Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Поэзия әлемінде

Елес

Елес

Баба!

Сен

Жасын өлеңнің жарқылы ма едің,

Ғаламат ғасыр тудырған?

Қазтуғандардың сарқыны ма едің,

Толғауын байрақ-ту қылған?

 

Сөздерің бүгін санама мұра,

Селебе сынды қайралған.

Үмбетің менмін далаға мына,

Кіндігі мәңгі байланған!

 

Тұлғаңның ерек нарқы-даламдай,

               Жетпейтін әсте өреміз

                Өзіңе ұқсап жарқырай алмай,

  Жасық боп тудық неге біз?!

 

               Таусылып біттік күптеніп ерек,

               Тәуелсіз болдық дегенге.

               Тексіздер бірақ түп -тегі бөлек,

               Тайраңдайды әлі төбемде!

            

              Арының сенің жырыңдағы асыл,

              Қонбай-ақ бізге кетер ме?

              Үмбетей болып туылмағасын,

              Үндей алмаймыз бөтенге...

 

Өтіпті, баба, шайқалмай көшің,

              Біз жүрміз мылқау адамдай.

              Айтатын жерде айта алмай, сосын,

              Шабатын жерде шаба алмай!

 

Топқа да кіріп толғанбағасын,

Жат болды жанға жыр-аңыз.

...Үкілі найза қолға алмағасын,

Үркек боп өстік мына біз.

        

Болса егер сәл-сәл ашынған жырым,

Өзің кеп Баба, айт емін.

Тіліңді кесер басыңнан бұрын,

Қоғамға құлмын, қайтемін?!

 

Жанымды кейде мұздатса нала,

Диуана болып кезіп қыр.

                Бетімді бұрып сіз жаққа, Баба,

                Келеді кеткім безіп бір!

 

Қырларды кезіп құла даламда

               Ілесіп анау сағымға...

               ...Бөгенбайлар жоқ мына заманда,

               Жүрер ем мен де жанында!

 

              Жеңісімді ерен тойлаймын ба әлі,

              Күбірлеп іштей дей берем.

              Осының бәрін ойлаймын-дағы,

              Үн-түнсіз жүрем кейде мен.

 

Үзіліп шыдам, ішім егіліп,                    

Үгіліп кеткен шағымда.                       

              Үмбетей болып түсіме кіріп,

              Үміт бересің тағы да!

 

              Сертімді сосын етемін берік,

              Сес алып семсер сөзіңнен.

              Түмен ойлардың жетегіне еріп,

              Түн қатып жүрем өзіңмен!..

 

              Мекенін ойлап, мұңға батпаған,

              Деймісің бізді жасық кіл.                            

              Көңілің толмай бір қарап маған,

              Кетесің сосын асып қыр.

 

              ...Қапасы тарап қайғы-мұңымның,

              Биіктеп бір сәт мұрадым.

             Тұяғынан ұшқан сәйгүлігіңнің,

              Тозаңын жұтып тұрамын!

 

Қарағаш, Қазақ және «Қызыл кітап»

 

                                                Қарағаш-Ерейментау жерінде өсетін, 

                                                «Қызыл кітапқа» енген ағаштың сирек кездесетін түрі.

                                                Ол таза сулы бұлақтардың жағасында ғана өседі.

                                                Егер бұлақ тартылса, қарағаш та қурап қалады.

                                                                                  Ғылыми анықтамалақтан

 

 

Қара орманда осынау бірге өстім деп,

Ей, Қарағаш, өзіңмен мұң кештім көп.

Сиреп қалған қатары сені көрсем,

Сені көрсем тұрады тілдескім кеп.

 

Сәл ырғалып, неге ойға берілесің,

Қарағаш-тал, бірақ та не білесің?

Қарапайым күн кешкен қара қазақ,

Секілді боп көзіме көрінесің.

 

Мазаласа жанымды мұң лебі

Жыр шіркінді құлаққа кім іледі?

Сенің нәрің-бұлағың.

Менің нәрім-

екі талай тағдыры тілім еді!

 

Беу, Қарағаш, сенің де қайғың бар ма,

Екеумізді тағдырым сай қылған ба?!

Сен өлесің-тартылса бұлақ-нәрің,

Мен құримын-тілімнен айырылғанда!

 

Осы бір ой мазалап күнде мені,

Тоғай жаққа қараймын іргедегі.

Сені «Қызыл кітапқа» кіргізгенде,

Білген шығар ғалымдар бірдеңені.

 

Мақсатым да, мұңым да бөлек еді,

Келетін күн білмеймін не береді?

Қарағашты кіргізген сол кітапқа,

Қазақты да кіргізу керек еді!

 

Басымызда болғанмен парыз неше,

Нанар біреу осыны аңыз десе.

Қызыл қоғам бір кезде қанын ішкен,

Қазақ «Қызыл кітаптан» пана іздесе!

 

Мекен болған таусылмас сан аңызға,

Сен де, мен де перзентпіз даламызға.

Қазақ пенен Қарағаш бір күндері,

«Қызыл кітап» бетінде қаламыз ба?!

                                                             

Бұлтқа батса бұлданып қырыс күн де,                                                                                                                                                                                        

Қыр үстінде кешқұрым мұң іштім бе...

Қара Қазақ, Қарағаш, сені ойлаймын,

Қалтыраған бейуақ қыл үстінде.

 

Не қыламын, апырмау, енді не етем,

Буамыз ба бәріне белді бекем?

«Қызыл кітап» Қазақ пен Қарағашқа,

Боп жүрмесін әйтеуір соңғы мекен!

 

Қадыр Тайшықов

 

  Екібастұз ауданының Шиқылдақ ауылында тұратын, өткеннен түйгені мол Базарбаев Қоқыш ақсақал маған мынадай бір дерек айтып еді: «Кезінде Ерейментау ауданындағы Бозтал ауылында жасаған Жаңабайдың Қайнені деген адам зұлматты жылдары жазықсыз айдалып, Сібір лагерлерінің дәмін татып келген. Бұл кісі ол жақта Қадыр Тайшықовпен бірге болыпты. Осы Қайненнің  айтуынша, Қадыр айдауда жүріп, тайга ішінде оққа ұшқан.  Жазғытұрым уақыт еді  дейді ол.  Өздері ашқұрсақ, әбден титығы жетіп жүдеген тұтқындардың дені дұрыс киімі де жоқ. Табаннан өткен қар суының ызғары маңдайға жетеді. Таңертең сапқа тұрғызып, жұмысқа айдап апара жатқанда, аштық пен суықтан әлі құрыған Қадыр басқаларға ілесе алмай, кейіндеп қала бересе керек. Сол кезде айдаушы солдат арқасынан мылтықтың ұңғысымен түйіп қалады. Әлгінің қорлығына шыдамаған Қадыр оған әлде қол жұмсай ма, әлде бірдеңе дей ме, солдат оны сол арада атып жіберіпті. Жазықсыз ажал құшқан есіл ер осылай тайганың ішінде көмусіз қала береді»

 

 

 

Ғайып болған іздеп ұлын,                 

Жылдар да ұзап алыстаған.

Есіміңді бізге бүгін,

Тарих өзі табыстаған.

Өзгелерден ірі едіңіз,

Озамын деп қарыштаған.

Зиялының бірі едіңіз,

Қараңғы елге шам ұстаған,

Күнге жетіп көсегелі,

Қайта оралды алыстағы ән,

Дұғам болсын осы өлеңім,

Рухыңызға бағыштаған!

 

Елің бүгін шат болғанда,

Басымызға бақ қонғанда.

Азаматы, арысы да,

Елмен қайта табысуда

Ұмытуға шақ қалғанда.

Бірақ та, аға, кешіріңіз,

Көрінбейді есіміңіз

Тізімдерде, ақпарларда.

Іздемей ме ел дарын ұлын,

Мықтылардың бәрі бүгін

Ақталғанда, мақталғанда?!

 

Жаралғасын арың ақтан.

Ғұмыр кештің жалын атқан,

Өзен едің сарқылмайтын,

Өз арнасын тауып аққан.

Түстің заман қармағына,

Жете алмадың арманыңа.

Тағдырыңды қарып ақпан.

Туғызатын жарық күнді,

Сіз секілді халыққа үлгі

Боздақтардың бәрін атқан.

Еркеккіндік қалмапты, аға,

Бәрін түгел жалмапты, аға

Қалған Тайшық, Баспақтардан

Елден биік асқақтанған

Берекелі шаңырақтан!

Сізге арнаған өлең-жырым,

Болсын, Аға, менен бүгін

Құлпытасым орынатқан!

Сайлау Байбосын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Санат: Поэзия әлемінде | Қосқан: Отарка (02.09.2010)
Қаралды: 707 | Тегтер: Ерементау, Ақын | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017