Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Спорт

Жүгіру бұқаралық сипат алды

Шынықсаң – шымыр боласың. Дене шынықтырудың адам денсаулығы үшін мәні зор екенін жете ұғып, таңертең не кешке бір ауық жүгіруді, түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырған, аптасына бір-екі рет спорт залдарын жағалап, спортпен шұғылданатын адамдар арамызда жылдан-жылға көбейіп келеді. Міне, осындай адамдар қоғамда салауатты өмір салтын орнықтыруда жалпақ жұртқа үлгі-өнеге болып жүр. Бұқаралық спортты дамытуға жаппай қатысу міндетін Елбасы да қадап айтқан болатын. Осы орайда спортпен үнемі шұғылданушылардың алдыңғы легінде мемлекеттік қызметшілердің жүруі де әбден орынды. Жыл сайын күздікүні өткізілетін Денсаулық фестивалінде бұқараға ұйытқы болатын да осындай спортты сүйетін, дене шынықтыруды өмірлік салтына айналдырған қауым десек, артық айтқандық емес.

Денсаулық фестивалі белгіленген күні, яғни 11 қыркүйекте ауа райы құбылып, аспанды қалың бұлт басып, суық жел көтеріліп, анда-санда сіркіреп жаңбыр жауды. Соған қарамастан спорттық киімдерін киген үлкен-кіші қала көшелерімен лек-лек болып, сергек көңіл-күйде «Қазақстан» кинотеатры алдындағы алаң мен «Шахтер» саябағына қарай ағылды. Бұл күні орталық алаңға студенттер мен жоғары сынып оқушылары, мекемелер мен ұйымдар қызметшілері, кәсіпорындар ұжымдары жиналды. Сап түзеген фестивальға қатысушылар алдында қала әкімі Н.А. Нәбиев құттықтау сөз сөйлеп, жұртты спортпен шұғылдануға шақырып, сәттілік тіледі. Осыдан кейін алаңда жас гинасшылар мен акробаттар, футболшылар және т.б. өнер көрсетіп, үйлесімді қимыл, шыңдалған шеберліктерімен көпшілікті сүйсінтті. Лек-лек болып сап түзегендер арасында біркелкі спорттық киім үлгісіндегі қалалық білім басқармасы қызметкерлері, «Промсервис-Отан» ЖШС-і ұжымы ерекшеленіп тұрса, «Зерде» мектебінің оқушылары көтерген ұранымен көзге түсті. «Промсервис-Отан» ЖШС-нің қызметкері Әйгерім Абдрахманованы сөзге тартқанымызда, ол кәсіпорыннан жүгіруге 51 адам қатысқалы тұрғанын айтты. Жалпы, бұл ұжымда спортты серік қылғандар саны бұдан да көп көрінеді. Үнемі волейбол, хоккей ойнайтындар бар әрі спорттық жарыстар да өткізіліп тұрады екен.

Жас спортшылардың бой жазу жаттығуларынан кейін қарақұрым үлкен-кіші 1500 метр қашықтықты бағындыру үшін жұгіруге әзірленгенде алаңға сыймай кетті. Ауа райының қолайсыздығын елемеген олар Мәшһүр Жүсіп көшесінің Пішенбаев көшесімен қиылысына дейін жүгіріп жетіп, Денсаулық фестиваліне қатысқандарына мәре-сәре күйде болды. Жұртпен бірге аталмыш қашықтықты қала әкімі Нұрлан Абзалұлы да бағындырды. Осы тұста қала басшысының футбол ойнауды, басқа да спорт түрлерімен шұғылдануды әдетке айналдырғанын айтып өту ләзім. Жастар бұл орайда қала әкімінен үлгі алса да боларлық.

...«Шахтер» мәдени-демалыс саябағында «Денсаулық» фестиваліне «Радость» үлгілі би тобының ширақ қимылы серпіліс берді. Білім беру бөлімінің денешынықтыру жөніндегі әдіскері Александр Алехиннің құттықтауынан соң оқушылар мен студенттер 1 миль қашықтыққа жүгірді. Сенбіні сергу күніне айналдырған жастарды «Қайнар» БЖШО-ның көркемөнерпаздары әзірлеген концерт те, жауынды-шашынды ауа райы да құлшындыра түскендей.

Тұрғындарды жаппай бұқаралық спортқа тартуды көксеген аталмыш акция барлығы 15 000 адамды (қала және ауылдар) қамтыды. Жарыстар қорытындысы төмендегідей:

жалпы білім беретін мектептер арасында: 1-орында - №13 орта мектеп (А.Фимушин), 2-орында – «Зерде» мектебі (А.Базен), 3-орында – кадет мектебі (А.Дүйсенов);

оқу орындары арасында: 1-орында – ЕИТИ (С.Шевченко), 2-орында – ЕИТИ (Н.Козырев), 3-орында - №4 КМ (И.Булдыжев);

мемлекеттік құрылымдар мен бюджеттік мекемелер арасында: 1-орында -  денсаулық сақтау бөлімі (Г.Мұхамбетжанова), 2-орында - «Екібастұз қаласы әкімінің жер қатынастары бөлімі» ММ (Н.Закирова), 3-орында – «Екібастұз қаласы әкімінің аппараты» ММ (Ерлан Қорабаев);

өнеркәсіп кәсіпорындары арасында: 1-орында – «Шығыс» кеніші (А.Басюк), 2-орында – «Промсервис Отан» ЖШС (И.Акерия), 3-орында – «Богатырь Көмір» ЖШС (С.Сычев);

теміржол көлігі кәсіпорындары арасында: 1-орында – Екібастұз локомотив сервис орталығы (М.Кәрімов), 2-орында – ПЧ-30 (Тайлақов), 3-орында – ВЧД (Әбдірәшев);

кәсіпорындардың шағын нысандары арасында: 1-орында – «Қазақтелеком» АҚ (М.Айтпақаев), 2-орында – «Қазақтелеком» АҚ (В.Попов), 3-орында – Екібастұзсу (Әубәкіров);

құқыққорғаушылар арасында: 1,2,3-орындарды ҚІІБ қызметкерлері Р.Айтегенов, А.Беканов, А.Құсайынов жеңіп алды.

Бұл күні қала БЖСМ-терінде ашық есік күні жарияланып, «Ангел» балалар орталығы мен «Олимп» клубына барушыларға 50 пайыздық жеңілдік жасалды. Аталмыш орталықтарда 160 адам жаттықты. 

Жассерік СӘДУАҚАС, Жанаргүл ҚАДЫРОВА 

 

Санат: Спорт | Қосқан: Отарка (17.09.2010)
Қаралды: 706 | Тегтер: денсаулық күні, СПОРТ | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017