Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Тұлға

Бітімі бөлек замандас

Мерейтой

Бітімі бөлек замандас

Биылғы көктем мазасыз болды. Өзендер арнасынан шығып, топан су елді мекендер мен жолдарды басып қалу қаупі туды. Осындай қауіпті «Сарыкөл» көмір кенішіндегілер де басынан кешірді. Өзек-өзекті қуалай лықсып жеткен су қатқыл табанды жолдың іргесін шайып, тіптен Павлодар – Баянауыл бағытындағы тас жолдың үстіне шығып кете жаздады. Міне, осындай сын сағатта «Сарыкөл» кенішінің директоры Қайрат Мусин бастаған жұмыскерлері үш күн дамыл көрмей техниканы жұмылдырып жолдың табанын бекітіп, қауіптің алдын алды. Қалыптасқан төтенше жағдайды көзімен көріп, бағамдауға шыққан Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев сарыкөлдіктердің өз бетімен танытқан қайрат-қимылына сүйсініп, кейіннен разылықпен кеніш басшысы Қайрат Мусинге Алғыс хат жолдады.

«Ер қайраты ел басына күн туғанда танылады» деп қазекем бекер айтпаған. Тәлімді сөздің бәрі халықтан шығады. «Халық айтса, қалп айтпайды», оның түп-тамырында даналық ой жатады. Қайратты ерді де тәрбиелейтін сол халықтың парасатты сөзі мен ұлағаты. Он екі жасында әкесінен айрылған Қайрат та ақылдың қайнар көзі ауыл қарттарының тәлімін көп көрді. Сонау жетпісінші жылдардың орта шенінде туып-өскен жері Ертіс кентінде көсем де шешен қариялар қаладай болатын. Бала күнінен есті сөз тыңдауға үйірсек Қайрат алқа-қотан отырып мәжіліс-дүкен құратын сол қарттарды төңіректеп жүруші еді. Қазақта «әкең өлсе де, әкеңді көзі көргендер өлмесін» деген терең сөз бар. Ертістің көкірегі ояу шалдары әкесі Қамариденнің жігіттің төресі болғанын жырдай етіп айтқанында, құлағын түріп, кеудесінде мақтаныш пен сағыныш сезімі атой салушы еді. Кент атқару кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген Қамариден Тілегенұлының жалпақ жұртқа жақсылығы өткенін де үлкендердің аузынан естіп өскен. Әкесінің фотосуреті күні бүгінге дейін Ертіс кентіндегі музейде тұр.

 Жүрегінде оты бар жетім бала ерте есейеді. Ерте есейтетін-өмір, жалғызбасты шешеге сүйеу, соңыңнан ерген бауырға қорған болуға деген ұмтылыс. Ер жете бастаған Қайратты да алға жетелеген осы сезімдер шығар, сірә. Үйдің тұңғышы ол анасының сырласы да, ақылшысы да болып, төрт қарындасының алаңсыз бой жетуіне жәрдемдесті.

- Анам Күлғайша түйінді шаруа болса, менімен ақылдасушы еді. Жарытып ақыл айтатын жаста емеспін. Түпкі шешімді, әрине, қажырлы, парасатты анам өзі қабылдайды. Осы күні ойлап отырсам, сонда шешем мұны мені ширату үшін жасайды екен,- дейді Қайрат Қамариденұлы әңгімесін әріден толғап.

Өмірдің бұралаң-бұлтағына түспей, өз жолын тауып, туған-туысы арқа тірейтін азамат болып ер жетуі де – ардақты анасының аялы алақаны, жанашыр ақылының арқасында. «Түнде жүрген боқ басады» деп, анасы Күлғайша албырт жасты алаңғасар қылықтан тежеп, жөнге салып отыратын. Содан да болар, мектепте оқып жүргенінде-ақ еңбекке араласып, отбасы тұрмысына септігін тигізді. Оқуға зерек Қайрат он жылдық орыс мектебін жақсы бітіріп, нағашысы Баян Смакеновтың сілтеуімен Ленинград қаласындағы КСРО ІІМ-нің Әскери-саяси академиясына оқуға түсті. Бәрі ойдағыдай болатын. Бірақ, әр нәрсені әріден ойлайтын анасы «Балам, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Елге қайт. Түбі жат жерде қалып, өзегіңе жат болып кетерсің» деп мұны кері қайтарып алды да, нағашысы Совет Абуғожиновтың қолына Екібастұз қаласына жіберді. Қайрат Қамариденұлының өміріндегі күрт бетбұрыс осылайша басталды. Ол уақытта Совет нағашысының әкесі Жанкелді қария дін аман. Ақылды сөзімен, байыпты ісімен жас жігіттің жігерін жанып, ыстық ықыласымен қанаттандырды. «Центральный» кенішіне машинист көмекшісі болып жұмысқа кірген ол кешкілік Павлодар индустиалдық институтының Екібастұздағы бөлімшесінің жалпы техникалық факультетінде оқыды. 1979-81 жылдары Отан алдындағы борышын Ақтөбе облысындағы ракеталық әскер полигонында өтеп, құпия бөлімшеде қызмет етіп, осында Коммунистік партияға мүшелікке кандидат болып қабылданды. Екі жылдан кейін абыроймен елге оралған ол қайтадан еңбекке араласқанында өмірлік жарын кезіктірді.

Қазіргі Әуезов пен Строительная көшелері қиылысында орналасқан «Шолпан» асханасы алдындағы аялдамада күнде таңертең жұмыскерлер автобус күтуші еді. Солардың арасындағы көзі мойылдай келбетті бойжеткенге Қайраттың көзі түскелі де едәуір болған. «Адам сөйлескенше» деген емес пе, сәті келгенде танысып, сырласып, отау көтеруге уәде байласты.

Сөйтіп, Мәнел екеуі жас отаудың уығын шанышты.

Атқан оқтай, шапқан аттай жалынан ұстатпайтын жүйткіген уақытқа дауа бар ма. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр зуылдап өтіп жатыр. «Адам өмірге –қонақ», сол өмірің мәнді де сәнді болғанына не жетсін. Жақсы жар құшу, көргенді бала сүю, еңбегіңмен елге елену де – бақыт. Бұл орайда Қайрат Қамариденұлы жұлдызы оңынан туған жігіт. Қазақ баласы үш жұртын саялап, үш жұртының жылуын сезініп өседі. Қайрат өз жұртының да, нағашы жұртының да каусарынан қанып ішкен жігіт болса, қайын жұртында да азамат болып қалыптасуына тәлімін сіңірген адамдар болды. Бірегей де болмысы биік қарт Әси Жабағин еді. Қария Мәнелдің анасының ағасы болатын. Жөн білетін, сөз білетін қариядан Қайраттың көңіліне түйгені көп. Енді, міне, жасы елуге толғалы отырғанда өзі де өмірден көргені мен түйгенін үш ұлының, екі немересінің бойына дарытуды мұрат етуде. Баяғының бір биі «Байлық қолға ұстаған мұз емес пе, бала соңында қалған із емес пе» деп толғаған екен. Үйдің тұңғыштары – егіз ұл Асығат пен Ахат ер жетті, екеуі де – заңгер. Асығат Қаржы полициясы академиясының магистратурасын бітіріп, қазір сол оқу ордасында дәріс оқиды әрі докторантурасында ғылыми атағын қорғауға әзірленіп жүр. Ахат Павлодар облыстық прокуратурасында қызмет істейді. Кенжесі Жанат университетті биыл аяқтады, мамандығы – қаржыгер. Қайрат Қамариденұлы бұл күнде немерелерін тәрбиелеп отырған ақылшы ата. Ахаттан сүйген Камаль мен Хасанның қылықтары балдай тәтті. Кішкентайынан ес біле берсін деген ниетпен, баяғы өзі көзін көрген қарттарға ұқсап немерелеріне жеті атасын санамалап үйретті. «Жеті атасын білмеген- жетесіз» деген, жетелі болып өссін тегі. Ал балаларына дұрыс тәрбие бере алғанына шүкір дейді. Балаға әке тәрбиесі қаншалықты қажет болса, шеше тәрбиесінің орны тіптен бөлек. «Алла Тағала маған жақсылығын балаларым арқылы берді» деп оңашада ой кешеді ол. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Аллаһты жаннан тәтті» деген ғой хакім Абай иман мен жаратушы жайын толғағанда. Иә, Жаратушыны сүйген адам ғана мейірім мен шапағатқа бөленеді, таза жүріп, таза тұрады. Үш баласының намаз оқып, Рамазан айында ораза ұстап жүргеніне әкесі іштей сүйсініп қояды.

Қайрат Қамариденұлының өткен өмір белестеріне көз жүгіртсек, талапты жігіт ел ісіне де ерте араласқан екен. Сонау 1985 жылы жиырма бес жасында Екібастұз отын-энергетика кешені екпінді құрылысына шефтік көмек көрсеткен БЛКЖО Орталық Комитеті республикалық штабының бастығы болып, қаладағы әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық нысандардың бой түзеуіне атсалысыпты. Ол бүгін көркіне көз тоятын Екібастұздың келбетіне қарап, қаланың жұртқа жайлы қоныс болуына аз-маз болсын еңбегі сіңгеніне марқаяды. Сол жылдар келешегіне бағыт-бағдар берген, ой-өрісін ұзартқан жолдастар табуымен де, бітімі кесек азаматтармен аралас-құралас болуымен де көңілге ыстық. Екібастұз қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде қызмет істеген жылдары бірінші хатшы Мақсұт Дүйсенбаевтан, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Даниал Ахметовтан, сондай-ақ іскер басшылар Ерлан Смайылов пен Марат Хамметов және тағы басқа азаматтардан көппен жұмыс істеудің, кең ойлап, мол пішудің қыр-сырына қанықты. Жалпы, кеңестік дәуірде түбі ел билейтін, билік тізгінін ұстайтын адамдарды тәрбиелеуге жете көңіл бөлінуші еді. Мұндай кадр саясатының бұқара елге тигізетін пайдасы мол болатын. Үзіліп қала жаздаған сол үрдістің тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі нығайғалы жалғасын табуы өткеннің жаманын ысырып, жақсысын кәдеге жарату емес пе.

Ер жігіттің бала-шағасы алдындағы тағы бір міндеті – дәулет құрау. Байлық- мұрат емес, кедейлік-ұят. Бұл бүгінгі күн тудырған пәлсәпа емес, аталардан қалған мұрат, аманат. Қайрат Қамариденұлының қызмет сатысымен жоғарылап, мансап қуатын мүмкіндіктері болды. Тіпті, қолұшын беруге әзір жолдастары да бар еді. Алайда тоқсаныншы жылдардағы дүрмек кезінде ол қызметтен кетіп, өндіріске араласты, кейінірек «Қамқор» техникалық қызмет көрсету стансасының директоры болды.

Әйтсе де, Қайрат Қамариденұлына бала күнгі бір арман маза бермейтін. Жастайынан әділдік пен әділетсіздікті таразылап өскен ол сол уақытта «судья болып, әділ төрелік жасасам, қиянатқа жол бермесем» деп ойлайтын. Қамал бұзар қырық жасында бұл мақсатына да жетті. Кемелденіп, ақ пен қараның аражігін ажырата білетін жасында екі жыл Екібастұз қалалық сотының судьясы болды. Кәсібін меңгерген, қараған ісінен қылау таппайтын Қайрат Мусин мақтаулы судьялар санатында жүрді. Алайда, көңілі жай таба алмады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін аталар сөзі ұмытылған, бөгесін көп, үкім айту қиын. Обал мен сауаптан аттап өте алмаған ол өз еркімен судьялық қызметтен кетіп, ағайынды кәсіпкерлер Тасболат пен Бекболат Абуғожиновтардың шақыруымен сол кезде көмір өндіруді енді-енді қолға алған «Сарыкөл» кенішіне директор болып тағайындалды. Содан бері де жеті жыл өтіпті. Қайрат Қамариденұлы мұндағы өндірісті көтеруге бір адамдай еңбек сіңірді. Кеңестік саясат үстемдік құрып тұрған кезеңде «өндіріс қазақтың қолы емес» деген намысқа тиетін сөз естіліп жүретін. Әсілі олай емес, бір халық бір халықтан кем тумайды, тек қолдан жасалған кемсіту ғана болады. Қазақ азаттық алғалы дүр сілкініп, қай салада болмасын қапысыз қайрат таныта алатынын төрткүл дүниеге дәлелдеп берді. «Жігітке намыс та керек, жомарттық та керек» деген қағиданы ұстанған кәсіпкер жігіттер де ешкімнен кем соқпау үшін үнемі ізденісте болып, өндірістің дамуына, жұмыскердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаумен келеді. «Сарыкөл» мен «Талдыкөл» кеніштері көмірінің игерілуі осы төңіректегі қазақтар үшін пайдалы болды. Баянауылдың Майқайың, Бірлік, Шөптікөл сияқты елді мекендерінде қоныстанған, кәсіпсіз қалған ағайынның бірсыпырасы қазір техника тілін меңгеріп, кеніштен табас тауып отырғаны өз алдына, қолы ашық Абуғожиновтар осы аумақтағы әлеуметтік нысандарға қолұшін беріп, Баянауыл мен Бірліктегі мешіт үйлерін отынмен қамтамасыз етіп, қарттар мен мүгедек жандарға жыл сайын қарасып келеді. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген Қайрат Қамариденұлының ұлтжандылығына, кісілігі мен кішілігіне білген сайын разы боласың. Даланың дана қарттарынан алған тәрбиесі, зейініне тоқып, бойына жұқтырған қасиеттері Қайрат Мусиннің іс-әрекетінен әрдайым көрініс беріп жатады. «Қазақтың тілі мұхиттан терең» деп есептейтін, мәйекті сөзге өзі де жүйрік ол рухани жан дүниесін тазартатын әбеби шығармаларды жиі оқып, оңашада домбырасын шертіп, реті келген тұста өнер адамдарымен бірге жүргенді де ұнатады. Айтпақшы, «жоқ деме, арты жоққа айналады» дейтін Қайрат ешқашан тарылып көрген емес. Бай болмаса да, мырза, мәрт. Азаматтың мұндай мақтауға лайық екенін толайым істерінен сан рет көрдік. «Отарқа» газетіне жанашыр болып жүргенін, биылғы тойын өткізуге демеушілік жасағанын, сарыкөлдіктерді тегіс басылым оқырманына айналдырғанын да айта кетудің реті келіп тұр.

Мінезді ақын Фаризаның:

- Бұл заманда ер жайлы түсінік кем,

 Ерлік пе екен білекке күш іріккен.

 Азаматтың деңгейі өлшенеді,

 Кесек туар мінезбен, кісілікпен» деген өлең жолдары бар. Дәл осы шумақ маған Қайрат замандасымызға арналғандай көрінеді де тұрады.

Ж. СӘДУАҚАС

Санат: Тұлға | Қосқан: Отарка (06.08.2010)
Қаралды: 987 | Пікір: 3 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Juli   (07.12.2013 00:49)
You put the lime in the concout and drink the article up.

Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017