Қош келдіңіз Гость | RSS



Тарих [3]Мәдениет [6]Руханият [18]
Әлеумет [21]Спорт [7]Тұлға [4]
Ауыл тынысы [5]Оқиға [6]Қоғам [16]
Елтану [2]Экология және табиғат [1]Білім мен ғылым [12]
Поэзия әлемінде [3]

Санақ

Басты » Мақала » Тарих

Ұсақ-түйек емес КӨШЕ АТАУЫНА КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ ...

Бір қарағанда саусақпен санарлық болып көрінгенімен, Екібастұз қаласындағы көше саны 233-ке (!) жетіп жығылады. Әлі де жаңа көшелер пайда болады. Былтырғы жылы жергілікті сәулет бөлімі қаланың бас жоспарын белгіледі. Болашақта Екібастұз батысқа қарай өрлеп, қанат жаяды. Қазірдің өзінде кенді қаланың сырт жағында жекеменшік үйлер қарқынды салынуда. Әрине қуанышты жәйт. Әйтсе де,  ондағы көше атауларына қарап, көңіл құлазиды. Әдетте көше, елді мекен атаулары сол өңірдің өткенімен бірге астасып жатуы тиіс қой. Бірақ бізде әсте олай емес. Әлі де кеңестік жүйенің суық ызғары сезіліп тұр.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынған мәліметтерге жүгінейік.

Екібастұзда 1, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12-Линейный, 1-Открытый және Открытый проезд, Закрытый, Охотничий, 1, 2, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 15 «А», 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30, 31, 32- Южный проездері бар.

Қазбалай түссең, таңырқай түсесің. Бізде 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 10, 11, 12, 13, 14- Северный проезд, 11-Поле көшесі, 112-Разъезд, 116- Разъезд, 16, 168, 207, 208- Квартал, Воскресенский проезд, Вагонник, Диспетчерская, Механический, Рабочая, Рассветная, Советов көшелері де тіркелген. Керек десеңіз,  Станционная, Октябрский, Восточный көшелері және дәл осылай аталынатын проездер де кезігеді. 

Одан әрі Старожилов, Степная, Рассветная, Рабочая, Путейский, Промышленный, Пионерская, Трудовая, Узловая, Узкий, Угольный, Угольщик, Угловой, Охотничий, Тихий, Тепличный, Инженерный проездері және Тепличный, Тупиковый, Западный көшесі болып кете береді.

Нефтянников атауының Екібастұзға қандай қатысы бар? Молодогвардейцов, Декабристов, Комиссарлар атаулары да көңілге қонбайды.  

Клубничная, Кленовая, Зеленая деген де көше атаулары бар.

Жаңадан бой көтеріп жатқан 23- шағынаудандағы көше атаулары 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8,  және 9-Юго-Западный проезд деп аталады. Бұл турасында қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарластық. Ондағылар бұл атаулар осыдан 19 жыл бұрын шешілген деген уәжді алға тартады. Яғни, Екібастұз қалалық халық депутаттары Кеңесінің атқару комитеті 1991 жылдың 2 шілдесі күні «23-шағын аудандағы проездерге атау беру туралы» № 481/17 шешім шығарған. Ол енді күйреудің аз-ақ алдында тұрған Кеңес дәуірінің соңғы айлары болатын. Сол кезде шығарылған шешімнің «жемісі» енді қылаң берді.   

Содан бері ешкімге жалтақтамай күн кешіп жатқанымызға да табаны күректей 20 жылға таяпты. Енді көшеге атау берерде ұлттық тұрғыдан келуді естен шығармаған жөн сияқты. Әрине қазақы атау жоқ деп те ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Биыл көктемге салым елжанды азаматтардың бастамасымен Ленин көшесінің атауы Мәшһүр Жүсіпке ауыстырылды.

Бізде Абай, Бұхар Жырау, Бөгенбай батыр, Жамбыл, С. Сейфуллин, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Зейін Шашкин, Амангелді, С. Дөнентаев, С. Торайғыров, М. Әуезов, Ә. Шәріпов, М. Шорманов, Д. Қонаев сияқты ұлттық тұлғалардың атымен аталатын бірлі-жарым көшелер бар. Бірақ бұл атаулар орыс тіліндегі көп атаудың тасасында қалған. Сонымен қатар қалада бірін-бірі қайталайтын көше атаулары да бар көрінеді. Аманкелді көшесі екеу. Яғни, бұрынғы 5-Южный проезд Аманкелдіге ауыстырылған. Одан басқа да Аманкелді көшесі жүр. Жамбыл көшесі және осы атауға ие бульвар бар. Айтпақшы, Достық деген бір көше, Дружба деген және бір көше кездеседі. Бірі қырық, енді бірі сорок деп тұрған сияқты. Ақылға қонымсыз.

Екібастұз кеншілер қаласы болғандықтан Горняков көшесі болуы дұрыс та шығар. Ал  тың игеруге келгендердің қай қоныстан болуына қарай көше атауын бере беру жөн болған деп кім айтар. Киевская, Новосибирская, Омская т. т.  

Әлем әдебиетінің дамуына үлес қосқан А. С. Пушкин, Анна Ахматова, Александр Блок, Гоголь, М. Горький, А. Чехов және Байқоңырдан ұшқан Ю. Гагарин атындағы көшелердің болуы орынды.

Ал көптеген көше атаулары еш қисынға келмейді. Мән-мағына жоқ. Кеңестік дәуірде өктемдігін жүргізгендер өз идеологиясын санамызға күштеп тықпалай берген. Интернационалистер көшесі, Интернационал көшесі және Интернациональный проезд деп аталынатын үш атау, міне соның айғағы.  

Қалада орысша атау сіресіп тұр екен, даладағы жағдай басқаша болар, бәлкім. Жоқ мұнда да сол кеңестік идеологияның ізі сайрап жатыр. Солнечныйдағы айналдырған 23 көшенің бесеуі ғана Абай, М. Әуезов сияқты ұлы тұлғалардың есімімен аталады. Қалғаны- бес бірдей Автомоболист, 1, 2 және 3- Проезд, Зеленый проезд, Интернационалистер, Конституция, Сельхозугодья көшелерінен тұрады.

Шідерті кентінде 35 көшенің бесеуі ғана Абай, Ш. Уәлиханов, Әуезов, Марғұлан, Естай деп аталады. Шідерті Солнечныйдан асып тұрған жоқ. Мұндағы көшелердің дені Водопроводная, Береговая, Гаражная, Южная болып жалғаса береді.

Ақкөлдегі 13 көше атауы нобайлылау болғанымен, Ленин көшесі әлі мызғымай тұр.

Марғұлан ауылында 40 лет Октября, 50 лет Октября, Бебель, Ленин, Нефтянников, Новоселов, Речная көшелеріне қоса, алдыңыздан Жаңа баз деген де көше шыға келеді.

Шиқылдақ көшелері Зимняя точка (!), Киров, Механизатор, Нижняя база, Урожайная  деп аталады.

Движимое имущество, Сары Арба, Сельхозугодья көшелерін іздесеңіз Құдайкөлден табасыз. Осы орайда былтыр Тай ауылының 8 көшесіне сол жерге еңбегі сіңген жерлестерінің есімдері берілгенін қалай еске алмасқа.   

Ендеше, ынта болса көше атауларын заманымызға лайықтап өзгертуге болады екен.

Бірде Астанаға жол түскенде бір аялдаманы Қараөткел деп хабарлап жатты. Іштей күбірлей бердім. Қараөткел... Бала күнімізде әдеби шығармалардан оқып өскен, сал-серілердің аттарының тұяғының ізі қалған тарихта аты мәлім Қараөткел ғой. Атауын қалай тауып қойған! Сол Астанадағы Есіл өзенін өзіміз де өзге ұлттардың айтуын қайталап, Ишим деп келдік қой. Тіпті Есіл екенін білсек те, елемедік. Өзгеге бас шұлғыдық. Ендігіміз болмас.

Өз жерімізде, елімізде отырып, көше атауларын неге даңқты қолбасшылардың, батырлардың, ақын-жазушылардың, ғылым, әдебиет пен мәдениетті дамытуға үлес қосқан тұлғалардың есімдеріне өзгертпеске? Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Қажымұқан, Құрманғазы десек, біреу тонымызды шешіп ала ма?! Ұлттық рухымызды көтерген ақын-жыраулар, ел қорғаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлар, бірлігімізді сақтаған кемеңгер қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке, Төле билер есімдері де елеусіз, ескерусіз қалмауы тиіс.

Тағы бір айтарымыз, Екібастұздағы шағын аудандар да 5, 6, 8, 9, 19, 20, 31-ші делінбей, нақты атауды иемдесе кәне. Мысалы, ару Алматыда шағын аудандар Алатау, Көктем, Таугүл, Тастақ, Әуезов, Ақсай, Самал, Айнабұлақ атауларына ие емес пе? Қандай жарасымды! Келісті! Айтпақшы, көшелерге Бейбітшілік, Ынтымақ сияқты ортақ мүддені, елдің қалауын білдіретін атаулар берсе одан Елбасы жүргізіп отырған саясат та көрініс таппас па еді. Ендеше, ойланатын жәйт жетерлік.

Бұл ретте жергілікті халық та марғаулық танытпай, санасын сергек ұстаса игі.

Кез келген мемлекет өз тілін, өз құндылықтарын мақтаныш етеді, дәріптейді. Біз де осы жағына көбірек мән бергенде ғана  ұлт болып ұйысып, өзгеге жөн сілтей аламыз.   

Осы ретте ономастикалық комиссия назарына тұрғындар тарапынан ұсыныстар жолданып жатса игі. Ал құзырлы орган өз кезегінде талап-тілектерді жерде қалдырмасына сенім мол.

Тағы бір есте ұстайтын мәселе-көшелердің атауын бір-бірлеп емес, әбден пісіріп алып, біржолата өзгерту керек. Бұл орайда Елордадағы Абылайхан, Кенесары, Тәшенов, Қ. Рысқұлбеков деген көше атаулары қазақтың айбынын асқақтатып тұр емес пе?

Ескірген мән-мағынасыз атауларды ауыстырсақ, біз де шаңнан бір сілкініп, тазазар едік.

Рауза МҰСАБАЙ

          

Санат: Тарих | Қосқан: Отарка (09.09.2010)
Қаралды: 991 | Пікір: 3 | Тегтер: ономастика, көше атаулары, әкімшілік, Ұлттық рух, қазақилық | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Daniel   (07.12.2013 23:39)
It's imravetipe that more people make this exact point.

Аты *:
Email:
Код *:

Павлодар облысы
әкімдігінің сайты

Екібастұз қалалық әкімдігінің сайты
  • Сарыарқа самалы



  • Екібастұз қ.

      © 2017