Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Руханият

Шырақшы үйінің қазығы қағылды

- Ақкөл мен Жайылмада аз жыл тұрдың,

  Пір болып, мүрид бастап, дүкен құрдың.

  Әркімнің көңіліндегі датын тауып,

  Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың.

Бұл бір шумақ өлең Мәшһүр Жүсіптің Исабек ишан өмірден өткенде шығарған жоқтауынан алынып отыр.

«Ишан – діни сопылық ілімді уағыздаушы, дін ғұламасы. Ишандар мұсылмандық діни қауымдарды, медіреселерді басқарып, мүриттерді (шәкірттерді) тәрбиелеген.»

 ХІХ ғасырда Ақкөл Жайылмадағы осындай діни орталықты Мұрат ишанның баласы Исабек ишан құрып, төңіректегі қалың елге ислам дінінің шуағын таратқан. Соңғы кездегі нақтыланған деректерге сүйенсек, Исабек ишан 1792 жылы туып, 1871 жылы қайтыс болып, қазіргі Екібастұз ауылдық округі аумағындағы Қылдыкөлдің етегінде жерленген. Осы Қылдыкөлде Исабек ишан заманында қыстау салдырып, мешіт-медіресе ұстап, уағыз айтып, әулиелік қасиеттерімен танылған. Исабек ишанның шарапатын көрмеген адам кемде кем болған. «Тон болған тоңдырмайтын жалаңашқа, ас болған таусылмайтын қарны ашқа» дейді бұл жайында әулие Мәшекең.

Исабек ишан жерленген қорымды жергілікті халық Атам зираты деп атап кеткен. Атам зиратында күні бүгінге дейін дүниеден өткен қожа тұқымдары жерленеді. Осындағы шатырлы тамда Исабек ишан, інісі Мұхамеднияз, баласы Нұрмұхамед жатыр. Ақкөл Жайылма өңіріне танымал Солтан, Әшім қожалар да осында мәңгілік тыныс тапқан. 1996 жылы көз жұмған Жандарбек қожаның бейіті де осында. Атам зиратын қожалар әулеті жергілікті халықтың көмегімен күтімде ұстап келеді. Ертеде мұнда шырақшы үйі де болыпты. Ақкөлдегі Исабек ишан мешітінің имамы Кәкім Ғаббарұлының айтуынша, соңгы шырақшы Оспан баласы Алғамбар қожа (Мұхамеднияздан тарайды) болған екен. Қазіргі уақытта елге қызмет қылған шырақшы үйінің жұрты ғана жатыр. Атам зираты төңіректегі жұрт үшін киелі жер. Мұнда қайғы-қасіретінен арылу, сырқатынан айығу үшін тәу етіп келетін кісі көп. Міне, осындай адамдарға жағдай туғызу мәселесі көптен бері пісіп жетілген еді. Алла Тағала сәтін салып 13 қыркүйек күні Атам зираты басында шырақшы үйінің қазығы қағылды. Аталмыш сауапты іске ел азаматтары Әбілқақ Түгелбаев, Серікбай Бояубаев, Абызбай Адамов, Ерлан Арын, Зекен Құсайынов және т.б. ұйытқы болып отыр. Осы азаматтардың бастамасымен Павлодар қаласында қор құрылып, оның президенті болып Зекен Құсайынов сайланған. Бүгінгі күні ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылған. Таяуда қордың есепшоты баспасөз беттерінде жарияланады. Жалпы, қорды құрушылардың келешек жоспарлары да ауқымды. Алдағы жылы Исабек ишан кесенесін көтеру, оның маңайын көріктендіру жұмысы да қолға алынады. Ал шырақшының үйін бір айдың ішінде пайдалануға беру көзделген. Үйдің аумағы 180 шаршы метр болмақ, онда тәу етушілер үшін төрт бөлме қарастырылған. Сонымен бірге шаруашылыққа керекті жайлар да салынады. Ең күрделі мәселе – мұнда электр желісін тарту. Әйтсе де, бұл проблеманы шешудің де жолдары ойластырылу үстінде.

«Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деген, Атам зираты басында өткен кеңесте жергілікті азаматтар да игі іске жәрдем қолын созуға бәтуласты. Осы орайда құрылысқа техникамен, құрылыс материалдарымен, тіптен, ақшалай көмек көрсетудің де артықтығы жоқ. Сонау дінге тыйым салынған қиын-қыстау кезеңде де Алланың ақ жолынан таймай, ел ішінде мұсылмандықты уағыздаған, сөйтіп, бүгінгі күнге үзілмей жетуіне еңбектерін сіңірген қожалар әулеті қорымын заман талабына сай көркейту ісі – көптің ісі. Олай болса, бұл шарапатты істен жүрегіне иман ұялаған әр адам қалыс қалмайды деп ойлаймыз. Ендеше, Жандарбек қожа балалары батасын беріп, бәтуаласқан шаруа сәтімен оңғарылса, шырақшы үйі жұртқа қызмет етер күн де алыс емес.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ

 

 

Санат: Руханият | Қосқан: Отарка (17.09.2010)
Қаралды: 688 | Тегтер: Исабек ишан, Ақкөл Жайылма | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017