Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Спорт

Бойында қаны тулаған...

Ат құлағында ойнап өскен қазақ  небір тамаша ұлттық ойындарды туғызған. Кеңес дәуірінде ұмыт бола жаздаған көкпар, теңге алу, аударыспақ  еліміз тәуелсіздік алғалы қайта түледі. 25-28 тамыз күндері Павлодар қаласындағы «Құлагер» ипподромында  ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өткізілді. ХІІІ облыстық спартакиада есебіне кірген бұл дәстүрлі жарыста Екібастұз қаласы мен ауылдық аймағы командалары жеке-жеке өнер көрсетіп, абыроймен оралды.

Жігіттің жігітінің ептілігі сыналатын теңге алу ойынында ағайынды Қуат пен Мұрат Кәрімовтер шеберлігімен танылды. Атап айтқанда, Қуат Екібастұз қаласының командасына, Мұрат ауылдық аймағының командасына жүлделі екінші орынды сыйлады. Ағайынды жігіттер Екібастұз жұртшылығына бұрыннан белгілі, олар түрлі дәрежелі жарыстарда үнемі көзге түсіп, кейінгі жастарға үлгі көрсетіп жүр.

Ат үстіндегі аударыспақта да біздің жерлестеріміз намысты қолдан бермеді. Тақымы берік, айла-тәсілі мол, қарулы жігіттер биіктен көріне білді. 65 келі салмақта Темірболат Шөпшин, 80 келіге дейінгі салмақта Ерлан Мәуенов 3-орынды қанағат тұтса, Рустам Төлеуов абсолюттік салмақта екінші орынды иеленді. Ал 80 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Егінбаев, 80 келіден аса салмақта Алмас Жаңбырбаев жарыс жеңімпаздары атанып, абыройды асқақтатты. Осылайша, аударыспақта біздің жігіттер командалық есепте де бірінші орыннан көрінді.

Жүректілер мен білектілер ойыны көкпар қазіргі кезде жылдам дамып келеді. Ауыл-ауылдағы той-томалақта серке тартқан көкпаршылар үстінен түсесіз. Облыстық жарыста міне, осындай көкпаршылар бас қосып, кіл мықтыларды анықтады. Дүбірлі додада біздің көкпаршылар да осал болмады. Әуелде олар Ақтоғай ауданының командасын 19:2 есебімен ойсырата ұтты. Бірақ, келесі ойында Шарбақты ауданының командасынан жеңілді. Жеңілді деуге ауыз бармайды, өйткені Шарбақты үшін Астана қаласының кәсіби көкпаршылары ойнады. Ал мұндай өрескелдікке облыстық спорт және туризм департаменті басшылығы қалай жол бергені біз үшін, әрине, түсініксіз. Үшінші орын үшін Павлодар ауданы командасымен ойнаған көкпаршыларымыз негізгі уақытта тең түсіп, қосымша берілген мүмкіндікте есе жіберді. Әйтсе де, соған қарамастан біздің көкпаршылар шеберліктерінің өскенін байқатты. Команда құрамында Аманжол мен Дәурен Мақажановтар, Оразалы мен Темірболат Шөпшиндер, Асылбек Халықов, Жанат Рахметоллаев, Мейірман Өмірбаев, Ерлан Мәуенов, Әскербек Илеубаев және Еркебұлан Егінбаев додаға қосылды. Бір айта кетерлігі көкпаршылар жарысқа өз аттарын апарыпты, сондай-ақ Зеленая роща ауылының тұрғыны Марат Ақышев ат беріпті. Тағы бір ерекше атап өтерлік жай, ат спорты ойындарына қатысқан жігіттердің бәрі дерлік Ақкөл Жайылмадан. Бойында қазақтың қаны тулаған, ұлттық дәстүрге уызында жарыған осындай намысты жігіттер әрқашан көп болсын дейік.

Өкінішке қарай, бәйгеде біздің жүйріктер жүлделі орындарға ілікпеді. «Грань» ЖШС-і кіл жүйріктерін Екібастұз қаласында өтетін жарысқа іркіп қалыпты. Ал жорға жарыста «Тілек» ЖШС-нің жорғасы үшінші жүлдеге ілікті.

Төрт күн бойы аптап ыстық, ашық аспан астында өнер көрсетуге де қажыр мен қайрат, төзімділік керек. Осы орайда қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі ауыл әкімдерінің көмегімен киіз үй тігіп, қой алдырып, спортшылардың ас-суын қамдап, жағдай туғызды. Десек те, келер жылы бір ғана емес өзге аудандар секілді екі киіз үй тігуді, оның сән-салтанаты кем болмауын ойластыру жөн болар. Сонымен қатар ұлттық ат спорты ойындарын өңірімізде тұтастай дамытуға да мән беріп, шеберлікті шыңдайтын жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет-ақ. Мәселен, жыл сайын жазда бәйгелер өткізіледі. Міне, сол бәйгелер бағдарламасына көкпар, теңге алу, аударыспақты қосса, ұлттық спорттың өрісі кеңір еді.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ, Павлодар қаласы

 

Санат: Спорт | Қосқан: Отарка (02.09.2010)
Қаралды: 494 | Тегтер: көкпар, ХІІІ облыстық спартакиада, ұлттық ат спорты | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017