Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Руханият

Жастар және мемлекеттік тіл

Дөңгелек үстел

Жастар және мемлекеттік тіл

«Атамұра» мәдениет орталығында осындай тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. Атап өтерлігі, отырысты жүргізген орталық қызметкері, ақын Алмагүл Жүгінісованың шараның қызықты да тартымды өтуіне ерекше дайындалыпты.

Алдымен Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ерлан Қабдылов сөз алып, 20 қыркүйек күні басталған «Мемлекеттік тіл – ел мұраты» акциясы жайлы баяндап, акцияға орай мемлекеттік тілді насихаттайтын ақпараттық парақшалар әзірленгенін тілге тиек етті.

-                     Автобустар да аялдамаларды екі тілде хабарлайтын болады. Сонымен қатар, акция кезінде қалаішілік қоғамдық көліктерде қазақ тіліндегі әуендер ойнап тұратын болады,- деді Ерлан Мақсұтұлы.

Мемлекеттік тілдің негізгі өрісі қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін мекемелерде десек, өкінішке қарай, білім бөлімінің қызметкерлері дөңгелек үстелге қатысуды қажет деп таппаған сияқты. Сонымен қатар, ішкі саясат бөлімінің қызметкері Талғат Сәкеннің баяндамасы тақырыптан алшақ болып, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» керін келтірді. Ал «Нұр Отан» ХДП ЕФ өкілі Айнамкөз Рахымжанова өңіріміздегі 57 бастауыш партия ұйымында мемлекеттік тілдің аяқ алысы жаман болмағанымен, Екібастұз филиалында қазақ тіліне мән берілмей келе жатқандығын жасырмады.

-Әйтсе де қазақша КВН, дебат шараларына қаржы бөліп, демеушілік көмек көрсетіп жүрміз,- деді Айнамкөз Есенғалиқызы.

Қаламыздағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиешісі Нағима Темірғалиқызы тіліміздің өзі еңбек ететін мекемедегі хал-ахуалы жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, қазір «Үміт» балалар үйінде 2 қазақ тобы бар көрінеді. Ол топтарда тәрбиеленушілердің қазақ тілін үйренуі үшін электрондық кітаптармен жұмыс, басқа да шаралар жүйелі жүргізілуде. Балалар, сондай-ақ, «Маска» үйірмесінде қазақша спектакльдер қойып, тілдерін дамытуда.

Дөңгелек үстелге жиылған студенттердің де пікірлерін тыңдап, жастардың туған тіл болашағына немқұрайдылық танытпайтындығына қуанып қалдық. ЕкИНЕУ студенттері такси қызметіндегі кезекшілердің тапсырысты қазақша қабылдамайтынына және дүкендер мен басқа да кәсіпорындардың маңдайшаларының қате жазылуына наразылық танытса, политехникалық колледж студенттері салық комитетінде анықтамалардың орыс тілінде берілетініне реніш білдірді.

«Қазақтелеком» кәсіпорнының аудармашысы Маржан Ысқақова мен қалалық әкімдіктің мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің бастығы Бәтжамал Түсіпова да өз тәжірибелерін ортаға салып, отырысты қыздыра түсті. Ал «Богатырь Көмір» Компаниясының аудармашы маманы Жұмағали Қоғабаев:

-Мемлекеттік тіл қанатын жаюы үшін оған деген қажеттілік тууы қажет. Бізде осы жағы жетімсіздеу. Негізі, заңымызда да солқылдақтық бар. Оның «Тіл туралы» емес, «Тілдер туралы» болғанынан-ақ біраз нәрсені ұғуға болады. Біздің кәсіпорында мемлекеттік тілде сөйлейтін мамандар аз. Сондықтан мемлекеттік тіл тек аударма деңгейінде қалып келеді. Дегенмен 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламадан үлкен үміт күтеміз,- деп, мемлекеттік тілдің көлеңкелі тағдыры жайлы ой қозғады.

Дөңгелек үстел отырысынан түйгеніміз, қазақ тілінің жай-күйі жақсарды деп бөркімізді аспанға лақтыруға әлі ертерек сияқты. «Іс-қағаздар мемлекеттік тілге толық көшті» деу де өзімізді-өзіміз алдағанымыз. Оған аудармашылардың алдында құшақ-құшақ болып тәржіме күтіп жатқан құжаттардың өздері-ақ куә.

Ж. ӘБДІКӘРІМ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Санат: Руханият | Қосқан: Отарка (22.09.2010)
Қаралды: 1272 | Пікір: 3 | Тегтер: Мемлекеттік тіл ел тірегі | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017