Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Руханият

Мұсылмандардың бір басшылықтың айналасында бірігуі және қарама-қайшылықты тастау, әсіресе мәзһаб бойынша келіспеушіліктерді тоқтатудың қажет

Қамқор, мейірімді Аллаһтың атымен!

Мұсылмандардың бір басшылықтың айналасында бірігуі және қарама-қайшылықты тастау, әсіресе мәзһаб бойынша келіспеушіліктерді тоқтатудың қажеттілігі

Барлық мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Аллаһ тағалаға ғана тән. Еш серігі жоқ, Жаратушымыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешқандай құдайдың жоқтығына және ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік береміз. Аллаһ кімді тура жолға салса, оны ешкім де адастыра алмайды, ал кімді Аллаһ адастырса, оны ешкім де тура жолға сала алмайды.

Аллаһ тағала Өзінің кітабы Құран Кәрімде адамдарды білім деңгейлеріне қарай, білімділер мен қарапайым халық деп екі топқа бөлді. Ол білімділерге ақиқатты жасырмауды, ал қарапайым халыққа білім иелерінен сұрауды міндеттей келе: «Егер білмесеңдер, ғылым иелерінен сұраңдар»,—дейді. (Нахл сүресі-43).

Сол себепті де сахабалар, оларға Аллаһтың разылығы болсын, Пайғамбардың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде де, дүниеден қайтқанынан кейін де, әрбір істерінде оның (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) іс-әрекеттері мен ақыл-кеңестерін басшылыққа алатын. Әбу Бәкір әс-Сыддық, оған Аллаһтың разылығы болсын, халифа болған тұста сахабалар білмеген істерін одан сұрайтын. Мұсылмандардың әміршісі болып Омар, оған Аллаһтың разылығы болсын, сайланған шақта халық өз істеріне қатысты сұрақтарын одан сұрайтын еді. Міне, сол сияқты, Ислам дінінің алғашқы қарлығаштары Осман мен Әли, оларға Аллаһтың разылығы болсын, билік құрған кезеңдерде де жағдай осылай болатын...

Ислам тарихында ең алғашқы бүлік (фитнә) адамдардың мұсылман үкіметінің басшылығымен келіспеушіліктерінің және оған қарсы шығуларының салдарынан болған-ды.

Ислам діні мұсылмандардың бүкіл мәселелерде, соның ішінде құлшылық мәселелеріндегі бірлігіне қатты көңіл бөледі. Бұл тұрғыда Аллаһ тағала: «Аллаға әрі елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жалжандаспаңдар, онда үрейленесіңдер де, құттарың қашады»,—дейді. (Әнфал-46). «Мушриктерден (Аллаһтан басқаға да құлшылық қылатындардан) болмаңдар. Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар.» (Ар-рум-31-32). «Сеннің Раббың рахым қылған адамдардан басқалары қарама-қайшылықта болудан тоқтамайды.» (Худ 188-119).

Абдуллаһ ибн Амр, оған Аллаһтың разылығы болсын, былай дейді: «Бірде таңертеңгісін Аллаһтың елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, барғанымда бір аят жайлы дауласып тұрған екі кісінің дауысын естідім. Сол кезде Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, шығып, ашуланған кейіпте: «Расында, сендерден бұрын өмір сүргендер Аллаһтың кітабы жайында болған келіспеушіліктерінің салдарынан құрып кеткен»,—деді»[1].

Тәмим әд-Дари есімді сахаба риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – насихат»,—дейді. Сонда сахабалар: «Кімге?»—деп сұрайды. Ол (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және де жалпы мұсылмандарға»,—деп жауап береді[2].

Имам ән-Нәуауи осы хадиске түсініктеме бере отырып: «Мұсылман басшыларына деген насихат оларға ақиқат жолындағы көмекте, ақиқатта оларға бойсұнып және оларды ақиқатқа шақыруда, жұмсақ сөзбен, сыпайылықпен, білмеген немесе назар аудармаған мұсылмандардың құқықтары туралы естеріне салуда, оларға қарсы шығудан аулақ болуда және адамдар арасында оларға бойсұнудағы махаббатты туғызуда танылады»,—дейді.

Ғұлама әл-Хаттаби мұсылмандардың басшыларына болатын насихатқа олар үшін жасырын дұға жасау, олардың басшылығы қарамағында күресу, оларға зекет-садақаларды жинап беру, оларға қарсы қару көтермеу, қателескені не жамандығы білінсе, өтірік мадақпен адастырудан бас тарту және олардың түзелуі үшін дұға істеу де жатады деген. Сонымен қоса әл-Хаттаби: «Мұсылман басшылары мен дін ғұламалары бір қатарда тұрады»,—дейді. Сондықтан да оларға деген насихат олардың аманатын қабылдау, шешімдеріне еру және олар жайлы жақсы ойда болу деп білеміз.

Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің оразаларың халық ораза бастаған күні басталады, ал ауыз ашуларың халық ауыз ашқан кезде бітеді. Және құрбандықтарың халық құрбандық шалған күні болады»[3],—деген. Сондықтан да ғұламалар осы хадиске сүйеніп, егер де қандай да бір халықтың (мемлекеттің) айт намаздары мен құрбандықтары басқа мемлекеттердің айт намаздары мен құрбандықтарын шалатын күнге сәйкес келмесе[4], онда осы қоғамның мүшесі болған әрбір адамға, келіспеушілікке жол бермеу үшін, өз халқымен бірге айт намазын оқып, құрбандық шалғаны жөн болады.

Бұрынғы өткен ғұламаларымыз мұсылмандардың кейбір мәселелерде өзара келіспеушіліктерін тастап, бір көзқарастың астында бірігулерінің қажеттілігін терең түсінген. Сондықтан да олар өз имамдарының артында тұрып, намаз оқу барысында оларға ешқашан қайшы келмеген және намаз бен өзге де ғибадаттарды пікірлері имамның пікіріне сәйкес келмейді деп тастап қоймады.

Міне, бұл сөзімізге әуелде өткен, Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) серіктері болған сахабалардың және үмбет ғалымдарының іс-әрекетінен дәлелдер келтіре кетелік. Мысалы, әділетті халифа Омар, оған Аллаһтың разылығы болсын, мұсылмандар арасында ауызбірлік болып, келіспеушіліктен арылу мақсатында сахабаларды жаназа намазының төрт тәкбіріне біріктірген-ді. Үшінші салиқалы халифа Осман, оған Аллаһтың разылығы болсын, сапар кезінде намазды екі рәкағатқа қысқартпаған. Ибн Масғуд оған өз қарсылығын білдіргенімен, соңынан ұйыған кезде төрт рәкағат намаз оқитын еді. Бұл туралы одан сұрағанда, ол: «Келіспеушілік – жамандық»[5],—деген екен. Осыған ұқсас хадис Әбу Зардан да келеді[6].

Әл-Уәлид ибн Уқба адамдарға имамдық еткен таңғы намазын[7] төрт рәкағат қылып оқығанда, оған ұйыған сахабалар да (олардың арасында Абдуллаһ ибн Масғуд та бар) бұл намазды төрт рәкағатпен оқыған[8].

Біздің мәзһабымыздың имамдарының бірі, имам Әбу Ханифаның шәкірті болған, ғұлама Әбу Юсуф «қан кету (қансырау) дәретті бұзады» деп санаған. Бірақ мұсылмандардың әміршісі денесінен қан кеткеніне қарамастан намазға тұрып имам болғанда, Әбу Юсуф оның артынан ұйып намаз оқығаны белгілі. Кейін серіктері Әбу Юсуфтан: «Қаны кетіп, дәреті бұзылған адамның соңынан қалайша намаз оқыдың, бұл сенің пікіріңе қайшы келеді ғой?!»— деп сұрағанда, ол: «Субхан Аллаһ, бұл мұсылмандардың басшысы ғой!?»[9],— деп жауап береді...

Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Имам намазды басқару үшін қойылған, оған ұю міндет болып, қарама-қарсы келетін амалдар жасауға қатал тыйым салынған»,—дейді. Бұл хадисте имамға сыртқы амалдарда еру айтылғаны туралы ғалымдар арасында ешқандай да келіспеушілік жоқ, келіспеушілік, тек ғана ішкі амалдарда еру жайында, мәселен, ықылас жайында болған еді. Сондықтан ғұламалар осы хадис бойынша «Имамға ұйыған кезде оның амалдарына толық еріп, оған қайшы келетін амалдарды істемеу керек» деп айтқан. Егер имам намаздың ішінде қолын көтермейтін болса, онда оған ұйыған намазхандарға да қолын көтермеген жөн. Олар дәл имамға сай намаз оқиды. Яғни, имам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқитын болса, олар да осы мәзһаб бойынша намаз оқиды, тіпті басқа мәзһабты ұстанған болса да. Бұл пікір осы хадисті түсіну жағынан да, обьективті шындық бойынша да дұрыс болып табылады.

Имам мен оған ергендер «Әмин»-ді дауыстап айтуы керек деп санаған Сауд Араб мемлекетінің Ибн Ал-Усеймин сияқты кейбір үлкен ғұламалары егер имам «әмин»-ді іштен айтса, онда оның артынан ұйыған жамағат та, келіспеушілікті болдырмас үшін, «әмин»-ді іштен айтқаны жөн деген.

Сонымен қатар егер біреу қандай да бір мәселе бойынша өзінің ойын дұрыс деп санаса да, оған мешіт имамдары мен ұстаздарымен дауласудан аулақ болғаны абзал. Өйткені көбінесе қарапайым адамдарда бұл жайлы ілім жетіспейді әрі мұндай жағдайлар мұсылмандарды өзара келіспеушілікке, бөлінуге алып барады.

Діни істер жөніндегі комитет пен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қарамағындағы діни мәселерді шешу үшін ортақ ислами құқықтану заңнамасы керек. Біздің жағдайымызда бұл—ата-бабаларымыздан мирас болып келген, әйгілі имам Әбу Ханифа және оның екі атақты шәкірті Әбу Юсуф пен Мұхаммед ибн Хасанның мәзһабы (оларға Аллаһтың рақымы болсын). Егер Діни басқарма тарапынан бір-біріне қарама-қайшы пәтуалар шығарылатын болса, мешіттегі мұсылмандар намаздарын әртүрлі қылып оқитын болса, бұл жайт халық арасындағы, мұсылмандар арасындағы дау-дамайға, жанжалға, келіспеушілікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да бұрынғы және қазіргі уақыттағы мұсылман басшылары билер мен муфтилерге өз мемлекеттерінде бір ғана мәзһабты ұстануларын әмір еткен. Дәл осы жағдай біздің елімізде де көрініп отыр.

Міне, осы себепті де Егеменді Еліміздің біртұтастығын, мұсылмандардың ауызбіршілігін, ынтымақтастығын қалаған әрбір имам, әрбір мешіт жамағаты, мұсылман бауырлар толығымен бұл игі мақсатты іске асыруға бар күш-жігерін салуына тілектеспіз.

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән.

Астана қаласы Шұбар мешітінің

бас имамы Ибраһим Таиржан дайындаған

 

 



[1] Муслим, 2666.

[2] Муслим риуяты

[3] «Сунан әт-Тирмизи» 697.

[4] Мысалы, егер олар жаңа айды көрмесе немесе басқа мемлекеттерге қарағанда, басқа уақытта көрсе.

[5] «Сунан Әбу Дауд» (1/307/1960).

[6] Имам Ахмад «Муснады».

[7] Таң намазы екі рәкағаттан тұрады.

[8] «Ахмад Муснады» 1/144/1229, «Сахих Муслим» 1707.

[9] Ибн Әбу әл-Ғиз әл-Ханафидің «Ақида әт-Тахауия» еңбегіне түсініктемесі.

Санат: Руханият | Қосқан: Отарка (17.09.2010)
Қаралды: 429 | Тегтер: масхаб, Дін ислам, қазақ елі | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017