Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Спорт

Бәйге Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Бұл жолғы ат бәйгесіне күннің ыстықтығына қарамастан кісі көп жиналды. Ипподромға жиналған көрермен қауымды қала басшысы Н.А. Нәбиев пен Павлодар ат спорты федерациясының төрағасы Қ. Жабағин Конституция күнімен құттықтап, бірлік пен береке, табыстар тіледі. Ал бәйгенің өне бойында «Екібастұз» вокалдық тобы өнер көрсетіп, мереке шырайын енгізді.

Бәйге екі жасқа толмаған жүйріктер жарысымен басталды. 1,6 км. қашықтық бауырынан жарап тұрған сәйгүліктер үшін түк емес. Тіпті, атқұмарлар жарысқа тұщынып та үлгермейді. Қосылған үш аттың ішінен көмбеге бірінші болып көкшетаулық шабандоз Румия Усманова мінген Факир жетті. Евгений Караваев мінген «Грань» ЖШС-нің жүйрігі Мой Френд екінші, қарағандылық Дәурен Сержановтың Аргосы үшінші келді.

Биелердің ұшқыр жарысы басталарда «Грань» ЖШС-нің көк биесі ойқастап, шабандоз Саят Бегалиевті әлек қылған еді. Сөйтсек, жүйріктің қаны қызып тұр екен. Әп дегенде алға озған Энигма Хант бір айналым бойы оза шауып, жұртты сүйсіндірді. Екінші орын павлодарлық, үшінші орын алматылық атқұмарларға бұйырды.

Қызықты саналатын топ бәйгеге 16 ат қосылды. Шекені қыздырған ыстықта 10 км. қашықтық та атқа жүк. Астаналық Мақсат Әбілқайыров мінген Жарылқа атты жүйрік сөреден суырылып шығып, содан төрт айналым бойы дес бермеді. Рас, төртінші айналымның соңында бұған дейін тасада болған Весея атты жүйрік оған шылбыр бойы тақалды. Бәйге енді біразға созылғанда алматылық шабандоз Бақтияр Батырқұловтың озары хақ еді, бірақ бұл жолы екінші орынды қанағат тұтты. Үшінші орынды өскемендік шабандоз Әділ Тоқтарханов иеленді.

Дөнендер де бір айналымға жіберілді. Бұл жолы бас жүлдені «Жеті ағайын» фирмасының танымал жүйрігі Архелес жеңіп алды. Екінші болып көмбеге Павлодар қаласы атынан қосылған тағы бір жүйрік Чандлер норд келді. Үшінші орынды алматылық шабандоз Иван Орлов місе тұтты.

«Құнан атқа, ат мұратқа» жеткізеді деген емес пе. Құнандар 5 км. қашықтыққа шапты. «Грань» ЖШС-інің атбегілері баптаған Соло өзге құнандарды шаң қаптырды. Астана қаласының Струнка атты құнаны екінші, ал «Грань» ЖШС-нің Асколд атты құнаны үшінші орынды еншіледі.

Аламан бәйгеде аттар 17 шақырымды еңсерді. Жеті айналымның әуелгі үш-төрт айналымында он шақты ат топтасып шауып, бір-бірінен қара үзе алмады. Бесінші айналымда солардың арасынан өскемендік шабандоз Жеңіс Аян мінген Қыран атты жүйрік алға түсті. Қыранның соңынан Шамалған мен Ақмаңдай атты сәйгүліктер ілескенімен, қуып жете алмады. Сөйтіп, аламанның бас жүлдесі өскемендік Жеңіс Аянға бұйырды. Екінші жүлде алматылық Бақтияр Батырқұловқа, үшінші жүлде астаналық Қамбар Ахметовке табыс етілді. Жалпы, ат бәйгесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді. Аламанның бас жүлдесіне 500 мың теңге тігілді. Жүлде қорын демеушілер «Гамма» мен «Грань» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және белгілі меценат Елтай Арбиев толықтырыпты.

Ж. БҰЛАНБАЙ

Санат: Спорт | Қосқан: Отарка (02.09.2010)
Қаралды: 796 | Тегтер: ЖШС Гамма мен Грань, Бәйге, ат спорты | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017