Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Тұлға

Балаларынан топырақ бұйырды

Тағзым

Балаларынан топырақ бұйырды

Бейбіт күннің шырқы бұзылып соғыс басталғанда Хамит Смағұлұлы Бесқарағай ауданына қарасты Молотов атындағы колхоздың Балпық ауылында бастауыш мектептің мұғалімі еді. Жұбайы Қапиза екеуі Қайрат пен Хабиден атты ұлдарын айналып-толғанып, жұрт қатарлы еңбек етіп, тәтті армандардың жетегінде жүрген. Соның бәрі бір-ақ күнде ізім-ғайым болды. Ел шетіне жау тиген жылдың күзінде-ақ Хамит майданға аттанды, жұбайы Қапиза тылдағы ауыр жұмысқа араласты. Үйелменді-сүйелменді екі ұл сиыр сауып, қой баққан, егін бастырып, кіре тартқан анасын күніұзаққа көрмейтін. Сол бір жылдардан бір үзік оқиға ғана кішкентай Қайраттың есінде еміс-еміс қалыпты. Үй толы адамдар, анасы ебіл-себіл жылап отыр... Әйтеуір соғыс аяқталғанда әкесі майданнан қайтпады. Қайрат әкесі мұғалім болған бастауыш мектепті 1950 жылы бітірген соң оқуын мектеп-интернатта жалғастырды. Бауыры мен анасына көмектесу үшін жазғы демалыста да үйіне қайтпай, сол интернаттың жұмысын істеп, қаражат табушы еді. Осылайша ер жеткен талапты жігіт институт бітіріп, қызметке араласқан шақтан бастап аурушаң анасын қолына алды. Кейіннен анасы Қапизаның жанына енесі Қамар қосылып, жұбайы Қайния екеуі қос қарияны қартайып өмірден өткенше күтіп, арулап жөнелтті. Ал соғыстан оралмаған әкесі жөнінде биылғы жылдың көктеміне дейін бір дерек болмай, жүректі сыздататын еді. Әйтсе де «сабақты ине сәтімен» деген, ЕИТИ-де бірге істейтін әріптесі Төлеутай Ақышевтің көмегімен жауынгер әкенің қашан, қалай опат болғанын білудің сәті түскені. Интернет арқылы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің Мемориал базасынан іздестіргенде Хамит Смағұловтың Смоленск түбіндегі Лаптева деревнясы маңында 1943 жылдың 24 қыркүйегінде қаза тапқаны белгілі болды.

Осы дерек мәлім болысымен-ақ Қайрат аға мен інісі Хабиден әке зиратына тәу етіп қайту үшін жолға жиналды. Сөйтіп, 11 шілдеде Екібастұздан Астанаға автобуспен жетіп, Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырды. Ертеңгісін таңертең Домодедово әуежайынан олар Белорусь вокзалына таксимен келіп, Смоленск қаласына пойызбен жолға шықты. Кешкілік ежелгі орыс қаласына жеткен жолаушылар қонақүйге орналасып, келесі күні таңертең облыстық әскери комиссариатқа барды. Әскери комиссар В.И. Рыскалов сапар мақсатына қаныққан соң, түсінушілікпен қарап, жолаушылардың қасына В.П. Егоров деген қызметкерін қосып берді. Соның жеңіл көлігіне отырып Смоленскіден Талашкино селосына жеткен оларға жергілікті әкімшілікте әскери есеппен шұғылданатын келіншек осындағы бауырластар зиратын көрсетеді. Сөйтсе, Талашкино селолық округіне осы маңдағы жиырма шақты деревня қарайды екен. 1954 жылы сол төңіректегі жауынгерлер қабірлерін Талашкинодағы бауырластар зиратына көшіргенде, Лаптевадағы қабірлер де сонда көшіріліпті.

- Әкеміздің мәңгілік тыныс тапқан жерін көріп, топырағын сүйеміз деп келген біздің көңіліміз мұны естігенде жүдеңкіреп қалды. Жан тапсырғанда қаны тамған топырақты қайтсек те көріп қайтқымыз келді. Осындай ойға біріліп тұрғанда селолық әкімшілік басшысы Татьяна Михайловна Агофонованың келе қалғаны. Мән-жайды білісімен ол бізді Лпатева деревнясына ерітіп апарды. Расында да, мұнда жауынгер қабірлері қалмаған екен. Әйтсе де сол маңды көзімізбен көріп, көңілімізді тыныштандырып, Талашкинодағы бауырластар зиратына қайтып оралдық. Осында мұсылманша, орысша еске алу рәсімдерін жасап, елден анамыздың қабірінен арнайы алып келген бір уыс топырақты бауырластар бейітіне септік. Әскери комиссариат өкілі мен селолық әкімшілік басшысына қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасап, монумент басынан бір уыс топырақты орамалға түйіп алып, әкейдің екі фотосуретін жергілікті музейге қалдырдық. Татьяна Михайловна әкеміздің есімін бауырластар зиратындағы монумент тақтаға қашап жаздыруға уәде етті. Осылайша, әке рухына тағзым етіп, борышымызды өтеп, көңіл жайланған соң кері жиналдық,-дейді сапар жайын әңгімелеу үстінде майдангердің ұрпағы Қайрат Смағұлов ағамыз.

Жоғарыда майдангердің 1943 жылы 24 қыркүйекте қаза тапқанын айттық. Ал Смоленск қаласы дұшпаннан келесі күні азат етіліпті. Яғни, Хамит Смағұлов осы қала үшін болған қиян-кескі шайқастарға қатысып, оққа ұшқан. 2013 жылы Смоленскінің құрылғанына 1150 жыл, фашистерден азат етілгеніне 70 жыл толатын көрінеді. Тарихы бай қалада осы айтулы оқиғалар қарсаңында әзірлік жұмыстары жүріп жатыр екен. Қайрат пен Хабиден ағалар да осындағы әскери-тарихи музей жәдігерлерімен танысып, ежелгі крепосниктік қабырғаны тамашалап, Смоленскінің көрнекі жерлерін аралап, фотосуреттерге түсіпті. Бұл орайда кездейсоқ танысқан студент жігіттің көмегі тиіпті.

Жалпы, Қайрат Хамитұлы ағамыз осы сапар барысында кездесіп, танысқан адамдардың қай-қайсына болмасын шексіз разы. «Адамның күні адаммен» деп бекер айтылмаған, кісілігі мол жандардың шарапатын көріп, інісі екеуі аман-есен үйге оралды. Бұл сапардан көңілге түйгенін үрім-бұтағына айтып марқайса, олар өз кезегінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы Смағұловтар әулеті шежіресіне осылайша жаңа парақ қосты.

Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ
Санат: Тұлға | Қосқан: Отарка (06.08.2010)
Қаралды: 408 | Тегтер: Майдан, ЕИТИ | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017