Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Тарих

Манаптың мәңгілік мекені табылды

66 жылдан соң шіліңгір шілденің 24-і күні Мұқажановтар мен Қаржасбаевтар әулетінің өшкені жанып, өлгені тірілді. Қан майданда топырақ жат жерден бұйырған  нағашылары Манап Пішенбаевтың мәңгілік мекені анықталды.

Алматыдағы бір жоғарғы оқу орны студенттерінің іздестіру тобы Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында шейіт болып, хабарсыз кеткен 11 боздақтың жатқан жерін анықтайды. Ол жайында «Хабар» телеарнасының «Бармысың, бауырым» хабарында айтылады. Бала күнінде Манаппен бір үйде өскен жерлесі, көнекөз қария Жұмабек (Жөке) Қайымов қуанышты хабарды көріп, туыстарына жеткізеді.   

Манап ұрысқа Павлодар облысының бүгінгі Ақтоғай ауданы «Жаңа талап» ауылынан 1942 жылы қылшылдаған 18 жасында аттанады. 1944 жылдың 1 ақпаны күні «хабарсыз кетті» делінген «қара қағаз» келеді.

Ботасын іздеген аруанадай боздаған Шәмкен ана өлді дегенге қимай, келіп қалар деген үмітпен, елеңдеумен өмірден өтті. Жалғыз ұлының сүйегінің қай жерде қалғанын біле алмады. Топырақ та сала алмады. 

Жеті жылдық мектепті үздік бітіріп, Қара теңіз жағалауындағы сонау «Артек» лагеріне де барып қайтқан бала Манап келешегінен көп үміт күттіріп еді...    

Күні бүгінге дейін Шәмкен ананың Манапқа шығарған жоқтауы оның санасы сергек туысы Рахия Әбенованың жадында. Сұңғақ бойлы, келбеті келіскен, әрі ісмер Шәмкен ана былай деп өлең шығарып, көз жасына ерік берген екен:

Мінгенде атым Құлагер,

Айналып құлыным, келе көр.

Бұл сапардан келмесең,

Ішіме толар қайғы, шер.

Кеткенде үйден тірі едің,

Тапсырып ем піріме.

Жалынып құдайдан тілесем де,

Тілегімді тәңірім бермедің.

Түнде де жаққан шамым-ай,

Ағарып атқан таңым-ай.

Жалғаннан қызық көре алмай,

Арманда кеткен ботам-ай.

Манап Ресей елінің Псков облысы Новосокольники ауданы Маньково деген жерінде қаза тауып, сонда 1944 жылдың 1 ақпаны күні жамбасы жерге тигені анықталды. 

-Бұл бір жағынан қуанышты күн. Өйткені Шәмкен әжеміз, Мәлике анамыз, Күлбан нағашы апамыздың армандары орындалған күн. «Шіркін-ай, жалғыздың сүйегі қайда жатыр екен?» деп олар көз жасына ерік берер еді. Енді міне, жиеніміз Азат Ерменбетов нағашымыздың мәңгілік дамыл тапқан жеріне барып, дұға қылып, басына тәу етіп, бір уыс топырағын әкелді,-дейді ардагер ұстаз Мұқажанова Гүлнәр Сейфоллақызы.

24 шілде күні Мұқажановтар мен Қаржасовтар әулеті марқұм әжелері жатқан Шұға ауылына барып, ас берді.

Иә, арада қаншама жылдар өтсе де, Манап Пішенбаевтың тым құрығанда жатқан жерінің анықталғаны көңілге медеу, жүрекке жұбаныш қой.

Рауза МҰСАБАЙ

Санат: Тарих | Қосқан: Отарка (12.08.2010)
Қаралды: 472 | Тегтер: Ұлы Отан соғысы, Бармысың баурым | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017