде ұрланған қақпақ санымен шамалас. Кәсіпорын ұрлықтан 2282 мың теңге зиян шеккен. Шойын қақпақ ұрылардың көз құртына айналған соң, кәсіпорын өткен жаздан бері темірбетон қақпақтар жасатып, қойған екен, ол да ұрыларға «жем» болған. Мұндай қақпақтар ішіндегі арматура үшін қиратылу үстінде. Жалпы, қала бойынша 17 мың кәріз қақпағы орнатылса, соның бүгінгі күні 3 мыңы ашық жатыр.

Ал енді осыншама кең етек алған ұрлықпен күрес қаншалықты дәрежеде? Қалалық ішкі істер бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Б. Жұмабевтың айтуынша, телефон кабелін ұрлау бойынша 75 факті тіркелсе, соның 73-інде қылмыстық іс қозғалмаған. Өйткені, келтірілген зиян сомасы қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік бермейді. Қақпақ ұрлығындағы жағдай да осы тақылеттес. Егер құқыққорғау органдарының дәрмені осы болса, онда сөз болып отырған ұрлық түрінің жуық арада тыйылары екіталай. Жазасыздық жаңадан қылмыс жасауға итермелейтіні ежелден белгілі аксиома.

Отырысқа қатысушыларды мазалаған тағы бір сауал – ұрланған заттар қайда, қалай өткізіледі? Бұл орайда біздің қаламызда темір-терсек қабылдайтын 10 пункт бар көрінеді. Олар заңды түрде тіркелген, мемлекетке салығын төлеп тұрады. Қызметін ашық жүргізетін мұндай пункттердің «былық-шылыққа» араласуы екіталай, өйткені олардың бизнесіне нұқсан келеді емес пе. Ендеше, ұрланған кабель мен қақпақтар жасырын әрекет ететін қабылдау пункттерінде ақшаға айналдырылып, кейіннен бәлкім басқа қалаларға жөнелтіледі. Ал мұндай шағын пункттер жекеменшік үйлердің қора-қопсысында жабдықталуы әбден ықтимал. Айтпақшы, Жеңіс мейрамынан кейін қолды болған қола мүсін осындай бір үйдің ауласынан табылды деп хабарлап еді ғой полиция қызметкерлері.

Кеңес отырысына қатысқан «Эльбрус ЛТД» ЖШС-нің коммерциялық директоры В.Ю. Михеев шойын қақпақтарды пластикалық қақпақтармен ауыстыруды ұсынды. Аталмыш кәсіпорын еліміздің бірқатар қалаларында плпстикалық қақпақтар орнатумен шұғылданып жүр екен. Әрине, бұл үшін қыруар қаражат керек. Отырыстағы әңгіме тізгінін ұстаған «Нұр Отан» ХДП Екібастұз филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Ж. Рамазанов осы орайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бқлімі басшылығына бюджетті нақтылау кезінде осы мақсатқа қаржы сұрауға кеңес берді. Айтпақшы, «Эльбрус ЛТД» кәсіпорны шикізат үшін тұрғындардан тұтынылған пластикалық құтыларды және т.б. сатып алуға әзір екенін де білдірді. Әрине, егер Екібастұзда пластикалық қақпақтар құру құқығына ие болса ғана.

Отырыс барысында ұрлыққа тосқауыл қою шаралары кеңінен сөз болып, бірқатар ұсыныстар айтылып, тоқтамдар жасалды. Атап айтқанда, полиция күресті пәрменді етуі қажет. «Бұл пагон таққандар үшін намыстың ісі болуы керек» деді Самат Жайынұлы. Сонымен бірге жұмыс тобы құрылып, темір-терсек қабылдау пункттеріне рейдтер жасалмақшы. Әйтсе де, ең бастысы бұл істе халықтан көмек сұралып отыр. Күн демей, түн демей көше бойындағы, аулалардағы қақпақтар мен кабельдер ұрланып жатқанда ұрылардың көзге түспеуі ақылға қонбайды. Куәгерлер әрине, көп, бірақ дабыл көтермейді. Ұрылардың әбден еркінсіп кетуі де содан. Сол себепті ұрлық куәсі болған қалалықтардың сенім телефондарына қоңырау шалуы жөн болар еді. Әйтпесе, адамнан ұят кеткен мына заманда, құдықтан қақпақ кете бермек.

Ж. СӘДУАҚАС 

Санат: Оқиға | Қосқан: Отарка (23.09.2010)
Қаралды: 471 | Тегтер: Қылмыс | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017