Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Тұлға

Тіліміздің мәртебесі биіктей бермек

Сәті түскен сұхбат

Тіліміздің мәртебесі биіктей бермек

22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні. Осы датаға орай Екібастұз қаласы әкімінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ерлан Қабдыловпен сұхбаттасып, аталмыш бөлім атқарып жатқан жұмыстарға бір шолу жасаған едік. Қазақ тілінің қаламыздағы күнкөрісінен хабар беретін сұхбатымыз – назарларыңызда.

-Ерлан Мақсұтұлы, сіздің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарғаныңызға бір жыл ғана болыпты. Осы уақыт ішінде тындырылған шаруаның өз көңіліңізден шыққан бір-екеуін атап өтсеңіз...

- Тілдерді дамыту бөлімінде қазіргі күні 2 маман қызмет істейді. Осы мамандар кәсіпорындар мен мекемелерге шығып, тілдің қолданылу аясын тексеріп тұрады. Таяуда емханаларды тексеріп, іс-қағаздарынан көптеген ағаттықтар тапқан едік. Жасалған ескертулерден соң әлгіндей олқылықтардың түзелгенін көріп қуандық. Қарамағымыздағы мәдени мекемелерді де үнемі қадағалаймыз. Құжаттар, жарнама-хабарландырулар жағын алғанда, «Өнер» ҚМО-да біраз кемшіліктер кездескен болатын. Олар да жөнделді. Қаладағы біз тексерген жеке меншік нысандары мен мемлекеттік мекемелердің 70 пайызы ескертуімізге құлақ асты. Жалпы, әзірге «қаражат жоқ» деп немесе басқадай сылтаумен өз кемшіліктерін түзетуден бас тартқандар болған жоқ. Осыған қарап, көңілімізге тіліміздің мәртебесі әлі жоғарылайды деген сенім ұялайды.

-Тілді оқыту шаралары қаншалықты нәтижелі болып жатыр? Сабаққа қатысушылардың үйренгендерін іс жүзінде қолдана алып жүргендері бар ма?

- Адамды зорлап оқыту әсте мүмкін емес. Мемлекеттік қызметкерлерді оқыту үшін арнайы уақыт белгіленіп, жұмысқа жоғары білімді мұғалімдер қабылданды, қаражат бөлінді. Мен мемлекеттік тілді оқытатын мамандарға әрдайым: «Сабаққа келмеген адамның соңынан жүгіріп әуре болмай, оның орнына басқа бір қарапайым тұрғынды оқытайық»,- деп айтып отырамын.  Қазір «Атамұрада» сенбі, жексенбі күндері де қала тұрғындарына арналған сабақтар жүргізіледі. «Атамұрадағы» орталыққа биыл 200-ге жуық қоңырау шалынып, азаматтар тіл үйренуге өтініштер білдіріп, анықтамалар алды. Достық үйінде де оқыту орталығы бар. Оқимын деген адамға жағдайдың бәрі жасалуда. Сөздіктер мен электрондық оқулықтар көбейді. Қаламызда, сондай-ақ, 6-7 ақылы орын қызмет көрсетеді, қызметтерінің бағасы да онша қымбат емес.

- Мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдерінен тілді жүйелі түрде үйреніп жүргендерді атай аласыз ба?

-Қала әкімінің орынбасары Н.В. Дычконы атауға болады. Николай Васильевич Арыстанбек Сәрсенбаевтан дәріс алады. Сонымен қатар,  электрондық оқулықтар мен сөздіктерді пайдаланатынын білемін.

-Өзіңіз қазақ тілінде шығатын қай басылымдарды оқисыз? Соңғы уақытта қандай кітап оқыдыңыз? Теледидардан қазақша берілетін қай хабарларды ұнатып көресіз?

- Мен «Егемен Қазақстан», «Сарыарқа самалы», «Отарқа» газеттерін үзбей оқимын. Соңғы уақытта оқыған мақалаларымның ішінен Сарықамыс ауылдық округінің әкімі Докторхан Амантайұлының «Отарқа» газетіне берген сұхбаты ұнады. Докторхан ағамыздың сөзінен патриоттық рух сезілді. Қолым қалт ете қалса, Екібастұздың баспаханасынан Мәшһүр Жүсіп атамыз туралы шыққан кітапты оқып жүрмін. Ал теледидардан негізінен жаңалықтарды тамашалаймын. Теледидар демекші, қазір кабельдік телеарналар да мемлекеттік тілдегі хабарлардың таралуына тосқауыл болып тұрған сыңайы бар. Жақында бір әжей келіп: «Балам, біздің үйде «Хабар», «Қазақстан» телеарналары неге көрсетпейді?- деп, ренжіді. Сөйтсек, әжейдің балалары кабельдік арналарды көріп, отандық бағдарламаларды ұмыт қалдырыпты. Бұл да біздің бір ұтылып тұрған тұсымыз болса керек.

- «Тілдерді қолдау мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы жайлы пікіріңіз?

- Мемлекеттік тілді меңгергендерді 2020 жылы 95 пайызға көбейтуді көздеген бағдарлама діттеген мақсатына жетуі үшін бәріміз жұмыла еңбектенуіміз керек. Бағдарламада үштұғырлы тілге жол ашу да ойластырылған. Менің ойымша, жастарымыз үш тілді меңгерсе, жан-жақты білімді болады. 29 қыркүйек күні сағ.15.00-де «Қайнар» БЖШО-да облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Ш. Әбілқасымовтың қатысуымен жиын өтеді. Тіл мамандары мен зиялы қауым, этномәдени орталықтардың өкілдері қатысатын сол жиында бағдарлама жобасын талқылап, халыққа жеткізбекпіз.

-Ерлан Мақсұтұлы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сияқты сайыстарды тілімізді дамытудың құралы және тілді меңгеру көрсеткіші деуге болады. Бірақ мұндай байқауларда кілең қазақты қазақпен жарыстырғаннан ұтарымыз бар ма?

-Әр сайыстың өз жобасы болады. Әйтсе де біз қазіргі кезде мұндай шараларды өзге ұлт өкілдерінің арасында ғана ұйымдастырғанды жөн көреміз. Жақында ғана «Тіл дарын» атты сайыс өтті, оған қатысушылар өздерінің бақтарын үш тілде сынады.

- Айтып отырған сайысыңызда да өзіміздің қаракөздеріміз орыс, ағылшын тілдерін қаншалықты білетіндіктерін көрсетіп, тырмысқанымен, қазақ тілін ту етіп ортаға шыққан өзге ұлт өкілін көрмедік. Ал енді, қазақша КВН-дердің қаншалықты дамып жатқандығына ойыссақ...

- Қазір арамызда өнерлі жастар көп. КВН, дебат туралы ойларын айтып, ақылдасып та жатады. Қолымыздан келген көмегімізді олардан аяп жатқан жоқпыз. Қаламызда ұйымдастырылатын қазақша КВН және дебат ойындары жақсы дамып келеді. Жаңалықтары көп. Болашақтарынан зор үміт күттіреді. –«Отарқа» газетінде көше атауларын қазақшалау мәселесі жиі көтеріледі. Алдағы уақытта осы бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

-Қазір ономастикалық комиссияға өзгерістер енгізіліп жатыр, алдағы уақытта комиссия жұмысын жандандырамыз. Атаулары ескірген әрі мән-мағынасы көпшілікке түсініксіз атаулардың орнын құлаққа жағымды атаулармен алмастыруы керек-ақ. Бұл мәселе келесі айдың орта кезінде қаралады.

- Редакциямызға Солнечный кентінің атауын өзгерту туралы да ұсыныстар аз түскен жоқ...

-Бізге де Абайдың есімімен немесе Күншуақ деп атайық деген ұсыныстар келіп түсті. Алайда Қазақстанда Абайдың атымен аталатын бірнеше елді мекен бар болғандықтан, бұлай атаудың реті келмес. Ал басқадай ұсыныстарға келсек, кент тұрғындары өз әкімдерінің қатысуымен басқосу өткізіп, сонда нақты бір шешімге келулері керек. Сөйтіп, ортақ ұсыныстарын ономастикалық комиссияға ұсынулары қажет.

- Тіліміздің ендігі болашағы жастардың қолында. Ендеше, тіл саясатында жастар белсенділік танытуға тиісті. Өкінішке қарай, жастарды ұйыстыратын бірден-бір ұйым – «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастыратын шаралардан мемлекеттік тілге жанашырлық, тіпті тілді көгертейік деген ыңғай байқалмайды. Неге бұлай?

-Алдағы бір-екі ай көлемінде тіл жанашырларын жиып, ұйым құрмақпыз. Себебі тіл бөлімінің мамандары барлық жұмысқа бірдей үлгере алмайды. Мемлекеттік тілдің жоғын жоқтайтын ұйым құрылғанда, халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен кәсіпорындардың барлығында қызмет етушілердің тілге деген көзқарасы, қарым-қатынасы, оны қолдану деңгейі қадағаланып отыратын болады. Сонда аталған кемшіліктердің бәрі ойдағыдай шешілетініне сенімдімін.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

 

Санат: Тұлға | Қосқан: Отарка (23.09.2010)
Қаралды: 796 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017